Бірінші оқылымда депутаттарға «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын талқылау ұсынылады.
Жаңа заң жобасы Үкіметпен нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорларды құру және олардың қызмет етуінің құқықтық негізін қалыптастыру үшін әзірленген. Эндаумент-қорларды басқару үшін инвестициялық табыс пен меценаттық қызмет нысандарын қаржыландыруды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым ретінде мақсатты капитал қор құру ұсынылады. Осы заң жобасына ілеспе ретінде Азаматтық кодекске, «Білім туралы», «Қайырымдылық туралы» және «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заңдарға өзгерістер енгізу қарастырылған.
Жалпы отырыста депутаттарға ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген. Өзгерістер қолданыстағы 16 заңға енгізіледі.
Сонымен қатар күн тәртібінде Қазақстан Республикасының «Аумақтық қорғаныс туралы» заң жобасы да бар. Бұл құжатпен аумақтық қорғаныстың құқықтық негіздері, оның мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі айқындалады. Заң жобасын депутаттар екінші оқылымда қарайтын болады.