Жаңа анимациялық туынды "Түркістан сақшылары" деп аталады, – деп хабарлайды Аikyn.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Идея авторы "Turkistan" телеарнасының қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Ең қызығы – бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған.
Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Қазір ол мультфильмнің келесі серияларын дайындап жатыр. Болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциялық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты.
Фильм сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған. Персонаждардың аттары да таза қазақ тілінде: Ақпантер – жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.