Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман тәлімбақтарын құру, өрт сөндіру техникасын жаңарту және жануарларды жерсіндіру сияқты жоспарлы жұмыстар жүргізуде.
Экологияны қорғау бойынша қандай шаралар қабылдануда?
Фото: istockphoto
2,077
оқылды

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, бүгінде республикада материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Мәселен, орман өрт сөндіру техникасы сатып алынып, өртті ерте анықтау жүйелері енгізілуде, жаңа орман тәлімбақтары құрылып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кеңейтіліп, қалдықтарды кәдеге жарату жобалары жүзеге асырылуда. Ал сирек кездесетін жануарлар – жолбарыстар, құландар және Пржевальский жылқылары табиғатқа қайта жіберілген.

Ормандарды қорғауды күшейту және материалдық-техникалық жаңарту үшін орталық бюджеттен өртке қарсы және орман өрт сөндіру техникасын сатып алуға 5,4 млрд теңге бағытталды, жергілікті құрылымдардан 6,7 млрд теңге бөлінді. Орман өрттерін тиімді сөндіру үшін тракторлар, арнайы техника мен жабдықтар сатып алынуда. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылуда. «Жасыл аймақ» пен «Семей орманы» сияқты 24 орман шаруашылығы аумақтарын зерттеу жұмыстары басталды.

6 өңірде жаңа орман тәлімбақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бюджет 21,2 млрд теңгені құрайды, әрбір тәлімбаққа 3,5 млрд теңгеден қаралған. Оның қуаты – 6 млн көшет. Құрылыс 2025 жылы басталады. Биоалуантүрлілікті сақтау тұжырымдамасын әзірлеу басталды.

Жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) – «Мерке» өңірлік паркі (86 мың га), «Арал» (471 мың га) және «Жайық орманы» (46,9 мың га) резерваттары құрылуда. Үш аумақты – Үстірт, Қаратау, Іле-Балқаш, 648 мың гектарға кеңейту жоспарлануда. 6 ЕҚТА-да бақылау өткізу пункттерін автоматтандыру және электронды  төлем жүйесі енгізілуде. Орманшыларға арналған білім беру орталығы ашылады.

2024 жылдан бастап Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылуда. Экологиялық қозғалысқа 6 млн адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысты. 1,1 млн тонна қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Экомәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі Тұжырымдамасы бекітілді, өңірлік жоспарлар мақұлданды. Экологиялық бастамалар қоғам тарапынан белсенді қолдауға ие болуда. 2 млрд түп ағаш отырғызылуда. 2021 жылдан бастап 1,145 млрд ағаш егілді.

Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде – 1,1 млн гектарға сексеуіл отырғызу жоспарланған. Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу мақсатында 238 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту және қалдықтарды бөлек жинауды енгізу негізгі бағыттар саналады.

Сирек кездесетін жануарларды табиғатқа қайта жіберу жұмыстары жалғасуда. Жолбарыстарды, құландарды және Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.