Қазақ музыкалық фольклористикасы – ғылыми пән ретінде XX ғасырдың басынан қалыптаса бастаған жас сала. Бұл бағыттың алғашқы ірі өкілі ретінде, әдетте, Александр Викторович Затаевич аталады. 1920 жылдан 1936 жылға дейін ол мыңдаған қазақ халық әндері мен күйлерін жазып алып, өңдеп, жарыққа шығарды. Әрине, оның еңбегі ерен, зор. Алайда бұл игі істі тек Затаевич бастады деу біржақты пікір болар еді. Сол уақытта қазақ музыкасына ықылас білдіріп, зерттеуге кіріскен, нотаға түсірген өзге де тұлғалар болды. Солардың ішінде ерекше есімі аталуға лайық жан – Альвин Эрнестович Бимбоэс.
Альвин Эрнестович Бимбоэс 1878 жылы Германияның Кобург қаласында дүниеге келген. Мюнхен, Гейдельберг университеті, Карлсруэ политехникалық институты мен Берлиндегі Саймон коммерциялық институтында білім алған. Оқу барысында ол экономика, құқық және әлеуметтану салаларын меңгерген. Сонымен қатар шет тілдерін үйренуге ерекше көңіл бөліп, осы мақсатпен Швейцария, Франция, Англия, Нидерланды секілді бірнеше еуропалық елде өмір сүріп, тәжірибе жинапты.
1911 жылы Санкт-Петербургке қоныс аударған соң, Ресейдің экономикалық жағдайын зерттеумен айналысты. 1918 жылдан кейін ол Сібірге, кейінірек қазіргі Астанаға (ол кезде Акмолинск деп аталған) келіп, 1922 жылға дейін Санкт-Петербургке оралғанша өмір сүрген. Бимбоэс бұл жерде этнографиялық қызметпен қатар, музыкалық ағартушылықпен де айналысты – ол хорлар мен музыкалық мектеп ұйымдастырды деп жазылған.
Бимбоэс өз қолымен салған домбыраның суреті
Бимбоэс қазақ халқының әндерін жүйелі түрде жинап, өңдеумен айналысқан алғашқылардың бірі болды. Оның қолжазбалары мен жинаған материалдары А.В.Затаевич, А.К.Глазуновтың мұрағаттарында сақталып келді. Альвин Эрнестович 25-ке жуық қазақ әнін жазып алып, олардың ноталық үлгілерін жасап, фортепианоға лайықтап өңдеген.
Альвин Бимбоэс тек музыкалық зерттеуші ғана емес, сонымен қатар қоғам қайраткері ретінде де белсенді болды. Ол Ресей географиялық қоғамының Музыка бөлімінде жұмыс істеп, Халық музыкасын зерттеу комитетіне, сондай-ақ Музыкалық мамандықтарды зерттеу қоғамына мүше болды. Сонымен қатар ол Санкт-Петербургтегі экономикалық зерттеулер институтында қызмет етіп, ғылым мен өндіріс арасында тиімді байланысты орнатуға ұмтылған дейді. Ол өз идеяларын үнемі жетілдіруге тырысып, сол заманға озық экономикалық шешім-тәсілдерді ұсыныпты.
Бимбоэстің өз қолымен салған Мұстафа Нұрабаев суреті
1920 жылдары Бимбоэс қазақ әндерін зерттеумен ғана шектелмей, оларды насихаттау ісіне де белсене араласты. Мысалы, 1925 жылдың ақпанында Петербургте өткен Радлов атындағы музыкалық үйірменің жиналысында ол «Қырғыз-қазақ музыкасы» тақырыбында баяндама жасап, әндерін орындап береді.
1926 жылы Ресей жағрафиялық қоғамы «Музыкалық этнография» атты мақалалар жинағын баспадан шығарады (редактор Н.Финдейзен), осы жинаққа Бимбоэстің алғы сөзі мен өзі жазып алған 25 әннің нотасы берілген. Төменде алғы сөздің ықшамдалған аудармасын ұсынып отырмыз.
Альвин Эрнестович Бимбоэс: 25 қазақ әні
1919 жылдан 1922 жылға дейін Ақмолинск (қазіргі Ақмола) облысында тұрдым. Өз бастамаммен бірқатар қырғыз (қазақ) халық әндерін жазып алдым. Олардың ішінде 5 ән ерекше көзге түсті. Қазақ әндерінің негізгі сипаты – халықтың импровизаторлық қабілетін көрсететін шексіз ән айтуы. Мысалы, қазақ әйелі таңертең, үй шаруасын істей жүріп, қайда бара жатқанын, не істейтінін, ауа райы туралы өз ойын әнмен жеткізеді. Көбіне бұл әндер ұзақ болып келеді. Алайда кейде олардың ішінде құрылымы жағынан және мазмұны бойынша жүйеленген әндер де кездеседі.
Мен әндерді негізінен мереке кездерінде, тойларда, әсіресе, үйлену тойларында және басқа да мерекелік жиындарда орындалған сәттерінде жазып алдым. Ақмола уезінде кеңінен танылған, өте жақсы әнші — Мұстафа Нурабаев деген кісі болды. Мен оның және тағы бір белгілі әнші Оспанды да жазып алдым. Ақмолинскіде тұрып жатқанда, менің көңілімді әсіресе, қазақ әндерінің ерекше ұлттық сипаты, домбырамен сүйемелденетін формасы қызықтырды. Сонымен қатар әншілерді қалаға шақырып, рояль көмегімен де жазып алуға мүмкіндік болды. Осылайша, мен жазған әндерімнің нақтылығын рояль арқылы екі жыл бойы тексеріп отырдым. Бұл маған, қазақ орындаушыларының кейде әртүрлі айтуынан туындайтын интонациялық және әуендік өзгешеліктерді салыстыруға мүмкіндік берді.
Жоғарыда жазылған жинақтың түпнұсқасы қолымызға тимесе де, сол еңбекке сүйеніп жазылған мақала негізінде нотаға түсірілген әндердің тізімін жаза аламыз. 1967 жылы «Народная музыка в Казахстане» атты ғылыми еңбектер З.Визельдің авторлығымен Бимбоэстің жұмысы жайлы ғылыми мақала берілген. Сол жерде «кезінде жарық көрген ноталарды қаз қалпында беріп отырмыз» деп әндер ұсынылған. Олар: «Жиырма бес», «Сырымбет», «Торы», «Махаббат әні», «Елім-ай», «Қарға», «Қошан сері», «Ұмсын», «Ләйлім», «Сегіз аяқ», «Сазны» (дәл осылай берілген – ред.), «Көктөбе», «Шәкәрім», «Бұлбұл», «Ақбет», «Жерім-ай», «Еділ бойы», «Терме», «Құлым жер» («Құлын жер» болуы да бек мүмкін), «Көкшетау уезінде жазылған ән», «Қыз бикеш», «Шәкәрім» (осындай атпен тағы бір ән), «Алип би» (Әліп не Алып шығар, немесе Әліпби болуы да мүмкін), «Көкем-ай», «Мақтамақ», «Ләйлім» (екінші түрі), «Татьянаның хаты». Нотаға түсіруші бұл әндерді Семей, Ақмола және Көкшетау уездерінен жинаған.
Осы тізімде Бимбоэстің «Шәкәрім» деп берген екі әні ерекше назар аудартады. Бұл әндерді Алвин Эрнестович Шәкәрім қажының өз аузынан жазып алды ма, әлде өзгелердің жеткізуі бойынша нотаға түсірді ме – бұл жағы бізге белгісіз. Дегенмен жазушы, журналист Смағұл Рахымбектің Бимбоэс пен Шәкәрімнің кездесуіне арналған әңгімесі бар екенін атап өткен жөн.
Алвин Эрнестович Бимбоэс – шетелдік, экономика саласы маманы атанғанымен, нотаға жүйрік, музыканы тани алатын адам болған екен. Оның жинаған және өңдеген материалдары қазақ музыкалық фольклорының дереккөздік қорын толықтырып қана қоймай, бұл бағыттың алғашқы ізашарларының бірі ретінде есімін тарихқа енгізді. Бұл еңбектері талай зерттеуге негіз болып, ХХ ғасыр басындағы қазақ музыкасының тынысын көрсетеді.
Бұған дейін Затаевичке қазақтың әні мен күйін жинауға кім тапсырма бергені туралы жазған болатынбыз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі