Бүгінгі ұрпаққа Келденбайдай әншінің еңбегі – тек үлгі емес, аманат.
Шәкәрім Құдайбердіұлының әнін халыққа қайтарған әнші
Фото Еркін Шүкіманның жеке архивінен алынды. Ұсынған автор: Рүстем Нүркенов
2,444
оқылды

Ән немесе күй өздігінен сақталып, келер ұрпаққа өздігінен жетпейді. Оны қастерлеп, баптап, насихаттап жүретін тұлғалар болады. Кейбірінің өнері нотаға түсіп, құжат түрінде хатталып қалады. Енді бір композитордың шығармалары шәкірттері мен немере шәкірттері арқасында біздің заманымызға жетеді. Тағы бір өнерпаздардың есімі мен шығармашылығы жайлы әңгіме-дерек сақталғанымен, музыка түріндегі мұрасы жоғалып, ұмытылып кетеді. Ұмытылуға шақ қалады. Осындай кезде «о дүниеден суырып алып шығатын» жоқтаушысы керек. Міне, сондай өнерпаздардың бірі – Келденбай Өлмесеков.

Келденбай Өлмесеков (1953-2011) бүгінде Шәкәрім әндерінің насихаттаушысы ретінде халыққа белгілі. Келдекеңнің және оған әндерді үйренуге себепші болғандардың арқасында, осы күндері Шәкәрім қажының әндері ұмытылмай айтылып жүр. Тек қажының ғана емес, Берікбол Көпенұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкір Әбенұлының төл туындылары осы әншінің қорынан табылып, жұртқа жайылды. Бүгінгі жазбағымыз Келденбай әншінің өмір тарихы емес, қызыққан адамға интернетте ол туралы ақпарат көп. Шығармашылығын талдау да емес, әншінің өнерін зерттеу сол сала ғалымдарының ісі деп есептейміз. Біздің мақсат – өзінің және өзгелердің естеліктерін пайдаланып, өнерпаздың шығармашылық портретін жасауға ұмтылу, тырысу. 

«Қандай әннің болсын үн томағасын сыпырып, сырлы да сұлу кескінімен, үн көңілінің толғаныс толқын тынысымен көптің көкейіне, тыңдаушы зердесіне жетуі орындаушының қолында».

Бұл – 30 жыл Семейдегі Абай мұражайын басқарған Төкен Ибрагимовтың сөзі. Кез келген әннің көркемдік болмысы мен ішкі сыры тыңдаушыға тікелей орындаушы арқылы жетеді. Әннің әуезі, толқыны, эмоциялық тынысы – бәрі де әншінің жүрекпен сезінуіне, шебер жеткізуіне байланысты. Егер әнші әнді жан-тәнімен, шынайы орындаса, сол кезде ғана әннің көркем бейнесі толық ашылып, тыңдаушының көңіліне жол табады. Келденбай әнші бұл миссиясын орындай алды. Әншіні тыңдағандар бұл сөзімізбен келісер.

Келдекең 2010 жылы «Алаш айнасына» берген сұхбатында былай депті:

«Мен Шәкәрімнің әнін ең алғаш рет 1982 жылы естідім. Сөйтіп, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» деген әндерін үйреніп алып, оңашада, өз ортамызда айтып жүрдім. Cодан Төкен Ибрагимовке бардым. Төкен аға: «Кел, мына бір әнді тыңда. Орыстар Пастернагын, бәрін ақтап алды. Осы өзгеріс бізге де келеді. Шәкәрім, Мағжандар ақталатын күн алыс емес», – деді. Сөйтіп, сол күні Шәкәрімнің бірнеше әнін үйрендім». 

Әнді не күйді үйрену бір бөлек, оны орындап жүру де қиын емес. Қиыны халыққа (тыңдарманға) жеткізе білу. Бірер сөз бұрын да осыны жазғанбыз. 

Ал бұл жайлы Төкен ақсақал («Толқын толғауы» кітабында) бүй дейді: «Әнші әрқашан авторға тәуелді, автор әрқашан әншіге мұқтаж. Мүдде – біреу, ән мұраты – ортақ. Таразы да, қазы да – тыңдаушы қауым». 

Бұл ой тек автор мен әншінің бір-біріне тәуелді екенін емес, әннің халықпен тығыз байланысты екенін де көрсетеді. Әннің жүрекке жетуі үшін оны жақсы жазу ғана емес, шынайы орындау және тыңдаушының қабылдауы маңызды. Тыңдаушы жай ғана тыңдап қоймайды,  ол әнге жан бітіреді. Оның өмір сүруіне себепкер болады. Сондықтан әннің тағдыры тек кім жазғанына немесе қалай айтылғанына емес, халықтың жүрегінде қалай сақталатынына байланысты. Келденбай әнші әуелде жазған екі критерийді де орындай білген. Әншілігін де жетілдірді, тыңдарманға да жеткізе білді. 

Келдекеңнің өмірнамасын оқып отырсақ, ұстаздары алыптар еді. Ән әліппесін үйреніп, атақты Жүсіпбек Елебеков пен Мәдениет Ешекеевтің шәкірті атанды. Сонымен қатар өз жолып табуға абыз Шәкір Әбенұлы себепкер болған десек қателеспеспіз.

«94 жасқа келіп қайтыс болған халық ақыны Шәкір Әбенов ескі әндердің керемет білгірі еді. Кезінде Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтердің жанында жүрген. Жас кезінде өзі де әнші, композитор болған. Мағжанның «Сен сұлуын» маған сол кісі үйретті», – деп айтқан екен Келденбай әнші сұхбатында.

Екі өнерпаздың арақатынасы туралы Төкен ақсақал «Толқын толғауы» кітабында жақсы суреттеген: «Көп елді жақтыра бермейтін, ұнатпаған адамына кім болса да  сыр татырмайтын, құтылғысы келсе, қиыс сөйлеп, қыңыраттық көрсетіп шығарып салатын Шәкір ақсақал Келденбайға өнерге қатысты сырларды жасырмай әңгімелеп отыратын. Келденбайды жақсы көрді, дүниеге салғанынша татулығы бұзған жоқ. «Ұлтың ба, көк ми?» – деп қойып («көк ми» дегені айналайын дегенімен бірдей жақсы көргені, өзімсінгені еді), өз ортасы, Шәкәрім, Берікбол Көпенұлының әндеріне қатысты әңгімелерді ғана емес, Ақан, Біржан, Балуан шолақ, Ыбырай Сандыбаевтардың шығармаларына қатысты бірнеше сыр құпиясын Келденбайға айтып беріп отыратын».

Әнші ел аралап, Шәкәрім әндерін насихаттап, үлкенді-кішілі аудан-ауылдарда өнер көрсетіп жүреді. Сондай бір жерде қазақ музыкатану ғылымына бейтаныс әнді тауып алады. Бұл Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының әні екен. 2010 жылғы сұхбатында келесідей мәлімет беріпті:

«… Осыдан 6-7 жыл бұрын Ақсуат ауданын аралап жүргенде Қарпықбай Егізов деген қарт мұғалімнен Міржақыптың «Мұң» деген әнін алдым. Қарпықбай ақсақал оны 1944-1945 жылдары бір журналист туысынан үйреніпті. Ескінің адамдары есті ғой, қарияның соншама уақыт бойы ұмытпай, жадында сақтап келген сол әні 60 жылдан кейін менің қолыма тиді».

2018 жылы Келденбай Өлмесековтің ән мұрасына арналған «Сұраған жанға сәлем айт» жинағы жарық көрді. Кітапты құрастырған – әншінің шәкірті Еркін Шүкіман. Сол жылы «Қазақ әдебиетінде» Келдекеңе арналған мақаласында Еркін ағаның келесідей пікірі бар: «Өмірде елеусіз ғұмыр кешіп, өнерде ескерусіз қалған әнші Жүсекеңнен жұққан адалдығы мен Мәкеңнен алған тазалығын Шәкәрімге арнады. Екеуін тау тұтты, Шәкәрімді шың тұтты. «Таулы жердің қыраны көп» деуші еді, өзі де сол тау мен шыңның қыранына айналыпты. Қазір сол қыранның шаңқылы ғана еміс-еміс әр жерден естіліп қалады». Рас сөз. 

Келденбай Өлмесеков – тек ән айтушы емес, ұмыт бола бастаған ұлттық музыкалық мұраны тірілткен, оны ел арасына қайта таратқан нағыз өнер жоқтаушысы болды. Ол әннің киесін түсініп, соған қызмет етті. Әндерді өз жүрегінен өткізіп, халық жүрегіне жеткізді. Жоғалған әнді тауып, ескі үнді жаңғыртты. Оның өнері – өзі айтқан тұлғаларға құрметтің емес, ұлттық рухқа адалдықтың белгісі. Бүгінгі ұрпаққа Келденбайдай әншінің еңбегі – тек үлгі емес, аманат.

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі