Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті облыс орталығының екі тұрғынын ұстады. Олар егде жастағы әйелден 300 мың теңге талап еткен, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің мәліметінше, күдіктілер әйел адамды қорқытып, немересін аман-сау күйде көргісі келсе, тиісті ақшаны беруін сұраған. Немересі бұған дейін күдіктінің бірінің туысымен некеде болғаны анықталды.
Жедел шаралар барысында полицейлер қылмыскерлерді ақшаны алып тұрған жерінде ұстады. Әйел оларға 50 мың теңге берген. Жәбірленуші бұған дейін оларға 200 мың теңге берген.
Тергеу барысында күдіктілердің бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Олардың бірі жаза өтеу орнынан шыққаннан кейін небәрі 20 күннен соң қайта қылмыс жасаған.
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін. Сондай-ақ олардың мүлкі тәркіленуі ықтимал.