Бұған жаңадан іске қосылған IQ Nomads бағдарламасы себепші болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Бағдарламаның басты мақсаты – көрші елдегі талантты этникалық қазақтарды тауып, оларға қолдау көрсету.
Қазақстанда IQanat олимпиадасының ІІ туры өтіп жатқанда, Моңғолияда да іріктеу сайыстары болды. Оған Моңғолияның қазақтар көп тұратын Баян-Өлгей аймағындағы 100-ге жуық қандасымыз қатысты. IQ Nomads бағдарламасының арқасында Бурабайдағы IQanat мектебінде қазірдің өзінде Қырғызстан мен Моңғолиядан келген үш қазақ баласы толық грант негізінде білім алып жатыр.
Солардың бірі – Іңкәр Серік. Бірақ Іңкәр бұл жолы Моңғолияға жобаның қатысушы емес, IQanat мектебінің оқушысы ретінде барды. Ол олимпиаданы ұйымдастыруға көмектесіп қана қоймай, жерлестеріне өз күшіне сеніп, сынақтан қорықпау керегін айтты.
«IQanat мектебі – сен қайда дүниеге келсең де, сапалы білім алып, өз арманыңа қол жеткізуіңе болатынын дәлелдейтін керемет мүмкіндік. Мен Моңғолияның кішкентай ғана ауылында дүниеге келдім. Онда интернет тек терезе алдында ғана ұстайтын. Ал біз қалаға өте сирек баратын едік. Қазір мен Бурабайдағы заманауи мектепте білім алып жатырмын. Мұнда оқуға түскенде басында өзім де сенбедім. Себебі бұл жер мүлдем басқа әлем сияқты! Енді өзімнің жерлестерімді де бар күш-жігерін салып, IQanat мектебіне оқуға түсуге шақырғым келеді. Себебі олар бұл мектепте өздерін не күтіп тұрғанын білмейді. Мен соның бәрін айтып беру үшін арнайы келдім», – дейді Іңкәр Серік.
Моңғолиядағы қандастар емтихан тапсырып жатқанда, Қазақстанда да ауыл балалары білім жолында өзара бақ сынап жатыр. Мәселен, ауылдағы 8-сыныптың 10 мың оқушысы аудан мен облыс орталықтарына келіп, IQanat мектебінде оқуға бір қадам жақындата түсетін финалға өту үшін сайысты.
Биыл олимпиаданың екінші кезеңі екі аптадан астам уақытқа созылды, ұйымдастырушылар мен балалар жалпы 45 мың шақырымнан артық жол жүрді. Балалардың 70 пайыздан астамы әлеуметтік осал отбасынан болғандықтан, оларға олимпиадаға қатысу – үлкен мүмкіндік.
Сол себепті осы кезде балаларға олимпиадаға қатысу шығынын өтеп беретін, кейін ауылда жоқ білім алу мүмкіндігіне жол ашатын қамқоршылардың көмегі өте маңызды. Қазір IQanat өз қатарына қазақстандық 200-ден астам кәсіпкерді жинаған.
Олардың арасында балаларға қаржылық көмек көрсетіп қана қоймай, олимпиадаға өзі келіп, қолдау көрсетіп жатқандар да бар. Оған дейін кәсіпкерлер өз өңіріне барып, қатысушылармен жеке кездеседі. Тестілеуге кірмес бұрын балаларды ынталандырып, ерекше шабыт сыйлайды. Мысалы, Атырауға Нұрасыл мен Нұрлан Жарбасовтар, Павлодарға Ержан Әуезов, Жетісуға Әсет Төлемісов, Абай облысына Айдос Таңсыққожин барса, Батыс Қазақстан облысында балалармен Динар Хамиев пен Еркебұлан Супалдияров кездесті. Түркістандағы балаларға Серік Төлбасы үлкен қолдау көрсетсе, қарағандылық балаларды Айдос Мұқатаев, ал Шығыс Қазақстан облысының қатысушыларын Сергей мен Екатерина Диденко қолдады.
Биыл болған тағы бір ерекшелік – Peer-to-Peer жобасы. Жоба аясында жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері өзінен жасы кіші балаларға тәлімгер болады. Олимпиаданың екі аптасында 200 тьютор жеті пән (география, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, физика, математика, биология мен химия) бойынша 8-сыныптың 6 300 оқушысын оқытты.
«Бұл екі аптада балалар сабақ оқып қана қоймай, ұзақ уақыт бойы есте сақталатын маңызды сәттерге куә болды. Жоғары сынып оқушылары өзінен кіші сыныптың оқушыларына тапсырманы дұрыс түсінуге, мектепте алған білімін толықтыруға көмектесті. Жылы сөзін айтып, өздері де үлгі бола білді. Балалар үшін бұл – жаңа өзгерістерге бет бұрған алғашқы қадам. Олардың көбі алғаш рет басқа қалаға шығып көрді, бірінші рет пойызға отырды, өз ауылынан алыс сапарға шықты. Мұндай жағдайда жоғары сынып оқушыларының қолдауы олардың бойындағы өз күшіне деген сенімін оятады», – деді Peer-to-Peer жобасының жетекшісі Әсел Әбдірахманова.
Қамқоршылар, қызметкерлер, үйлестірушілер, тьюторлар, түлектердің бірлескен күші мен адал жұмысы ауылдағы ең ынталы балаларды іріктеп, жарқын өмірге «білім жолдамасын» беруге бағытталған. Сондықтан IQanat ақылды әрі жүйелі қайырымдылық жолын ұстанады. Жобаның тиімді екені нақты нәтижелерден-ақ көрініп тұр. Өйткені түлектердің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грант негізінде оқуға түсіп, қазір олар әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.