Құз басы – бұл да бір елсіздік

Жазушы Әлібек Асқаровтың «Саңғал таулар. Самал белдер. Сағал жондар» кітабы хақында.

Ақылға сыймас ақымақтық. 

Бірақ... Бұлай дейін десең, олардың жіге­рі мұздан қатты, сенімдері құздан биік. Бұлар – құздан ұшып өлесің дегенге еш­қашан сенбейтіндер. Сол шың басында мың­нан астам адамның өлігі жатыр десең де ­ділі дірр етпейтіндер. Бұлар – кімдер? Ша­масы, бұлар – өмірде тек сәттілікке сенетіндер. Бұ­лар­дың Құдайы – сәттілік сияқты. Бұ­лар – альпинистер. 

Ал осы альпинизмнің не қажеті бар? Не... одан қоғам дамып кете ме? Әлде еңбекақы көбейе ме? Тіпті, ол да бір ерлік дейік. Ал сол ерліктен халыққа не пайда? Шың басына шығам деп басын бәйгеге тігіп, ол жаққа барып, қаза тапсам, оған ешкім жауапты емес деп хат жазып тәуекел етуде не мән бар өзі? Қаншама адам қалды сол шыңдардың ұшар басында. Олардың денелері ақ қардағы қара нүкте болып бәлен жылдан бері әлі жатқан көрінеді. Не болды ал? деп ойлаймыз ғой әдетте. 

Жазушы-альпинист Әлібек Асқаровтың баяғыда өзіміз оқыған «Тайга толғауы», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» және тағы да басқа шығармаларынан тау туралы талай толғауын оқыдық. Мұзтау туралы жолжазба-эссесінен алған әсерімізді кезінде «Тұмар» журналында жариялаған едік. Әлекең жақында ғана жарық көрген «Саңғал таулар. Самал белдер. Сағал жондар» деген кітабын сыйға тартты. Бірден «Мұзтауы» мен «Аспантауы» есіме түсті. Әлекеңнің сол қарлы шыңдарға, оның аласапыран боранына әдейі барып соқтығысатыны қызық. «Мұз­тауының» бір жерінде: «Аяғың мүлт кетсе болды – сырғанап анау үш жүз метр етектегі мұздықты барып сүзерің сөзсіз» дейді. Оқып отырып «мұздың несі кетер дейсің, ал оны сүзген адамның жағдайы белгілі ғой» деп ойлайсың ішіңнен. Жазушы әрі қарай жазады: «Ай-й-й, осыдан аман қайтсам, көрмегенім тау болсын!» деп. Тағы да жазады: «...Ой­пырмай, өзімізді осынша қинайтындай, не күн туды басымызға. ...Бұдан әрі атам десең, аттап баспаймын» деп.

Қайдағы! 

Мына кітабын ашып қалсам, қарлы шыңның қаһарманы болып алған жазушымыз Алтайдың бауырында «табаным тимей қалған жер бар ма екен» деп, шатқал-шатқалдың ұстараның жүзіндей мұзына тайғанақтап, сабалаған желмен жекпе-жекке түсіп тағы кетіп бара жатыр екен. Арқасында – отыз келелік дорбасы. «Мұзтаудың түбіне жеткенде көз алдымызда қызылды-сарылы дөңгелектер ойнап, тіземіз дірілдеп, тәлтіректеп қалдық» деп жазған еді «Мұзтауында». Құдайым-ай! Ненің әлегі десеңші?! Енді мына жерде «Сендер бара жатқан жақтарың – адам аяғы баспаған иен түз» деп ескертіпті жолбастаушы Жанболат және ол өңірдің қасқыр мен қар барысының мекені екенін, тіпті аюдың да көптігін айтса да, ескерткен сайын екпіндеп бара жатыр. Қауіп-қатердің қызық көрінетіні несі екен?! 

Мұзтаудың биігін бағындырған Әлібек Асқаровтың тау-мінез толғаулары кей жерінде аюдан да үрейлі. Кей тұсы мұздан бетер мұз­дай. «Дүниенің кеңдігін» құз басынан қарап тұрып суреттейді. «Шөбі тықыр, тіс шұқыр ағаштан ада» дейді. Және оның «түздің аңы болмаса, шайтан сирағын сындырардай өгей алап» екендігін де баяндайды. Құз бен мұздың көркемдігін және көркемдіктен де асып түсетін үрейлілігін дәл осы кісідей айта алған қазағым жоқ шығар. 

«Мұзтауын» оқып па едіңіз? Оны оқып отырғанда өзіңе де кислород жетпей қалатындай. Тас төбеден төніп, әне-міне құлап кетердей болып тұрған аспандай зор мұз-қабақтан өтердегі жол бастаушының «жөтелмеңдер. Қатты сөйлемеңдер!» дегені кітап оқып отырған саған да айтылып жатқандай. «...Биіктен қорқатын болсаңдар, әсте төмен қарамаңдар»! Оқып отырған өзің де жан-жағыңа қарамауың керек сияқты. Дәл қазір мына орындығың­нан тайып жығылатын сияқ­тысың. Аяғыңа альпи­нистер­дікіндей «кошка» киіп отырып оқу керек сияқты ол кітапты. «Иін тіресе еңіске қарай ентелеген үйдей-үйдей қалың мұздың арасы түйе сыярдай, күйме сыярдай саңырайған саңылаулар. Оның төменгі жағы үңірейген, омырайған жарықтар. Жақындай берсең жүрек суырғандай түпсіз құрдым» деп жазады. Оқыған сайын зәрең ұшады. Оқып отырып-ақ Гималай асқандай болатын өзіндік «альпинистік» жағдайдасың)). Кітапты жаба салғың келеді. Бірақ өлермен­деніп, әрі қарай оқисың. 

Қай кітаптан оқыдым екен – құзар шыңның ұшар басында ешкім ешкімге көмек­теспейді дегенді. Аа, айт­пақ­шы..., осы автордың «Аспан­тауынан» оқыдым ғой. «Ас­пан­тауды» жүрегінің сырқосы барлар оқымағаны дұрыс. Шынында да, оның өзі де өкпесі ентіге өртеніп келе жатады екен. «Шықпа жаным, шықпалап» демін үнемдеп келе жатады екен. Сөйтіп келе жатып, құз басына жеткізер бір үрлем демін кіммен бөліскендей? Жанкешті жағдайда әркім өз өмірін құтқара алса, бұ жақта сол олжа. Сұмдығы сол – құз басында альпинистер жолда жатқан мәйіттерді аттап өтіп кете беретін де жағдайлар болады екен. Бұл да қара жердің бетінде есі дұрыс адамның дәті бармас ауыр жағдай. «2006 жылы, – дейді автор сол «Аспантауында», – «әлдебір жартастың түбінде суықтан көгеріп үсіп бара жатқан 34 жастағы ағыл­шын Дэвид Шарптың дәл қасынан 42 альпинист өте шығады. Бұрылып аяушылықпен қарағандары болмаса, ешкім де оған қолұшын бермейді. Арала­рындағы біреуі ғана бұрылып келіп, ерні күп боп ісіп, тілі аузына симай жатқан аль­пинистен иіліп сұхбат алмақшы болады. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, бірнеше рет суретке басады да, жолынан қалмай, әрі қарай кете барады. Дэвид тіл жоқ, көзі жәудіреп, сол орнында кемсеңдеп қала береді. ...Өйткені олар алды мен арты қо­ғамдалған тар сүрлеуде бағытынан сәтке болса да ауытқудан зәредей қорқады». Иә, бұл да бір – дұрыс-бұрыс деп қара жердегілер баға бере алмас құз басының траги-драмасы. Ақыл айту – жер бетінікі. Құз басында өз аяғың айла табу керек екен. Қолың да тепе-теңдіктің «мозговой центріне» айналмаса, біткенің. «Келсең, кел!» деп тұрған жалама құз басындағы қырағылы­ғың қыранды да жолда қалдырардай, сақты­ғың сайтанның өзін де сан соқтырардай, яғни, ішкі әлем деген қоймаңда не бар екенді­гін көзіңе көрсететін жағдай екен. Бұларды осы кітаптарды оқығанда ұғады екенсің. Тағы бір ұққаным – альпинистердің ержүректігі – биіктеген сайын қорқыныш пен үрейдің құрсауында келе жататындығында. Және де тағы бір ержүректігі – қыр соңынан қал­май келе жатқан үрейден үрейленбей­тінді­гін­де. Альпинизм туралы бір кітапта «альпи­низм дегеніміз – өзін-өзі бақылай алу қа­білетін шыңдау» деп жазыпты. Ғажап қой. Көпшілігімізге жетіспейтін нәрсенің бірі – осы «өзін өзі бақылай алу қабілеті» шығар, бәлкім. 

Мәселе тауға шығуда емес. Ә.Асқаровтың бұл кітаптарындағы мәселе – әр қазақтың баласы қиындықтан тайсалмастай болуы үшін кейде тәуекелге бара алу идеясын тұжырымдау. «Мұзтауға шық» демейді. Бірақ өзінің осы жүрісі арқылы – әне-міне жаны шығып кетердей жағдайға келтіретін қиындықты бастан кешіріп, аман-есен етекке түскенде, жер бетіндегі қиындықтың қиындық құрлы болмай­тын­дығына сілтеме жасауы және мұның адамға серпіліс берер жағдай екендігін ұғындыруы. Тап осылай тауға шыққандар бар ғой, әрине. Бірақ сырттай тамсану бір басқа, әдейі барып қарымен қар болып кете жаздап, тасымен тас бола жаздаған жан­кештілік туралы жазу – біздің қазақта сирек. Шыңның шырқау биігі ой-сананы тазартатын шығар, қара жерге түскен кезде жаңа адам болып жаңғырып, дүниеге ақ қардай тазалықпен, биік шыңдай биіктікпен қарайтын шығар. Шыңға шықпа­ғандардың күнделікті тіршіліктегі қиындық деп жүргені жәй ғана бір түйір қиыршық тас көтергендей жағдай екендігін сезінетін шығар. Өз биігіне көтергені үшін ғана емес, аман-есен жерге түсіргені үшін де сол шыңға рахмет айтатын шығар. Ендігі өмірімде сол шыңға, сол биікке лайықты болайын дегізетін шығар. Бәлкім, джентль­мендіктің бір көрінісі шығар. Әлде қасиетті орынға барып тәу еткендей ме екен? Әйтеуір, альпинистер, оның ішінде альпинист-жазушылар – басқаша ойлайтындар. 

«Аты аңызға айналған Джордж Мэлло­риден «Сіз неліктен Эверестке бара жатырсыз?» деп сұрапты. Сонда Мэллори «Ол Эверест болғандықтан да!» деп жауап беріпті. «Бұл жауапты қалай ұқсаңыз да еркіңізде!» деп келтіріпті автор. Сол айтқандай, бұлар неге жайлы орындығын тастап, шүберекке түюлі жандарын шырқыратып құз басында жүр, а? Өйткені оның тереңі де, биіктігі де өз жерің. Атажұртың. Өзің аяқ баспасаң, басқа жақтан басқалар келіп, өздері «америка» ашып, оған өздері таңдаған аттарын қойып кеткен жағдайы еліміздің қай өңірінде де бар. Бұл кітапта да автор сондай дерек кел­тіріпті. «Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ атауларын ...қашқын кержақтар, кейінгі ғасырларда қару асынған казактар ...өз тілдерінде аттар қойып, картаға да солай белгілеп кетіпті. Осылайша, қазақтың ежелгі Қоңыржоны – Листвияға, Мұзтауы – Белуха, Тасшоқы – Шебенюха, Шаянбай көлі – Хариусовое, Қаумыш көлі – Черновое, Қаракөлі – Язевое, Бұланды көлі – Лосиное» және тағы басқа болып аталып кеткен көрінеді. Демек, өз жеріңнің әр нүктесіне із суытпай барып тұру, табан ізді жаңғыртып тұру да ұлттық-саяси мәселе. Дегенмен әлі сақталып тұрған небір жер аттары бар екен. «Аюдың алысты көре алмайтын сығыр көз жыртқыштығының» арқасында аюдан аман қалып, «Мергеннің асуынан асып, Көктасқа ойысып, одан әрі Жіңішкенің басын айналып, Ақтүйеге жете аттан түскендерін» суреттейді. «Елеңшадырдың ел көшкендей енсіз қапталы, жоғарыдағы Қапшалдың қапсағай жондары» деп келетін көріністерді оқып отырып, сол «енсіз қапталдар» мен «қапсағай жондардың» арасымен өзің де қыстырылысып кетіп бара жатқандай боласың. 

Қазақ даласының әр белесінде ұлт тағдырының тарихи трагедиялары жатыр ғой. Ә.Асқаровтың бұл «Саңғал таулар. Самал белдер. Сағал жондар» кітабында да әр нүктеге тоқтаған сайын оның өткір мәселелерді де қозғайтын өткен шағын сөйлетеді. Бейбіт замандағы тастың да трагедиясы, қарағайдың да қайғысы, көлдің де көз жасы аз болмаған­дығы жазылған бұл кітапта да. Оқи отырып, көңілді бір өкініш­тер қамап алады, сағыныштар саз береді. Тау туралы жазған бір шумақ өлеңіміз еске түседі: 

Өкініштер безесе өрттей тілін,

Сағынышым – көкейден кетпейтін үн. 

Таулар ма? Таулар деген – эпопея!

Оқуға біздің өре жетпейтұғын, – дейміз іштей.

Ал оны оқуға өресі жетсе – табанын тасқа жанып, мұзына құрсанып, таутанудың тарланы болған тауқұмар жазушы Әлібек Асқаровтар жетер. Чомолунгмаға шығу міндет емес. Одан сәл беріге шығудың да өз кайфы Әлібек жазушының бір емес, бірнеше кітабын толтырып тұр. 

Жәй ғана толтырып тұрған жоқ. 

Көркем тілдің көрмесіндей кітап болып тұр. 

Жазушы-альпинистің қай шығармасы да сөз мәйегін сақтап тұрған қазына. Оларды тек оқу керек. Орыстардың «чертовски увлекательный» деген тіркесі бар (қазақшалап көріп едім, реңкі дәл солай шықпады). Ә.Асқаровтың альпинистік жорықтарын оқу да дәл сондай әсер береді. Бұл да өзіндік хит-жанр!

Құз басы – бұл да бір елсіздік. Мұздардың хаосы жайлаған қаталдық. Одан не іздейді адам? Нені іздейтінін мен де білмеймін. Бірақ альпинист болмаса да, альпинистер туралы кітаптарды оқығандардың бәрінің жүрек түкпірінде қиындықтан тайсалмауға, тәуекелге тастай болуға деген бір ұшқынның оянары анық. Кездейсоқтықтың қандайына да дайын жүруге деген, қандай қиындықтың да Мұзтауға өрмелегеннен қиын еместігін сездіретін ғажайып бір ішкі отты үрлеп жіберері сөзсіз. Көңіл төріңде шыңдалуға ша­быт беріп тұратын бір логотип пайда болғандай. Нағыз экстремалдар тек тау басында ғана емес, күнделікті тіршілікте де керек. Сондай жағдайға өздерін шыңдайтын немесе тумысынан сондай харизмасы мықты адамдар болады. Олардың ұстанымдары – нағыз тәрбие мектебі. Әлібек Асқаровтың таутану жолындағы туындылары осындай қырымен де құнды. 

Гималай – аспаннан ғана аласа. 

Қазақтың Мұзтауын да өзіміз солай қабылдаймыз және мақтан етеміз. 

Гималайды аңызға айналдырғандар – адамдар. 

Мұзтауды да аңызға айналдырған – қазақ қаламгерлері. Ал оған өрмелеп жүргендердің тау туралы жазғандары тау-мінезділікті, тау-талғамдылықты, тау-төзім мен оның ақ қарындай адалдықты қалыптастыратын оқу құралы іспеттес. 

«Саңғал таулар. Самал белдер. Сағал жондар» – соның бір дәлелі. 

Оңайгүл ТҰРЖАН