Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жазды.
Ертең Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтеді
Фото: telegram.org/k/#@ruslanzheldibay
413
оқылды

Ертең Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы басталады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жазды.

«Бүгін осы форумға қатысу үшін келген Қытайдың CGTN медиакорпорациясының және хабар тарату жағынан әлемде көшбасшы саналатын Al Jazeera халықаралық телекомпаниясының басшыларымен кездестім. CGTN бас редакторының орынбасары Дин Юнмен медиа саладағы ынтымақтастық перспективасын талқыладық. Атап айтқанда, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестіктің даму қарқынын кеңірек насихаттау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз өз тарапымыздан бірлескен тележобаны іске қосуды ұсындық», - деп жазды ол.

Айтуынша, мұндай бастама екі ел халқының өзара мәдени байланысын жандандыруға септігін тигізер еді.

Ал Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амримен және Al Jazeera English телеарнасының басқарушы директоры Исса Әлимен болған кездесуде журналистер мен басқа да салалық мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, тұмса табиғаты және қазіргі дамуы жөнінде сыр шертетін деректі сериялар түсіру туралы мәселе талқыланды. 

 

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Әл-Жазирамен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Кездесуде Қазақстанда Al Jazeera арнасының тілшілер қосынын ашу мәселесін де көтерілді. Медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстаса, Қазақстан және Орталық Азия өңіріндегі елеулі оқиғалар туралы қызықты ақпарат тарату мүмкіндігі кеңейеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.