Уақыт ағысындағы адамзат баласының пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты азайып, суалып барады. Ұжданнан айырылған қоғам хайуанның күнін кешіп, азып-тозып кетпей ме? Ал жалпы адамзат бұны ойлай ма?..
Адамнан ұждан кеткен соң, өмір сүрудің қажеті қанша?
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драмалық театры
3,219
оқылды

Ұждан үні

Егер қоғамнан ұят кетсе, ұждан кетсе, не болар еді?.. Бәлкім, моральдық, адами принциптер жоғалса, адам «адам» болудан қалып, хайуанша тіршілік ететін шығар? Бұндайда Аристотель айтатын «Адам – әлеуметтік хайуан» делінетін тіркес еске түседі. Мүмкін, ұждансыз-ақ өмір сүретін қоғамдар бар болар. Бірақ адамнан ұждан түбегейлі кетсе, тіпті ондай ұғым мүлдем болмаса, адам қалай өмір сүруі керек? Міне, сондай кезде сана түкпіріндегі  сұрақтарға жауап іздеп, адам болмысын айқындайтын терең ойлы мұралардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» деп аталатын шағын философиялық әңгімесі. Қазақ руханиятының берік темірқазығына айналған осы бір жұмыр шығарманы күні кеше Астанадағы Жастар театрында  Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драмалық театры қойды.

Қойылымда  сөз жоқ, ерекше серпін бар. Жанды дауыс, әртістердің киімі, қойылған жарық, көрермен орындығында отырып, кенет қойылымға араласа кететін әртістердің қимылы, жекелеген образдар – бәрі-бәрі де үйлесе кеткен сыңайлы. Бір сөзбен айтқанда, театр ұжымы адам жанын мазалаған мәңгілік сұрақтарды сахна тіліне көшіріп, көрерменмен ерекше диалог орната алған. Сондықтан болар, бұл жерден артық деталь, артық іс-қимыл таба алмайсыз. Бәрі де өз ретімен қойылып, «жетер» жеріне дейін жеткен. Қойылым минималистік стильді қамтығанымен, тақырыптық тұрғыдан көтерген жүгі ауыр. Бір ғана идея емес, бірнеше тақырып қатар өрбиді. Бірақ бәрінің түйткілі «ұжданға» келіп тіреледі...

«Ұждан» ертегісі жайлы

Қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» ертегісінің негізінде жазылғанын айттық. Енді бір сәт оқырманға түсінікті болуы үшін сол ертегіге тоқталайық...

Ертегі Қытай патшалығы туралы баяндаудан басталады. Бұрын бұл елде бай да, кедей де өз жағдайына риза болып, тыныш өмір сүріп жатқан. Бірақ бір күні бүкіл халық ұйқысыздық дертіне шалдығады. Бұл дерттің себебі Ұждан атты періште сұлу қыз бейнесінде түнде келіп, әрбір адамның жасаған ісін ой елегінен өткізуге мәжбүрлеуінде еді.

Халық ұйықтай алмай, бұл періштенің «Сен не істедің?» деген сұрағына жауап таба алмай мазасызданады. Емшілер мен дәрілер көмектеспейді. Тіпті, ең ақылды бай – Син-Лу-Жи де бұл дерттен құтыла алмайды. Ол да жасаған әрекеттерін ойланып, өз қатесін түсіне бастайды.

Содан кейін Пекиндегі ұлықтар мен бақсылар жиналып, бұл «Ұждан» атты періштеден құтылу үшін Ту-Ту-Син деген қариядан көмек сұрайды. Ол барлық мәселенің шешімі ретінде заң шығаруды ұсынады. Ал ол: «адамдардың не істеуге, не істемеуге құқы барын заңда бекітіп жазып, бәрін соған бағындыру керек», – дейді. Ұзақ заң жазылып, қырық кітапқа бөлінеді. Әр адам осы заң бойынша әрекет етіп, енді Ұждан келгенде еш қиналмай, «Мен бәрін заң аясында істедім» деп көрпесіне оранып, ұйықтап қала беретін болады.

Соңында Ұжданның өзі Ту-Ту-Синге келеді, бірақ ол да оған заңмен жауап беріп, қызды зынданға қаматады. Содан кейін Ұждан қоғамнан алыстайды, бірақ оның аты ел арасында сақталып қалады. Кейбір адамдар қоғамдағы әділетсіздікті көргенде «Сізде ұждан жоқ екен» десе, оларға «Ұждан бар, бірақ абақтыда» деп жауап береді.

Міне, дәл осы мотив сахнада қойылады. Тек оқиға Қытайда емес, қазақ қоғамындағы элита мен халықтың арасында болады. Әрі кейіпкерлердің аузынан шыққан әр мәселе қазаққа сондай етене таныс жағдай сияқты көрінеді. Мысалы, бір қыз суррогат ана болғанына масаттанса, екіншісі 15 жасында жасанды түсік жасатқанын мақтанышпен айтады. Басқаларында да әртүрлі жағдай. Өрт сөндіруші жұмыс кезінде қорыққаннан оқиға орнынан қашып кетіп, екі бала қайтыс болады. Ал тағы бірі жақын құрбысының күйеуімен көңілдес болып жүреді. Әйтеуір әркімнің өзі білетін жасаған бір «ісі» бар. Бастапқыда ешкім де жасаған қылығынан әбестік көрмейді. Тек Ұждан келіп, бұлардан «сен бүгін не істедің?» дегенде, сол қоғамда яки қауымдастықта өмір сүріп жатқан адамдардың мазасы қашады.

«Қойылымда қазіргі қоғам бар»

Аталмыш қойылымдағы өз рөлі жайлы Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драмалық театрының әртісі Еркежан Төлеубек былай деп баяндайды:

«Біз – қарапайым халықпыз. Біздің аты-жөніміз жоқ, халықты ғана ойнаймыз. Біріншіден, бұл шығарма авторының өзі Шәкәрім Құдайбердіұлы болғандықтан-ақ қазаққа құнды. Өте тың шығарма, философияға толы. Түсінген адам қойылымнан кейін өзіне керек дүниені алады. Кейбір адам бірінші көрген кезде түсінбей жатады. Себебі ойы тым тереңге тартады. Абайдың «қара сөзін» оқыған кезде, қандай философияға толы болса, бұл да сол сияқты әсер береді. Сахнада болып жатқан іс-әрекеттердің барлығы қазіргі қоғаммен байланысты. Шығарманың ерекшелігі, режиссер оның өзегін ала отырып, әртістермен бірлесе, ортақтасып жұмыс істейді. Қазіргі қоғамға, біздегі болып жатқан жағдайларды да байланыстырып, қабыстыра білді», – дейді әртіс Еркежан Төлеубек.

Режиссер шеберлігі

Сонымен қатар әртіс бұл қойылымды қойып берген, әртістермен жеке-жеке жақсы жұмыс істей білген режиссердің еңбегін ерекше жоғары бағалайды.

«Бұл өзі екі-ақ беттік шығарма. Соны режиссер Азамат Нигманов шедеврге айналдырған. Ол кісімен жұмыс істеудің  өзі бізге жаңалық алып келді. Ресейдің театр мектебінен дәріс алғандықтан, режиссурасы да өзгеше болды. Бізге дейін ол Жезқазғандағы театрда спектакль қояды. Біздің режиссерлер соны көрді де, қатты қызығушылық танытты. Бізге басқа «мектеп» алып келді. Сахнада рөлден шығып кетіп, қайтадан рөлге кіріп кетуді үйрендік. Яғни, мұнда біз екі бейнені қатар алып жүреміз, өзің болып сөйлейсің және халықтың атынан сөйлейсің. Ал киімді француз Эли Ранше таңдады. Дәл осы киім бұрын-соңды басқа спектакльдерде болмаған, қайталанбаған ерекше тың дүние болды. Киімнің эскизі әр әртістің дене бітімі, түр тұлғасына қарап салынды. Қойылыммен біз 4 рет фестивальға қатыстық. Ресейге де барып келдік. Қазақстанның біраз қаласында өнер көрсеттік. Барған жерімізде «Үздік ансамбль» деген номинацияны жеңіп аламыз. Бұған біз ерекше қуанамыз. Өйткені ансамбль болса, спектакль де бар деген сөз ғой», – дейді ол.

Шәкәрім әлемі сахнада

Жалпы, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы адамның ішкі дүниесін, ар-ұжданын, адамгершілік пен парасаттың ең биік, ең асыл өлшемдерін негізге алады. Ол «Ұждан» жайлы терең ой қозғап, адам баласының ақыл, қайрат, жүрек үштігі арқылы тазалыққа, әділетке ұмтылуы қажет екенін әр шығармасына өзек еткен. Осы идеяны театр қойылымына негіз ете отырып, шығармашылық топ көрерменге тек эстетикалық әсер ғана емес, терең рухани толғаныс сыйлады. Оған қоса, қойылымға ақынның ең жауһар өлеңдері таңдап алынған. Мәселен, қойылым кезінде:

«Жайдары күлдіргіш, қалқам,
Ұятсыз, әдепсіз, салқам.
Күлгенім бір сенің арқаң,
Ыржақта,
қылжақта, әйдә!»;

«Бұл қазақ уәдеде қашан тұрды,
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді»;

«Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын»;

«Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – Шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кiм Құдай?» деген философиялық һәм сол қоғамдағы
ащы шындық баяндалады.

Құдды қойылымды көріп отырып, қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан барлық жайт көз алдыңызға келеді.

Қойылымның көркемдігі

Шыны керек, қойылымды сахналаған режиссер Азамат Нигманов көркемдік құралдарды өте шебер пайдаланған. Сахнаны безендіру, жарық беру, музыка арқылы терең мағыналы драматургия жасалады. Әсіресе, басты кейіпкердің ішкі диалогтары мен монологтары арқылы көрермен сана-сезіміне тікелей ықпал ететін сахналар өте ұтымды шешім тапқан. Ал әртістердің ойыны – қойылымның ең бір үлкен жетістігі. Себебі әрбір кейіпкердің бейнесі ішкі психологиялық тебіреністермен, жан күйзелістерімен үйлесіп, көрерменнің көз алдында шынайы өмірге айналғандай әсер қалдырды. Мұндағы әр кейіпкер ұждан мен нәпсінің тартысын, адам рухының майданын дәл әрі шынайы жеткізді.

Қазақ қоғамы не үшін көруі керек?

Бұл қойылым  өнер туындысы ғана емес, қазіргі қоғам үшін өзекті сұрақтар қоятын шағын алаңға айналды. Адамгершілік пен ар-ождан жайлы ой қозғау – бүгінгі заманда бұрынғыдан да маңызды.

Қоғамның рухани саулығы, ұлттың іргетасы – жеке адамның сана-сезімімен тікелей байланысты. Театр ұжымы осыны бізге ұғындыра білді. Сол себепті де бұл туралы:

«Ащы шындық бар. Оны астарлап жеткізген. Аборт, өгей әкенің қызын зорлауы, қыздарды байларға ерте жастан тұрмысқа беру, бай мен кедей таласы, ақшаның құндылығы я құнсыз екені, тілдің шұбарлануы – бәрі де осы қойылымда бар. Идеясы ауқымды. Бұл жерде мұны көре білу, тани алу көрерменнің өресіне байланысты. Себебі кейде адам бір көргеннен бәрін ұға қоймайды. Ал шын оқыған, зиялы адам мұндағы әр детальді байқап, кімнің нені айтқысы келгенін оңай түсінеді. Соңында үш финал бар. Одан кейін Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні айтылады. Жалпы, адамнан ұждан кеткенде, өмір сүрудің қажеті қанша?..», – «Ұждандағы» басты рөлді шебер ойнаған әртіс Еркежан Төлеубек.

Сонымен, қойылым адамзаттың моральдық жауапкершілігін, заң мен этика арасындағы күресті, сондай-ақ қоғамның моральдық құндылықтарының өзгеруін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ұжданның қоғамдағы рөлі, адамдардың өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына, моральдық құндылықтарды сақтауға шақырады.