Сәтбаев университетіне мәртебелі қонақ – «Бәйтерек» ғарыш айлағы Басқармасының төрағасы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ғарышкер, Қазақстан Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетов келді.
Айдын Ақанұлы университет студенттерімен кездесіп, өзінің өмір жолы, ғарыш саласындағы еңбек жолы туралы әңгімелеп берді және жаттығу кезіндегі әрі ғарышқа ұшқан сәтіндегі жарқын естеліктерімен бөлісті, сөйтіп қазақстандық болашақ инженерлер мен ғалымдарды алдағы жетістіктерге, сәтті істерге шабыттандырды.
Студенттер әңгімесін үлкен қызығушылықпен тыңдап, аэроғарыштық технологиялар саласындағы заманауи сын-қатерлер туралы көптеген сұрақ қойды.
Кездесудің маңызды сәті «Бәйтерек» СП» АҚ мен Сәтбаев университеті арасында ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қою болды. Құжат аэроғарыш өнеркәсібі үшін кадрларды даярлау саласындағы серіктестікті дамытуды, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ студенттер мен жас мамандарды тағылымдамадан өткізіп, практикалық сабақтар ұйымдастыруды көздейді.
Сәтбаев университеті еліміздегі жетекші техникалық университет ретінде болашақтың инженериясына, соның ішінде ғарыштық және аэроғарыштық технологияларға қатысты бағыттарды белсенді түрде дамытып жатыр. Меморандумға қол қою рәсімі ғылым мен білімді және өндірісті біріктіруге жаңа жол ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.