Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банк секторының несие беру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Сүлейменов қараша және наурыз айларында базалық мөлшерлемені арттыру арқылы қалыптасқан ақша-несие жағдайларының қалыпты қатаңдығы банк секторына өтімділік қорының артуына ықпал еткенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қазіргі таңда банктер экономика қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті көлемде несие бере алады. Мұндай несие беру әлеуеті әсіресе 2024 жылдың соңында ішкі сұраныстың күрт өсуінен кейін оның тарихи орташа деңгейге қайта оралуы жағдайында маңызды болып отыр», - деп атап өтті.
Сүлейменов қазіргі саясат экономикалық ортада болжамдылық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Банктік өтімділік – несие беру мен инвестицияны қолдауға арналған маңызды құрал.
Оның пікірінше, несие беру мүмкіндіктерінің жеткілікті болуы банк секторына тек қазіргі деңгейін сақтап қана қоймай, сонымен қатар қаржылық ресурстарды ұсынуды белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді.
«Бұл – жаһандық белгісіздік жағдайында да экономикалық өсім үшін берік негіз қалыптастырады», – деп атап өтті Сүлейменов
Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл жөнінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, қабылданған шешім АҚШ-тың сауда саясаты мен Қазақстанның негізгі серіктес елдеріндегі инфляциялық тәуекелдерге байланысты жаһандық белгісіздік пен нарықтардағы құбылмалылық жағдайында реттеушінің теңгерімді ұстанымын білдіреді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылдың наурызында жылдық инфляция 10%-ға жеткеніне қарамастан, айлық көрсеткіштер тұрақтанудың алғашқы белгілерін көрсетіп отырғанын атап өтті.
2025 жылдың бірінші тоқсанының жедел деректеріне сәйкес, экономиканың жылдық өсімі 5,8%-ды құрады. Бұл ішкі экономикалық ахуалдың тұрақтылығын көрсетеді. Ішкі сұраныспен тікелей байланысты салалар – көлік, құрылыс және сауда – жоғары даму қарқынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар бөлшек сауда мен ірі сатып алулар көлемі тұтынушылық сұраныстың қалыпқа келе бастағанын айғақтайды.
Сыртқы жағынан алғанда, Ресейдегі жоғары инфляция мен әлемдік азық-түлік бағасының өсуі секілді факторлар қысым жасауды жалғастырып отырғанымен, Ұлттық банктің қабылдап жатқан шаралары олардың ішкі экономикаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңге арналған болжамдарға сәйкес, инфляциялық қысым одан әрі төмендеп, ақша-несие саясатының тұрақтылығы сақталады.