Яғни, Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты – 15,6 мың гектар, Қарабау ауылдық округіне тиесілі – 4,4 мың гектар, барлығы 20 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне берілді.
«АMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы қолға алған жұмыстың нақты нәтижесін көрген Алтынтөбе ауылының тұрғыны Қосанбай Қалыбеков партияластарға шынайы ризашылығын білдірді.
«Ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі жерден пай үлесін алып, егін егу, мал жаю мүмкіндігіне ие болды. Көп жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселеміздің оң шешімін табуға аянбай атсалысқан «Жер аманаты» комиссиясының мүшелеріне айрықша алғыс айтамын», – деді ол.
Өз кезегінде «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партияның «Жер аманаты» комиссиясы соңғы үш жылда өңірде 1 млн 438 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарғанын атап өтті.
«Бекітілген жоспар артығымен орындалды. Жоба алғаш қолға алынған 2022 жылы Түркістан облысы бойынша 1 млн 34 мың гектар жер қайтарылса, 2023 жылы мемлекет меншігіне қайтарылған жер үлесі 333,5 мың гектарға жетті. Ал 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтқан жер көлемі 70,9 мың гектарды құрап, жылдық жоспар 41 пайызға артығымен орындалды. Биыл өңірде 40,8 мың гектар жерді қайтару көзделіп отыр. Бірінші тоқсанда оның 10,4 мың гектары қайтарылды», – деді ол.
«АMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра береді.