Біздегі дүкен сөрелерінде кездесетін экзотикалық жемістерге манго, авокадо, мангустин, личи, питахайя, рамбутан және басқа да түрлері жатады. Бұл — дәрумендер мен минералдардың нағыз қоймасы. Алайда кейбір жағдайларда олар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін,-деп ескертті диетолог Полина Журавлева Қоғамдық жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында.
Маманның айтуынша, бұл жемістер пайдалы микроэлементтерге бай болса да, аллергия тудыруы мүмкін. Әсіресе, оған бейімділігі бар адамдарда. Мысалы, латекске аллергиясы бар адамдар манго немесе авокадоға сезімтал келеді. Тағы бір қауіп — бұл жемістердің ұзақ қашықтыққа тасымалдау алдында арнайы өңдеуден өткізілуі. Журавлеваның сөзінше, олар көбіне химиялық заттармен өңделеді, бұл олардың сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
«Мұндай өңдеу үшін фунгицидтер немесе балауыз жамылғылары қолданылуы мүмкін, оларды қарапайым сумен жуу әрдайым мүмкін бола бермейді. Егер жемістің таза екеніне сенімді болмасаңыз, қабығын аршыңыз немесе органикалық өнімдерді таңдаңыз», — деп кеңес берді дәрігер.
Сондай-ақ ол экзотикалық жемістерді бірден көп мөлшерде емес, аздап және біртіндеп жеуді ұсынып, ағзаның реакциясын бақылауға кеңес берді. Ас қорыту жолдарының созылмалы ауруларына шалдыққан адамдар бұл мәселеге ерекше сақтықпен қарауы керек.
Ал үш жасқа дейінгі балаларға мұндай жемістерді мүлдем бермеу қажет,- дейді диетолог.
Жалпы алғанда, дұрыс пайдаланылған жағдайда тропикалық жемістер дәрумендер мен антиоксиданттардың көзі саналады. Мысалы, мангода А дәрумені көп, кивиде – С дәрумені, ал авокадо – пайдалы майлардың тамаша көзі.
Бұған дейін ғалымдар экзотикалық жемістердің адамның ішек микрофлорасына оң әсер ететінін және салмақ тастауға көмектесетінін анықтаған. Мәселен, маракуйя, гуава, асаи және бурити тағамдық талшықтарға бай әрі майлы қышқылдар мөлшері жоғары. Олар антиоксиданттарға да бай, ал бұл заттар ағзадағы тотығу үдерісінің жылдамдығын төмендетіп, қартаюды баяулатады.