Саттарханов жайында түсірілген мультфильм де, театрлық қойылым да, өлең мен күй де бар. Ал түрколог, зерттеуші Ержан Арғынбаев құрастырған жинаққа осының бәрі бірдей енді. Спортшының туғанына 45 жыл толуына орай жарыққа шыққан кітаптың авторымен тілдестік. Ол аталған жинақты жасауға былтыр кірісіпті.
«Бекзат – спортшы емес, ол қазақтың 20 жыл күткен жеңісін әкелген батыр», – деп бастады әңгімесін Ержан Арғынбаев. Құрастырушының айтуынша, «Жарқ етіп сөнген 20 жас» чемпионның туғанына 45 жыл толуына орай жоспарланып, жарыққа шыққан. Оған ширек ғасыр ішінде Бекзат Саттархановқа арнап жазылған еңбектер топтастырылған. Ержан Арғынбаев саңлақ спортшы туралы деректерді көбіне Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларындағы кітапханадағы қорлардан алғанын айтты.
– Зерттеу барысында Бекзатқа арнап жазылған 100-ге жуық өлең таптық. Алайда биылғы 45 жылдығына орай 45 өлеңін ғана іріктеп алдық. Одан бөлек, жинағымызда 8 әннің сөзі, 15 аспаппен орындалатын оркестрге арнап жазылған үш күйдің нотасы, кітаптар мен телевизиялық туындылардың, көшелер мен кешендердің тізімі бар. Бекзат Саттархановқа арналған аталмыш еңбектерді жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Мақсатым – Бекзаттың жасағанын, ол туралы жарыққа шыққан барлық туындыны көпшілікке таныту және келер ұрпаққа жеткізу, – деді ол.
Жоба мұнымен аяқталған жоқ. Жинаққа енген 45 өлеңді енді түрік тіліне аудару жүзеге асып жатыр. Оның себебін кейіпкеріміз Бекзат Саттарханов қазақ елінің ғана емес, түркі әлемінің мақтанышына айналғанымен түсіндірді. Сондықтан ұлт мақтанышы туралы өлеңді туыс халықтар да өз тілінде оңай оқи алуы керек екенін атап өтті.
Жинақ «Қазақ ақын-жырауларының жоқтау жырлары және Бекзат Саттархановқа арнап жазылған жоқтаулар» деген мақаладан басталды. Рухани миссияға айналған жұмысты бастауға осы мақалада кездескен спортшы туралы өлеңдер түрткі болыпты.
– Жоқтауларды жинай жүріп, Бекзат ағамызға арнап жазылған өлеңнің көп екенін байқадым. Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызының «Осы өлеңдерді неге кітап етіп шығармасқа!» деген пікірінен соң өлеңдердің жанына өзге де еңбектерді қосу идеясы туды, – деді Е. Арғынбаев.
Оқырманға тағы түсінікті болуы үшін жинаққа енген 30 кітаптың тізімі ұсынылған. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. «Жарқ етіп сөнген 20 жастың» негізгі өзгешелігі – спортшыға арналған өлең, ән, күй, кино, мультфильм, деректі фильмнің бәрі қамтылған. Әрі олардың қайдан алынғаны көрсетіліп, дереккөздер келтірілген.
– Біз деректерді негізінен мұрағаттардан алдық. Алайда Сырлыкүл апамызбен және тікелей авторлармен де сөйлесіп материалдардың дұрыстығын бақылап отырдық. Мысалы, әндердің сөздерін, күйлердің ноталарын авторларға жіберіп, тексерттік. Бекзаттың спортшы ретінде бағындырған белесі, алған асуы бөлек әңгіме. Ал қайсарлығы мен сабырлығы жастарға үлгі болуы керек. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдары Бекзат ағамыз қиындыққа мойымай жаттығуына жаяу барып жүріп, бокс қолғабын анасының етігінің қонышымен жамап жүргені нағыз сабырлықтың үлгісі емес пе? Сондай жағдайдан шығып, Туымызды олимпиадада желбіретті. Сол жеңіс 80-жылғы Мәскеу қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың жеңісінен кейін қазақтың 20 жыл күткен жеңісі болатын, – дейді зерттеуші.
Небәрі 20 жастағы баланың ұлт мақтанышына айналуы тарихи оқиға еді. Сондықтан Ержан Арғынбаев Бекзат Саттархановты рухымызды көтерген ұл ретінде дәріптеуіміз керегін алға тартты. Осыған сәйкес, соңғы уақытта спортшы туралы жарыққа шығып жүрген кітаптардың кең тақырыпты қамтып, шаршы алаңнан тыс Бекзатты суреттейтінін атап өтті. «Осындай еңбектер жастарға спортшыны жақыннан тануға мүмкіндік береді» деп тұжырымдады ол.
Құрастырушыдан алдағы жоспары туралы сұрағанымызда осы сынды тағы бірқатар жобаны жүзеге асыратынын айтты. Зерттеу кезінде табылған 10 өлеңнің қалғанын алдағы уақытта тағы да бір жинақ кітаптың ішіне енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, жинақты көп таралыммен шығарып, өңірдегі мектептерге таратуды қолға алмақ.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ