BGR сайтында жарияланған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz "жасанды интеллект адамнан да ақылды бола бастады ма?" деген сұраққа жауап іздейді.
ChatGPT-4.5 жаңартылған Тьюринг тестінде адамдарды «алдап», өзін «адаммын» деп сендірген. Фото track2training.com сайтынан алынды
Жаңа зерттеу адамдардың көпшілігі өзінің кіммен байланыс жасап отырғанын ажырата алмайтынын көрсеткен. Тіпті, OpenAI компаниясының ең үздік жасанды интеллект үлгілерінің бірі – GPT-4.5 – жаңартылған Тьюринг тестінде нағыз адамдарды «алдап», өзін адаммын деп сендірген.
Тьюринг тесті – бұл жасанды интеллект (ЖИ) жүйесінің адам сияқты ойлап, сөйлей алатын қабілетін тексеруге арналған классикалық тест. Оны британдық математик және информатика пионері Алан Тьюринг 1950 жылы ұсынған. Тестің негізгі идеясы мынадай. Егер адам ЖИ-мен әңгімелесіп отырып, оның адам емес екенін ажырата алмаса, онда ЖИ «адамша ойлай алады» деп есептеледі.
Бұндай эксперименттерде адам (бағалаушы) екі «сұхбаттасушымен» жазбаша түрде сөйлеседі. Оның біреуі – нағыз адам болса, екіншісі – ЖИ.
Бағалаушы олардың қайсысы адам, қайсысы ЖИ екенін анықтауы керек. Егер бағалаушы ЖИ-ді адам деп ойлап қалса, ЖИ тестен өтті деп есептеледі.
Тьюринг тесті – ЖИ-дің адам тілі мен логикасына еліктеу деңгейін бағалауға арналған алғашқы әрі ең танымал тәсіл. Тест ЖИ-дің сана мен түсінікке ие болуын емес, тек сыртқы «адамдық» мінез-құлқын тексереді. Енді, міне, GPT-4.5, кей жағдайларда Тьюринг тестінен сәтті өте бастаған. Яғни, арнайы жүргізілген сынақтар кезінде адамдар көп жағдайда чат-ботты адам деп ойлап қалатын болған.
Сынаққа қатысқан шынайы адамдар өздерінің адам екенін дәлелдей алмаған. Фото mspy.com сайтынан алынды
Көп жылдар бойы Тьюринг тесті машиналардың интеллектісін тексерудің негізгі әдісі болып келді. Сондықтан Калифорния университетінің Сан-Диегодағы Тіл және таным зертханасының ғалымдары 300-ге жуық адамның қатысуымен көп қатысушы нұсқасын өткізгені таңғаларлық емес.
Әр раундта қатысушылар параллель екі сұхбат жүргізген. Біреуі адаммен, екіншісі жасанды интеллектпен. Кейін қатысушылар олардың қайсысы адам, қайсысы ЖИ екенін анықтауы керек болды. Бұл жаңартылған Тьюринг тестінің нәтижелері таңғаларлық болған.
Мысалы, поп-мәдениеттен хабары бар жас жігіт сияқты адамдармен сөйлескен GPT-4.5 қатысушылардың 73%-ын өзін «адаммын» деп алдап қойған. Бұл – ЖИ-дің Тьюринг тестінен өткенін көрсетеді. Әдетте 50%-дық шектен асқан машиналарды тесттен өтті деп санайды. Сынаққа қатысқан шынайы адамдардың көпшілігі өздерінің адам екенін дәлелдей алмаған.
Ақылды машиналар: «Адам менен қорықпайсың ба?» деп сұраса біз не жауап береміз? Фото felloai.com сайтынан алынды
Эксперимент барысында Meta компаниясының LLaMA 3 моделі, OpenAI-дың жаңа GPT-4o моделі, сондай-ақ тарихтағы алғашқы чат-боттардың бірі – ELIZA да сыналды.
ЖИ-ді Тьюринг тестінің көмегімен сынау бірінші рет жүргізілген жоқ. Бірақ соңғы зерттеу нәтижелері жасанды интеллект адамның ойлау қабілетіне ие болмаса да, қысқа әрі еркін диалогтерде адам сияқты көріну «қабілеті» өскенін көрсетеді. Бұл ЖИ интеллектісінің жоғары екенінің ғана дәлелі емес, сонымен қатар адамдарды ЖИ-ді адам деп сендіру қаншалықты оңай екенін де байқатады.
Алайда зерттеушілер Тьюринг тестінен өту ЖИ-дің адам секілді түсіну қабілетін білдірмейтінін ескертеді. Бірақ бұл жүйелерге нақты рөл немесе кәсіби бағыт берілгенде, олар адамға ұқсас әрекет етуде шебер бола бастағанын білдіреді.
Сынақ адамдардың күнделікті өмірде ЖИ-ді тануы қиындай түсетінін білдіреді. Өз кезегінде бұл жалған ақпарат, фейктер мен жалпы ЖИ мен адамның өзара әрекетінің болашағына алаңдаушылық тудырады. Біз ЖИ-мен сөйлесіп жатқанымызды аңғармай қалуымыз мүмкін. Сондықтан бұның өзі үлкен этикалық салдарларға алып келуі ықтимал.
ЖИ-дің әр жаңа буынымен бірге машина мен адамның диалогіндегі шекара барған сайын бұлдырай бастады. Уақыт өткен сайын ақылды машиналар тек жетіле береді. Енді бірнеше жылда ақылды машиналар: «Адам менен қорықпайсың ба?» деп сұраса біздің жауабымыз қандай болмақ?
Мына әзіл видеода қаржылық сарапшы нағыз адам сияқты түсініксіз сөйлейді. Ал ақылды машина адаммен түсінікті тілмен сөйлеседі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.