Кітапхана соңғы үлгідегі қызмет көрсететін техникамен жабдықталған.
24/7: Қарағанды зерттеу университетінде заманауи кітапхана ашылды
343
оқылды

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде заманауи кітапхана ашылды. Бұл жаңа кітапхана – студенттер мен оқытушылар үшін тек ақпарат алу алаңы ғана емес, ой өрбітіп, ғылымға ден қоюға мүмкіндік беретін ерекше орта.

— Негізгі мақсат – балаларға құнды білім беру. «Аса мәртебелі студент» дегенді жиі айтамыз ғой. Мәселен, Жапонияда болғанымда онда кітапхананың 24 сағат жұмыс істегенін көрдім. Неге бізде осындай жағдай орнамасқа? Міне, бұған да жеттік. Енді, бұл кітапхана тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді, — деді университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы. 

Қазіргі таңда ақпаратқа қолжетімділік артқанымен, кітаптың құндылығы ешқашан жойылған емес. Жаңа кітапханасының цифрлық жүйеге негізделуі – білім алушылардың уақытын үнемдеп, ізденісін жеңілдетуге зор мүмкіндік береді. ID карталар арқылы қажетті кітапты өз бетінше тауып, қолдану уақыт талабына сай жасалған тиімді шешім дер едік. 

Тұсаукесердің ең басты қонағы асылдың сынығы, Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин кітап үйінің ашылуымен құттықтап, жылы естеліктерімен бөлісті. Университет кітапханасына классик жазушы Мұхтар Мағауиннің 20 томдық толық жинағын сыйға тартты. 

 

Өз кезегінде Едіге Мұхтарұлына да университет тарапынан сый-сияпат жасалды. 

Кітапхана соңғы үлгідегі қызмет көрсететін техникамен жабдықталған. Кітапхана 8 залдан тұрады: конференц зал, жеке жұмыс залы, сирек қор залы, мультимедиалық ресурстармен жұмыс аумағы, оқу залы, этнозона, абонемент, кітап қоры. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.