Иә, болашақ – жұмбақ. Десе де, жұмбаққа адамзат әуелден құмар. Болашақты болжауға деген ұмтылыстар өте ертеден бастау алғанын, келер заманды алдын ала болжап, жүйелеген абыз, әулие, көсемдер мен даналардың әрекетінен байқауға болады. Уақытты бағамдай алу жақын болашақтың бейнесін тани түсуге жол ашса, өз кезегінде бұл феноменді қарастыру негізінде болашақ туралы ілімдердің қалыптасуына алып келді. Соның бірі – футурология. Бұл қандай ғылым? Футурологтар замана ағысын қалай бағамдайды? Осы төңірегінде ой қозғап көрсек...
Жалпы, футурология терминін алғаш 1943 жылы Батыс Берлин университетінің профессоры О.Флехтгайм «болашақ философиясының» атауы ретінде ұсынған. Сонымен, футурология деген не десек, оны әлемдік бірлестіктердің даму болашағын болжауға бағытталған, философия, әлеуметтану, мәдениеттану және саясаттану тоғысында қалыптасқан жас білім саласы деуге болады. Ол ХХ-ғасырдың екінші жартысында ғылыми-техникалық жетістіктердің дамуы, соған байланысты күрделі талдау мен ғылыми басқаруды талап еткен, қоғамдық дамудың көптеген мәселесі аясында қалыптасты. Кез келген мемлекеттегі стратегиялық жоба-жоспарлар да болашақты ескере отырып жасалып, тіпті дамыған, өркениетке құлаш сермеген елдер геосаяси мүдделеріне сәйкес алдағы ғасырлық жоспарларын таразылап қойды. Демек, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикасын көтеру секілді іс-шаралар жан-жақты зерделеніп, ықтимал дағдарыстардың алдын алмай, заманның аңысын аңдып, тамырын басып, дұрыс шешім қабылданбай өркениет көшіне ілесу екіталай.
Футурологтардың орындалған болжамдары
Футурулогтардың көп болжамы өз уақытында нанымсыз және фантастикалық болып көрінгенімен, бүгінде олардың көбі шындыққа айналғанына уақыт куә. Айталық, 70-жылдардың басында футурологтар мен ғалымдар адамзаттың ғарышқа шығып, басқа планеталарда өмір сүру мүмкіндігі туралы болжам жасады. Ғарыштағы адамның болашағын болжаған футурологтар әлемді таңғалдырып, ғарышқа адамды қондыру мүмкіндігін айтқан еді. Бүгінде бұл болжамдардың көпшілігі орындалды. Мәселен, Аполлон бағдарламасы (1969 жылы) алғаш рет адамның Айға қонуын жүзеге асырса, соңғы жылдары SpaceX компаниясы мен NASA-ның жұмыстары адамзаттың Марсқа ұшуы мен ғарышқа тұрақты қоныс аударуы туралы болжамдардың шындыққа айналғанын дәлелдей бастады. Сонымен қатар 1950-1960 жылдары футурологтар мен ғалымдар жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуына үлкен үміт артты. Олар машиналардың адам сияқты ойлау және шешім қабылдау қабілеттерін болжады. Бүгінде жасанды интеллект көптеген салада кеңінен қолданылып жатыр. Соның ішінде медицинада диагноз қою, қаржы саласында сауда жасау, көліктерді жүргізу және тағы басқа көптеген автоматтандырылған қызметті адамның қатысынсыз орындауда. IBM компаниясының Watson жобасы, Google-дың DeepMind жобасы, Tesla компаниясының автокөліктерінің өзін-өзі басқару мүмкіндігі сияқты жетістіктер футурологтардың 20-30 жыл бұрын жасаған болжамдарының орындалғанын көрсетеді. Бұл технологиялар қазірдің өзінде күнделікті өмірімізге еніп, болашақтың болжауларын шындыққа айналдырды. Тіпті, XXI ғасырдың ең қауіпті қаруы – атом немесе термоядролық қарулар емес, әлемдік державалар бір-бірімен жарысып жасап жатқан өзін жетілдіретін жасанды интеллектер болуы мүмкін деген де болжам айтылды. Бұл туралы франциялық футуролог Kaspersky Geek Picnic фестиваліне арналған баспасөз конференциясында айтқан болатын: «Нельсон Мендела 1995 жылы өзінің ғылыми еңбегінде өтіп бара жатқан ғасырдың жаппай қыру қаруы – атом бомбалары болса, келер ғасырды жасанды интеллект адамзаттың дұшпанына айналатыны жайында болжаған. Шындығында, жасанды интеллект атом бомбалары секілді уран мен алып зауыттарды қажет етпейтін тек кремний мен электр тоғының көмегімен адамның қолынан келе бермейтін дүниелерді атқаруға мүмкіндігі бар», – дейді ол.
Білім беру саласы да футурологтардың назарында болды. Олар ақпараттың тез арада таралуы мен білім алу жолдарының жаңа жолдарын болжады. Қазірдің өзінде онлайн білім беру, алыстан оқыту, виртуал сыныптар және MOOC (Massive Open Online Courses) платформалары білім алудың жаңа кезеңін бастады. Бұл үрдіс пандемия кезінде ерекше анық көрінді, өйткені онлайн оқыту мектептерде, университеттерде және жұмыс орындарында кеңінен қолданылды.
Қазақта футурологтар болған ба?
Қазақ тарихындағы футуролог десе ең алдымен жадымызда заманның аңысын аңдай білген белгілі жырау, сәуегей Мөңке би жаңғыра түседі. Жыраудың «Азарсың, жұртым, азарсың» атты толғауында келер заманға деген пессимистік болжамдарын байқауға болады. Мәселен: «Азарыңның белгісі: Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады» – дей келе: «Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады» – деп бүгінгі күннің шындыққа айналған бет-бейнесін суреттейді. Тек Мөңке би емес, сол кезеңдегі Асан қайғыдан бастап Шортанбай мен Бұқар жырау секілді дала данышпандары болашаққа болжам жасап, хан мен халықты содан сақтандыруға шақырған. Мәселен, Асан қайғы: «Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
О күнде қарындастан қайран кетер,
Ханнан – күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлың-қызың орысқа бодан болып,
Қайран есіл ел-жұртым, сонда не етер?!» – деп толғайды. Асан қайғының Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздеуі де келер күнге болжам халқының болашағына қам жасауы деп ұғуға болады. Жыраудың көп толғауы Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады. Ханға арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді («Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?»). Асан қайғы осы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегенділік танытады. Ал ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлер алдындағы айтқан болжамы туралы білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Өзінің өліміне 10 жыл қалғанда 1921 жылы Мәшһүр Жүсіп бар туыс-тумасын жинап, бір жерді анықтап көрсетіп: «Менің мазарымды осы жерден қазыңдар. Мені жатқызып емес, отырғызып жерлеңдер. Әлсін-әлсін хабар алып тұрыңдар, менің денем 40 жыл бойы бұзылмай сақталады» деген екен. Мұның себебін сұраған ауылдастарына: «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі бақа-шаян теріп кетесің-дер», – деп 1931 жылғы ашаршылықты күні бұрын болжаған екен. Расында, сопы жан тапсырған соң әлсіреген туыстары әулиенің мәйітін дайын мазаратқа әрең апарып жерлейді. Содан соң әулие Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды: «Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады» деп болжаған екен. Әулиелік дарыған Көпейұлы болжамының көбі дәлме-дәл келгеніне қазіргі уақыттың кескін-кейпін дәл болжағанына қарап дала футурологы деуімізге болар-дай.
Сондай-ақ саясаттанушы Ерлан Саиров өзінің берген бір сұхбатында Шоқан Уәлихановты футуролог санайтынын айтады. «Иә, Шоқан – футуролог. Мысалы, Орта жүз қазақтарын басқару туралы қызметтік жазбасында ол түрліше болжамдар жасай отырып, басқару формасын құбылту арқылы қилы нәтижеге жетуге болатынын көрсетіп береді. Шоқан өткенді зерделей отырып, болашақтағы жағдайды бағамдауға болатын құнды еңбектер қалдырды. Осы еңбектер нәтижесінде бізге «Болашақтың тарихы» деген еңбек жазуға болады. Себебі тұрақты даму үшін болашақты болжап отыру керек. Егер «Болашақтың тарихы» деген сияқты жобалар бар болса, Шоқанның, Әлкейдің, Қаныштың еңбектерін зерттей отырып, қазақ қоғамының болашақтағы бейнесін көз алдымызға әкелуге болады. Осылайша, қазақ футурологиясының негізін қалауға болар еді», – дейді ол.
Сонымен қатар халқымызда құмалақ салу, бал ашу, жауырынмен қарау деген де көріпкелдік қасиетті аңғартатын дүниелер болған. Мәселен, қазақы таным-түсінікте жауырыншы деген бар. Жауырыншылық өнер соғыспен, жауынгерлікпен тікелей байланысты, жауырыншы – жауырын сүйегіне қарап болашақты болжайтын адам. Сол арқылы соғыс, жорық нәтижесін болжаған.
Түйін:
Қазақ мақалында «заманына қарай – адамы, адамына қарай – заманы» деп адам болмысының әлеуметтік жағдайларға икемделіп отыратынын қысқа да нұсқа түсіндірсе, хакім Абай: «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманды жаман күйлемек, Замана оны илемек» деп заманды болжау әрекетін адам анықтаса, әрекеттің нәтижесін заман анықтайтынын айтады. Мамандар болжамдық зерттеулердің екі түрі бар екенін айтады. Біріншісі, шынайы жағдайды талдай отырып, оқиғалардың болашақтағы барысының ықтимал нұсқаларын болжау, алдын ала айту болса, екіншісі, балама нұсқаларды анықтау, оған қол жеткізудің жолдарын көрсету. Одан бөлек, оптимистік (немесе жасампаз) және пессимистік (ақырзаманның келуі, топан су, т.с.с.) болжамдар болатыны белгілі. Бүгінде күрделі әлеуметтік болжаумен арнайы ұлттық және халықаралық ұйымдар айналысады. Олардың арасында АҚШ-тың Калифорния, Чикаго университеттері, Франция мен Германия және басқа елдердегі футурoлогиялық институттар, «Стратфор» орталығы бар. Демек, болашақтағы мақсатымызды бүгінгі амалдарымыз айқындайтын болса, футурология ғылымына назар аудару, маман даярлау – уақыт талабы. Кешегі Бұқар жырау, Асан қайғы сияқты, әлемдік атақты футурологтар – Элвин Тоффлер, Сэмюэль Хантингтон, Френсис Фукуяма секілді бізден де жаһандық болжамдар жасайтың футурологтар шығатын шығар деп үміт етеміз. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындай мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» дейтін ерлерді туғызбаса елге сын.
Наурызбек САРША