«Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысу үшін Самарқанд қаласына келген Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштамен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Еуропа Одағы – Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы. Бүгінде шетелден тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы ЕО-ға тиесілі.
2024 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтады (ЕО мен ОА арасындағы сауда көлемінің 80%-ы).
Президенттер экономиканың түрлі секторларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар өзара сенімге, стратегиялық мүддеге және ұзақ мерзімді перспективаға негізделген Қазақстан мен Еуропалық Кеңес арасындағы серіктестікті қарқынды дамытудың маңызына тоқталды.