Шетел әдебиеті ана тілімізге жиі тәржімаланып, жыл сайын жаңа туындылар оқырман назарына ұсынылып келеді. Дегенмен қара сөзді сол ұлттың тілінде ұғынықты жеткізе алғанымызбен, поэзиямыз өз деңгейінде аударылып жүр ме?
Бұл сұраққа ақын Темірхан Медетбек Aiqyn газетінің тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
Бұл өте жанды сұрақ. Көптен бері менің көкейімде жүрген мәселе. Осы уақытқа дейін Абайды орыс тіліне бір рет болса да сапалы етіп аудара алмадық. Пушкиннің орысшасын да, қазақшасын да оқыдым. Дегенмен бұл аударманы мен сәтті аударма деп айта алмаймын. Мысалы, әдебиетте Лермонтовтың аударған шығармалары көңілге қонымды. Ал дәл бұлай сәтті аударма шығару үшін аудармашының бойында Лермонтов, Абай деңгейіндегі мықты талант болуға тиіс. Өкінішке қарай, Абайды талантсыз адамдар аударады. Ол Абай әлемін ашып көрсете алмайды, өлеңді Абайдың деңгейінде шығара алмайды. Сондықтан поэзияда сондай бір керемет аударма жасалған шығарманы атап көрсете алмаймын.
Біз ең біріншіден, Абайды өз деңгейінде көрсете алмадық, Махамбетті аудару тіпті мүмкін емес, ал жыраулар поэзиясын аудару тіпті күлкілі болуы мүмкін. Шынын айтқанда, өлең қай тілден қай тілге аударылса да, поэзиядағы аудармаға көңілім толмайды. Бірақ Абай Гетені Лермонтовтан да жоғары деңгейде аударды. Сондықтан өлеңге сапалы аударма жасау үшін ең алдымен сол ақынның деңгейіндегі адамдар аударуға тиіс шығар деп ойлаймын. Мұндай деңгейге лайығы табыла қоя ма, білмеймін. Менің түсінігім ала-құла, мойындауым керек. Бірақ бұл принципті түрде ойлайтын аса қиын жауапты құбылыс деп білемін.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.