Қазақстанда 115 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 18 мыңнан астамы церебралды сал аурына шалдыққан. Міне, осы ерекше балалардың 80 пайызға жуығы ем-домына ортездеу әдісі кеңінен қолданылады. Бұл дене мүшелеріндегі ауытқуларды қалпына келтіруде оң нәтижесін беретін бірден-бір тәсіл.
Сал ауруына шалдыққан балаға күтім болса оңалады – дәрігер Дәулеткерей Аманжолұлы
Анар Қоныс
677
оқылды

Ал оны әр баланың өлшеміне сай етіп, арнайы ортездік шеберханада дайындайды. Ұлттық балаларды оңалту орталығына қарасты Модельдеу және ортездеу зертхана мамандары былтырдың өзінде 6 мыңнан аса ортездік бұйым жасаған.

Ұлттық балаларды оңалту орталығындағы ортез шеберханасында анасының қолынан ұстап отырған кішкене қызды көрдік. Есімі – Кәусар, 7 жаста. Дәрігер оның аяғына ортез кигізіп, өлшемін алып жатыр. Ол ортезді бірінші рет қолданғалы тұр. Содан болар дәрігердің әрекетін түсінбей, таңырқай қарап отырды.

Дәрігердің айтуынша, ол аяғын толыққанды баса алмағандықтан ортездік бұйымды қолдану жазылған. Бұған дейін Кәусар Ақтауда, Петропавлда дәрігерге қаралған. Ал орталықтың көмегіне жүгінуі бірінші рет екен.

Оның диагнозы – неврологиялық гемиплегия. Қарапайым тілде түсіндірсек, мидың жартысы, яғни сол жақ бөлігі дамымай қалған.

– Қызымыздың бұл сырқатын туған кезінде де, тәй-тәй басып жүре бастағанда да аңғармадық. Кейін 3 жасында, аяғының толық баспайтынын байқадық. Сол аяғының өкшесін баспайды, тек аяғының ұшымен жүреді. Ортопедиялық аяқкиімді де кидік, бірақ оның пайдасы болмады. Бәрібір аяғының ұшымен жүріп кете берді. Дәрігерлер  баланың неге олай болғанын айтпады. Әйтеуір туғанда басында су бар, соның салдарынан ми өспей, кистаға айналды. Енді оны кесіп ала алмайды. Ми соған үйреніп қалған десті, – дейді Кәусардың анасы.

Олардың квота арқылы емделгеніне 20 күн болған. Қимыл-қозғалысын ретке келтіру мақсатында таңертеңнен кешке дейін 8 түрлі ем қабылдаған. Енді 6 айдан кейін қайта келіп, тексеріледі. Гюзель Сейтімбетованың айтуынша, Кәусар бұған дейін екі жағын бірдей қимылдата алмаған. Кешенді емнің арқасында екі жағын қимылдатып қана қоймай, жүзуді үйренген.

– Осында келгелі қызымның еті тірілді. Балалармен жүгіріп, асыр салып ойнап, дос тауып, мәз-мейрам. 8 наурыз қарсаңында шығармашылық топқа қосылып, сахнаға шығып, ешкімнен қысылмай, емін-еркін ән орындағанын көріп, қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Бұған дейін ол тұйықтау, өзінің кемістігінен қысылып, балаларға көп қосыла бермейтін. Ал қазір өмірге деген құлшынысы оянған. Бәрін істеп көргісі келеді, – дейді Гюзель Сейтімбетова.

Кәусар – үйдің екіншісі, өздері төрт ағайынды. Өзге балаларда ешқандай сырқаты жоқ, дені сау. Кәусар болса, осында келіп Іңкар, Ерасыл, Аяна сынды дос тауып, күні бойы ойнағанына мәз.

 – Кәусар, болашақта кім болғың келеді? – дегенімізге:

– Дәрігер, барлық ауыратын баланы емдеп, жазып жіберсем деймін, – дейді ақтаулық қыз.

 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ортездік шеберхана

Бүгінде бұл шеберхана жылына 6 мыңнан астам ортездік бұйым шығарады. 2007 жылы ашылған зертхана 18 жылдың ішінде 40-тан астам түрлі ортездік бұйым шығаратын болған.

– Ұлттық балаларды оңалту орталығы ішінде өзіміздің ортез шеберханасы барын көпшілік біле бермейді. Бірақ орталық іске қосылғанда ортездік зертханаға қажеттілік туды. Содан мамандарымыз Германия, Англияға барып оқып, тәжірибе алмасты. Мысалы, былтырдың өзінде 6 229 ортездік бұйым жасадық.

Жалпы, ортездің басты мақсаты – деформацияны орнына келтіру және оны одан әрі өршіп кетуін тоқтату. Оңалту саласында бұл өте маңызды дүние. Егер баланың буыны жақсы күтіммен жүрсе, болашақта жүріс-тұрысының оңалу мүмкіндігі басым. Себебі, ортез – негізі буындағы қалыпты жағдайды сақтап тұруға арналған бұйым. Бұл тәсіл ағылшынның тәжірибесінен алынған дүние. Бүгінде бүкіл әлем сал аурумен ауыратын, яки ерекше балаларды осылай емдейді, – дейді Модельдеу және ортездеу зертхана меңгерушісі Дәулеткерей Аманжолұлы.

Оның айтуынша, әр ортездік бұйым жас категориясына байланысты кішкентай, орта, үлкен болып бөлінеді. Әрбір ортездік бұйым жасалу күрделілігіне қарай бағаланады. Негізгі бағасы – 6 мың теңгеден 120 мың теңге аралығы.

– Кез келген нәрсені ерте бастан, кешенді түрде жүргізген дұрыс. Егер баланың жүріс-тұрысынан қандай да ауытқу байқалса, ем-шарасын ертерек қолға алған жөн. Пациент аяғына тұрса да, бірден жүріп кете алмайды. Оның жүрісін жетілдіру процесі бар. Араға уақыт салып, біз берген емнен кейін тағы қаралады. Өзгерісін бақылап, одан әрі жүрісі жетілуіне көмектесеміз. Миға қан құйылу, нейроинфекцияның салдарынан сал болуы немесе аяқ-қолының деформациялануы, қол-аяғы бүгіліп қалуы не болмаса омыртқасында қандай да бір кінәрат табылуы мүмкін. Соған сәйкес бірінші балаға қандай ортез керектігі анықталып, бұйым әр пациенттің диагнозына байланысты жасалады. Бұрын баланың көпшілігі церебралды параличпен түссе, 2019 жылдан бері аутизм, Даун не болмаса оның сөйлеуі мен дамуында проблемасы бары күрт өсті. Соған бағыттай бүгінде ортез ғана емес, ұлтарақты да дайындаймыз, – деді ол.

Дәрігер ортезді киюге жас шектеуі болмайтынын айтты. Бұйымды 6 айлық баладан бастап ересек адамға дейін киеді. «Ортез арнайы пластикалық полимерден жасалады. Төмен тығыздықты полиэтиленді арнайы тапсырыспен Германиядан алдырамыз. Мамандарымыз пациенттерге ортезді киерде қолданатын нұсқауларын көрсетіп, түсіндіріп береді», – дейді Дәулеткерей Аманжол.

Әрбір емделушінің сырқатының ауырлық деңгейіне байланысты ортезді кию уақыты белгіленеді. Әуелде 10-15 минуттан басталса, енді бірі бейімделгені соншалық күні бойы немесе түнімен киюі де мүмкін.  Арасында 24 сағат бойы кигізіледі. Көпшілігі ортезді 3 айдан бір жылға дейін кисе, деформацияның басы кезеңінде оншақты күн кисе де жеткілікті.

Ортезді дайындау процесі

Қызығы, емделушінің көбі Шымкент, Қызылорда, Алматы секілді оңтүстік өңірден келеді. Оның барлығы дерлік – квотамен емделушілер.

Мамандар дәрігердің ұсынуымен келген пациентке кез келген ортезді кигізе салмайды. Алдымен оған қандай бұйым керегін анықтап, соған сәйкес емделушінің өлшемі алынады. Соған қарай құйма құйылады. Ортезист маманның айтуынша, құйма (слепок) арнайы бөлімде істеледі.

– Дәрігерлер баладан өлшемді алып, бізге дайындап қояды. Қолына не аяғына қажетті құйманы құйып алған соң гипс жасаймыз. Бұл әлі бітпеген жұмыс, оны толыққанды бітіруге 3 сағат керек. Мәселен, бір қолды үш сағат жасасақ, екі қол 5 сағатта әзірленеді, – деді ортезист Уаис Абсатов.

Бұл жерде тек қол-аяқтың ортезі емес, денеге киетін корсетке дейін дайындайды. Ал корсетті ұсынатын ортопед. Оның дайындау тәсілі аяқ-қолдың ортезіне келіңкірейді. Оған уақыт көбірек жұмсалады. Яғни, 1-2 аптада толыққанды дайын болады.  

– Әр пациентті жеке қарап, түсірілген рентгеннен омыртқаның қай бөлігіне салмақ салу қажет, қай жағын босаңсыту керегін белгілеп, корсеттің жасалатын үлгісі анықталады. Одан кейін пластикке жіберіліп, дайын болған соң кигізіп, қолайлығын көреді. Кем-кетігі байқалса, түзеп, өңдейді, – деді Бақытжан Тауасқанов.

Құйма пластиктен қыздырылып жасалады. Балқыту бөлімінің маманы Асқар Қарабасұлы жұмысы әдет бойынша пешті қосып, 10-15 минутқа қыздырудан басталады.

Пештің ыстығы 220-ға көтерілгенде табақша пластикті салып, 5-7 минут қыздырады. Содан матамен қапталған гипсті ерітілген пластикпен орап, аяқтың немесе қолдың қалыбын жасап, артығы кеседі. Артынан вакуум арқылы сорып, пішінін қалпына келтіреді.

Оның айтуынша, қол-аяқтың қалыбы әр кезде әртүрлі жасалады. Ең көп дегенде бір күнде тоғызын бір-ақ жасаған.  

– Корсет жасауға уақыт көп кетеді. Оны екі-үш адаммен бірлеспесе, жалғыз өзіңе қиындау. Дайындалу уақыты да ұзақтау, 10-15 минут. Корсетке де, ортезге де бірдей пластик қолданылмайды. Адамның жасына байланысты олардың қалындығы да бөлінеді. Мысалы, 3-5 жастағы балаларға үштік, яғни пластиктің жұқасы қолданады. Қазір істеп жатқаным – бестік пластик, 10-11 жастағы балаға арналады. Ол үштіктен гөрі қалындау, – дейді Асқар Қарабасұлы.

Техник-ортезист Ертөстік Бөлегенұлы құйылған бұйымды қалпына келтіріп кесіп, жөндейді екен. «Өлшеніп келген көлемде кесіп, айналасын тегістеп, реттеймін. Артынан белдігін тақтырып, толығымен дайын болғанда өткіземін», – деді балқыту бөлімінің маманы.

 Ортездік бұйымнан талай бала аяғына тұрып, жүріп кеткен

Жұмыстың дұрыс істелуін бақылайтын аға техник әрі ортезші – Ерік Сағындықұлы, өзі осы зертхана ашылғалы еңбек етіп келеді.

– Бүгінде осы жердің жұмысын бастан-аяқ бақылап, қадағалайтын өзім. Осында 2007 жылы орталық ашылған күннен, яки Модельдеу және ортездеу зертхана жұмысының басы-қасында болдым. Сол кезде бірінші қабылдаған адамымыз – 9-10 жастағы петропавлдық бала. Гипсті баланың аяғына орап істедік. Алғашқыда күніне 20-25 қана ортездік бұйым дайындалатын, – дейді ол.

Ерік Сағындықұлының айтуынша, емделушілер цикл сайын жан-жақтан толассыз келуде. Циклдің аяғы болғандықтан мұнда келушілер де саябырсыған. Десе де осындағы балалардың 70-80 пайызына түрлі ортездік бұйым кетеді. Онда да көп балаға бір емес, бірнеше бұйымнан жасалады. Бір күннің өзінде зертхана он шақтыдан бастап, 235 бұйымға дейін шығарады. Кейде тапсырыстың 300-500 бұйымға дейін жеткен күндері де болған.

– Кейде ортез тар жасалып, аяқ-қолды қысып, қажап кетуі мүмкін. Не болмаса уақыт өте бала өседі, соған қарай аяқ-қолының өлшемі де өзгереді. Сондықтан емделушілер жарты жылда бір коррекцияға келіп, қажет деп табылса ауыстырылады. Бастысы ортездік бұйымды пайдаланған балалардың денсаулығына, дамуына қаншалықты әсер еткен-етпегенін бақылап, арагідік мониторинг жүргіземіз. Арасында жағдайына байланысты кейбірі емін жалғастырмай кететіні де бар. Сол себепті мониторинг тек тұрақты емделушілер арасында жүргізіледі, – деді Дәулеткерей Аманжолұлы. 

Мамандар сал ауруына арналған өзге де бұйымдарды ойлап тапқан

Зертхана мамандары сал ауру балаларға арналған өзге де ортездік бұйымды ойлап тапқан. Соның бірі – балалардағы сколиозды түзетуге арналған арнайы бұйым. Ол жайында ірі халықаралық конференцияда баяндама жасалып, жетістігі көрсетілген. Оған қоса, баланың жүріп-тұруын жақсартатын тренажер дайындалған.

– Ұсынысымыз бойынша 8 жастағы бала ем кезеңінде қосымша еммен бірге, 20 күндей бұйымды күніне екі рет 15 минуттан пайдаланды. Аяғының ұшымен тұрғанымен тепе-теңдік сақтай алмай, құлай беретін. Міне, сол баланың омыртқасы жақсарып, аяғын толыққанды жерге басып, жүре бастады, – деді ол.

Омыртқаның кифоздық бұзылысы бар балаларға арналған қосымша жұмсақ корсет те дайындалады. «Баланың бүкіреймей, кеудесін тік ұстауына көмектесетін жұмсақ корсет біздің қолдан шығады. Өлшемін алып, соған сай қиып, тігуге екі жарым сағат кетеді. Ал бір күнде біз 4-5 данасы жасаймыз. Арасында ортездік бұйымдардың ілгектерін тігіп, мойынға тағатын шинасын да дайындаймыз», – дейді шебер Әлия Қожахметова.

Бүгінде зертханада 20 шақты маман жұмыс істейді. Шеберхана меңгерушісінің айтуынша, мекемеде бірі диагностикамен айналысса, екінші топ – ортез бұйымдарын дайындайды. Әрбір қызметкердің өз орны, белгіленген жұмысы бар.

– Біздегі қызметкерлер құрамының осында істеп жатқанына 15-17 жыл болды. Қай-қайсысы да өз ісінің шебері, білікті маман. Әрине, медицина бір орында тұрмайды, жылдан-жылға дамып жатыр. Бүгінде ортездік бұйымды арнайы дайындайтын құрылғылар да бар. Алайда біз әрбір емделушіге жекелеп жасағанды дұрыс көреміз. Бірдей диагноз болғанымен екі баланың ағзасы, иммундық жүйесі екітүрлі. Біреуі аз уақыттың ішінде түзелсе, екіншісі жай әсер етуі мүмкін. Сондықтан пациент бастан-аяқ бақылауымызда болып, кешенді емнің жүргізілуі дұрыс, – дейді Дәулеткерей Аманжолұлы.

Жоғарыда айтып кеткендей, зертханада шығарылатын ұлтарақ баланың бір аяғынан бір аяғы қысқалығына қарай жасалады. Сылтып басқаннан еш зияны жоқ деп, салғырт қарауға болмайды дейді дәрігер. «Оны тез арада емдетпесе, жамбастың ғана емес, омыртқаның қисаюына әкеледі. Салдарынан аяқ-қолы деформацияға ұшырап, баланың функционалдық жағдайы нашарлай түседі. Сөйтіп, қатарлас балалардан дамуы қалыс қала бастайды», – деді ол.

«Жазылмайтын дерт жоқ, тек табанды емдеу керек» деген сөз Модельдеу және ортездеу зертхана мамандарының кредосына айналған сыңайлы. Себебі олар кез келген сырқатқа салғырт қарамауды сұрайды. Әуелден ем-дом шарасы дұрыс жүргізілсе, түбі дертті жеңетініне сенеді. Алайда көпшіліктің бұған күш-жігері жете бермейді...