Жеке саланың өзін алып түбегейлі бетбұрыс жасай салу күрделі шаруа. Бұл істе кешенді көзқарас керек. Мәжілістің осы аптада өткен Жалпы отырысында бірінші оқылымда талқыланған құжаттан осыны аңғардық. Ол – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.
Президенттің 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» №872 Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген құжатты ІІМ өкілі таныстырып, Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы қосымша баяндама жасады. Оның айтуынша, Жарлыққа сәйкес Үкіметке нормалардың заңнама жағынан шамадан тыс регламенттелуіне жол бермеу тұрғысынан заңнамалық актілерге ревизия жүргізу тапсырылған. Оларды жеделдік болуы мақсатында Үкімет немесе мемлекеттік органдар заңға тәуелді нормативтік актілерде айқындауға тиіс. Мәселен, 16 заңға оларды жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде. Онда терминологиялық сөздерге, нақтылау сипатына, құрылымдық өзгерістерге, қарасора өндірісіне, қызметкерлерге өтемақы төлеуге, уақытша ұстау изоляторларына қатысты жаңашылдықтар бар. Атап айтқанда, әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібі айқындалған, Жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) ұғымы алынып тасталған.
Сондай-ақ көліктегі полиция бөлімшелері саласында «желілік» деген термин «көліктегі» деген терминмен ауыстырылған. Өйткені бұл терминді тек қана теміржолдарға қатысты қолдануға болады. Көліктегі полиция бөлімшелері теміржолдан басқа әуе, теңіз айлақтарына да, теміржол ұйымдары, вокзал ғимараттары, жүк парктеріне де қызмет көрсетеді. Осыған орай «желілік» деген терминді бұл жерде қолдануға келмейді. Бұдан басқа, Полиция департаментінің атауында «көліктегі» деген сөз барын ескеру қажет, бұл өз кезегінде бас орган мен оның ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің атауларындағы қарама-қайшылыққа алып келеді. Сондай-ақ терминді ауыстыру көліктегі полиция бөлімшелерінің жұмыс істеу қағидатын, құзыреті мен өкілеттіктерінің шекарасын өзгертпейді. Заң жобасында осы сынды көптеген маңызды мәселелер қозғалып отыр.
«Қоғамда үлкен талқылауға түсіп, жұртшылықтың наразылығын тудырып жатқан жағдай бар. Ол – әкімшілік құқықбұзушылық арқылы істі болған азаматтардың 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы сот үкімі шыққанан кейін жазаны орындау үшін айлап кезекке тұруға мәжбүр екендігі. Өйткені орын жоқ. Олар жазасын, ел ауызында «спецприемник» деп аталатын арнайы қабылдау орындарында өтейді. Елімізде сондай 28 мекеме бар болса, оның 14-і ғана облыс орталықтарында орналасқан. Ол жерде жалпы саны 1 109 орын ғана бар. Ол аздық етеді. Оның үстіне, көбі – Кеңес үкіметі кезінде салынған, ескірген ғимараттар.
Ал оған керісінше, кейінгі жылдары елімізде әкімшілік құқықбұзушылықтар саны артып барады. Мәселен, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 96 мыңға дейін өскен. Сол себеп осы проблеманы шешу мақсатында әкімшілік қа-мауға алынғандарды қабылдау-бөлу мекемелеріне орналастыруға құқық беріп отырмыз. Қазір онда азаматтығы жоқ, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, былайша айтқанда тұрғылықты ме-кенжайы анықталмаған «үйсіз-күйсіз», «қаңғыбас» азаматтар уақытша орналастырылады. Елімізде ондай 21 мекеме және онда 804 орын бар. Яғни, бұл мекемелерге үлкен салмақ түсіп отырған жоқ», – дейді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, мұндағы жүктемені азайту мақсатында қолданыстағы заңнама аясында тергеу изоляторларын да пайдалану мүмкіндігі бар. Қазір оқшаулағыштарға әкімшілік құқықбұзушылық бойынша істі болған азаматтарды орналастыру тәжірибесі жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ қыркүйек айында ӘҚБтК-де қабылданған нормаға сәйкес, қамаққа алуды қоғамдық жұмыс істеуге алмастыру бабы да іске қосылмақ. Ол да белгілі бір деңгейде жүктемені азайтады. Осылайша, заң аясында қабылдау-бөлу тәртібі реттелуде. Әзірге, бі-рінші оқылымда қолдау тауып тұр.
Келесі бір мәселе, Жергілікті полиция қызметінің таратылуымен, яки осы ұғымның алынып тасталуымен байланысты. ІІМ-нің ұсынысымен ЖПҚ мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта құру арқылы олардың базасында екі басқарма ашылмақ. Олар – Құқық бұзушылықтардың алдын алу басқармасы (16 мың қызметкерді қамтитын учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды, табиғатты қорғау полициясының, қару айналымын бақылау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері) және Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасы (14 мың қызметкері бар патрульдік полиция, жол-техникалық инспекция бөлімшелері). Әрбір қызмет тікелей өз міндеттерімен айналысатын болады.
«Бұл әуелде халыққа полицияны жақын ете түсеміз, ішкі істер саласы халыққа жиі-жиі есеп беріп тұрады деген ниетпен 2016 жылы қолға алынған бастама еді. Бірақ ол өз-өзін ақтамады. Өйткені ЖПҚ бастықтарын тағайындау және қызметтен босату құқығы әкімдерге берілді де, ол өз кезегінде дара басшылық қағидатын бұзуға және Полиция департаменттері мен Жергілікті полиция қызметі басшылары арасындағы келіспеушіліктерге алып келді. Бұл ішкі істер органдарын басқару жүйесін орталықсыздандыру қаупін туғызды. Мәселен, әкімдерге бағынысты ЖПҚ-ның штат саны 24 мыңнан асса, Әкімшілік полиция басқармаларында 8 мыңды құрап, функционал мен штат санының теңгерімсіздігі қалыптасты. ЖПҚ құрылымына учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктірілді. Бұл ретте қоғамдық қауіпсіздікке қатысты қыруар жұмысты қажет ететін қару айналымын бақылау бөлімшелері, жол-техникалық инспекциясы, арнайы мекемелер Әкімшілік полиция басқармаларының құрылымында қалды. Айталық, ЖПҚ қызметкерлері үшін «Ішкі істер органдары туралы» заңымен бекітілген қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тікелей міндеттерді орындау екінші кезекке қойылды. Өйткені жергілікті атқарушы органдар өзіне бағынысты полиция бөлімшелері үшін абаттандыру қағидаларын бұзушылықтарды анықтау, құрылыс объектілерінен қалдықтарды шығару және тағы басқалары сияқты өзге де міндеттерді айқындай бастады. Сол сияқты учаскелік инспектордың алдына бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттер қойылды, нәтижесінде оның халықпен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі негізгі функциялары кенжелеп қалды», – дейді депутат Жарқынбек Амантайұлы.
Осылайша, ЖПҚ мәртебесі бейіндік заңмен бекітілгендіктен, ІІМ-де қандай да бір реформаларды одан әрі қайта ұйымдастыру және жүргізу мүмкін емес боп қалған екен. Ішкі істер органдарының негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған жалпы Әкімшілік полицияның функциялары мен өкілеттіктерін сәйкестендіру талабы туындаған. Соған сәйкес, 2018 жылы ЖПҚ аумақтық Полиция департаменттерінің тиісті басқармалары болып қайта құрылған болса, енді осы заң жобасы арқылы мүлдем жойылып отыр. Құжатта одан да өзге жаңашылдықтар аз емес.
«Жұртшылыққа түсінікті болу үшін айта кететін бір жайт бар. Ол Үкіметтен келіп түскен ұсыныс бойынша қарасора шөбін, яки каннабис тұқымдас өсімдік түрін өндірістік мақсатта пайдалану шкаласын көтеру. Бізде қазір елімізде тетрогидроканнабиол құрамы 0,00%-дық, яғни құрамында есірткі мүлдем жоқ қарасораны өсіруге және өндіруге рұқсат берілген. Оны жіп шығаруға пайдаланады. Ол француздық «Сантик» деген сорт деп естідім. Енді одан да күштірек 0,03%-дық түрі бар. Көршілес Ресей, Өзбекстан сияқты тағы да басқа шетелдер соны өндіреді. Сондықтан кендір өнімдері бізден сапалы. Оның да құрамында есірткі жоқ, енді соған көшу керек. Сондықтан бұл ма- ңызды түзету деп айтар едім. Он-дай өндірісті ашуға тілек білдіріп отырған инвесторлар да бар. Менің ойымша, одан шошудың қажеті жоқ. Өйткені спирт өндірісі де денсаулыққа зиян дегенмен, медицинада, гигиенада, техника саласында пайдаланылады емес пе? Бұл жерде ең бастысы қадағалау керек. Ал ол үшін елімізде лицензиялау қарастырылған. Егер ереже бұзылған жағдайда мемлекет инвесторды лицензиясынан айыруға, өндірісін тоқтатып тастауға дейін барады», – дейді депутат.
Тағы мәселенің бірі – әскери-тергеу органдарын аумақтық полиция органдары жүйесінен шығару жайы. Өйткені олар аумақтық полиция органдары емес және «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңға сәйкес ІІО-ның дербес бөлімшесі ретінде бөлінген. Полиция сияқты құқық қорғау органына жатпайды.
Сол сияқты заң жобасы бойынша Қазақстанға келген шетелдік дипломаттар саусақ іздерін тапсырмайтын болады. Қазіргі уақытта елімізге келіп, азаматтық алғысы келген немесе уақытша тұру құқығына ие болғысы келген шетелдіктер ғана саусақ іздерін тапсыруға міндетті. Ендігі кезекте Қазақстанға кіретін шетелдік азаматтар саусақ іздерін тапсыруға міндеттелмек. Алайда біздің заңнамада дипломатиялық қызмет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін дактилоскопиялық тексерістен босату нормасы қарастырылмаған. Депутаттар әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ресми тұлғалар, арнайы іс-шараға шақырылғандар, дипломаттар мен оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жақындарын саусақ іздерін тапсыру міндетінен босатуды ұсынып отыр.
«Сөз соңында депутаттардың бастамасымен енгізілген нормалардың бірі туралы айта кеткім келіп отыр. Ол – қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасына ақшалай көмек көрсету мәселесі. Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қызмет бабында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасына бірреттік көмектен бөлек, тұрақты ай сайынғы ақшалай көмек көрсетіледі. Яғни, қайтыс болған полицейдің артында қалған жесірі мен балаларына әрқайсысына марқұмның жалақысының 40 пайызы төленеді. Бірақ сол кезде оған дейін, яки 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2022 жылға дейінгі аралықта қайтыс болған құқық қорғау органдары қызметкерлері ескерілмей қалған. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында заңға түзету бердік. Егер бұл ұсынысымыз қабылданса, шамамен 530 отбасы өтемақы төленетін санатқа енбек. Оған жыл сайын қосымша 968 млн теңге қарастырылған, оның 720 млн теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджеттен көзделіп отыр. Бұл бастаманы Үкімет те қолдап отыр. Жүзеге асар болса, ең әуелі әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған маңызды қадам болмақ», – дейді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
Нұрлан ҚОСАЙ