Былтыр ғана тек Астана қаласының өзінде жеке сот орындаушылар тарапынан 422 681 атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Бұл – елордада атқарушылық құжаттардың орындалуына байланысты жұмыс ауқымының қандай екенін көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дегенмен осы үдерісте азаматтардың құқығы мен мүддесіне нұқсан келтіретін фактілер де жоқ емес. Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті төрағасының орынбасары Т.Әбубәкір ұсынған мәліметтерге сәйкес, сот орындаушылардың әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) қатысты азаматтардан министрлікке тұрақты түрде шағым түсіп тұрады. Шағымдардың арасында борышкерлерге тиісті хабарламаның уақытылы жіберілмеуі сияқты жағдайлар да тіркелген. Мұндай жағдайлар бойынша жеке есеп жүргізілмесе де, әрбір шағым заңнамаға сәйкес қаралып, тиісті рәсімдер жүзеге асырылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот орындаушысы кейбір жағдайда (мысалы, мүлікке тыйым салу, шұғыл орындалуға жататын құжаттар болған кезде) борышкерді алдын ала хабардар етпей, мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдай алады. Бірақ бұл құқықты асыра пайдалану азаматтардың заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіретін болса, заңбұзушылық болып саналады.
Мұндай әрекеттерге заңмен нақты жауапкершілік көзделген. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 251-бабына сәйкес, жеке сот орындаушысының өз өкілеттігін қызмет мүддесіне қайшы түрде қолдануы, егер ол айтарлықтай зиян келтірсе, қылмыстық жауаптылыққа алып келеді. Сонымен қатар заң талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, ал өрескел бұзушылықтар болса, оның лицензиясы тоқтатылып немесе күшін жояды.
Бұған қоса, заңның 170-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының, Жеке сот орындаушыларының Кәсіптік ар-намыс кодексінің және Республикалық палата жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушысына тәртіптік жауапкершіліккетарту туралы шаралары көзделген.
Жеке сот орындаушылардың қызметіне бақылауды Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталары жүзеге асырады. Сонымен қатар прокуратура органдары да бұл салада өз бақылау өкілеттігін жүргізеді. Түсетін шағымдар негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
Егер азамат жеке сот орындаушысының әрекетіне наразы болса, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, жоғары тұрған әкімшілік органға немесе сотқа шағымдануға толық құқылы.
Мемлекет тарапынан мәжбүрлеп орындату саласында заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен бұл салада ашықтықты күшейту, азаматтарға ақпарат жеткізудің тиімділігін арттыру және сот орындаушылардың жауапкершілігін нақтылау – уақыт талабы.