Байқаусызда қолыңызды жарақаттап алдыңыз. Түрлі инфекциядан қорғау үшін жараның аузын әдеттегі пластырьмен таңғаныңызбен, терінің қалпына келуі ұзаққа дейін созылды.
Жараны жылдам емдейтін наноөнім
852
оқылды

Десек те, ғылымдағы нанотехнологияның дамуы арқасында енді бұл проблеманың шешіміне оңай қол жеткізуге болады. Бұған дәлел – алматылық ғалымдар ойлап тапқан жараны тез жазатын нанопластырь.

Ғалымдар әзірлеген наноплас­тырь­­дың өзге медициналық таңғыш­тардан басты ерекшелігі сол, негіз­гі тасымалдағыш ретінде осы уа­­­­­­­­қыт­­қа дейін зерттелмеген Алматы об­лысындағы Қалжат және Жетісу облысындағы Орта Тентек атты екі саз кен орнының бентониттері қол­да­нылған. Аталған екі кен орны бен­тониті теріс зарядты болғандықтан, бейионогенді немесе теріс зарядты полимерді, сондай-ақ оң зарядты жараны жазатын дәріні қолдану арқылы дәрілік белсенді затты реттеп шығаруға қабілетті жүйе алынған. 

– Көп уақытқа дейін жазылмай жүретін жараны емдеу әдістерінің бірі – құрамы бірнеше белсенді заттан тұратын кешенді әсер ететін қабілеті бар, көпфункциялы препараттар қол­дану. Осыған орай заманауи жара таңғыш материалдар терінің серпімді, яғни эластикалық және механикалық қасиеттеріне ұқсас болуы, микроорганизмдер мен токсиндерді сіңіруі, жара мен сыртқы орта арасында су, ауа және жылу алмасуды қамтамасыз ету, жараға сыртқы ортадан микроағзаның енуіне жол бермеу, таңғышты ауыстырғанда адамға ауырсыну тудырмау және биоыдырағыштық пен биоүйлесімділік сынды талаптарға сәйкес болуға тиіс. Зерттеу барысында осы талаптарды на­зарға алуға тырыстық. Біз дайындаған наножара таңғыш қазір белсенді зерттеліп жатқан полимер-сазды композиттен тұрады, – дейді Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық зерттеу университеті ин­женерлік бейінді зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Сана Қанатбекқызы.

Ғалымның сөзінше, зерттеу тобы әзірлеген нанопластырь ең алдымен жараны жазуға қолданылатын дәрінің уытты әсерін төмендетеді. Өнімнің ағзаға әсер ету уақытын созып, жараның тиімді жолмен жазылуын қамтамасыз етеді. Онымен қоса, полимер-сазды жүйе жара метаболизмі өнімдерін, микроорганизмдер мен токсиндерді сіңірсе, ал таңғыш құрамындағы күміс нанобөлшегі жара микрофлорасын патогеннен сақтау арқылы кешенді әсер етеді.  

– Жоғарыда айтып өткенімдей, наножара таңғыш алу үшін Қалжат және Орта Тентек саз кен орны бен­тонитері қабаты арасындағы сілтілік металдарын декатиондау арқылы шы­ғарып, ол аралыққа өсімдік экстрак­тілерінің көмегімен алынған күміс нанобөлшектерін енгізіп, полимер-сазды жүйе алынып, оның бойына жараны жазуға қолданылатын дәрі сіңірілді. Жара пайда болған жердегі терінің рН-ортасы өзгеретіндіктен, наножара таңғыш дәрілік затты осы өзгеріске байланысты белгілі бір мөлшермен шығарып отырады да, дәрінің ұзақ уақыт әсер етуін қамтамасыз етеді. Жара таңғыш тасымалдағышы полимер-сазды композиттен тұратындықтан, жара бойындағы сары су мен басқа да метаболизм өнімдерін белсенді сіңіріп отырады. Жараның сыртқы ортамен су, ауа және жылу алмасуын қамтамасыз етеді. Ал күміс нанобөлшегі антисептикалық қасиетке ие болғандықтан, грамм-оң және грамм-теріс бактериялармен күреседі. Осылайша, бір ғана жүйе бірнеше функцияны атқарып, жараның тез жазылуына мүмкіндік береді, – деді ол.

Медициналық өнімді практикада қолдану ыңғайлы әрі жеңіл. Оның үстіне, нанопластырьдың әсер ету механизмі тиімді болғандықтан, өнімді әскери медицинада, спортшылар үшін немесе күнделікті өмірде, қант диабетімен ауыратын науқастардың көпке дейін жазылмай жүрген жарасын емдеуде қолдануға болады. Ал өнімнің адам ағзасына жанама әсері бар ма? Аллергиялық реакция тудыруы мүмкін бе?

– Негізінен, наножара таңғыш құрамы бентониттен, жасыл әдіспен алынған күміс нанобөлшегінен, биополимерден және жара жазатын дәріден тұратындықтан, теориялық тұрғыдан ағзаға жанама әсері болмауға тиіс. Біздің ғылыми тобымыз аталмыш наножара таңғыштың антибактериялық қасиетін толығымен анықтап, жақсы нәтижесе қол жеткізді. Қазір оның цитотоксикологиялық қасиеті зерттелу үстінде, алғашқы нәтижелері жа­ман емес. Айта кететін жайт, біз зерт­­теп, қолданып жүрген бентониттер модификацияға дейін және одан кейін де фармакопеялық сараптаудан өтеді. Тірі ағзаға аллергиялық әсер болдырмас үшін біздің тарапымыздан полимер-сазды жүйе алуда биополимер қолданылады. Наножара таңғыш әзірлеуде ең бірінші кезекте биоүйлесімділікті қамтамасыз ету қарастырылған. Әрине, талап бойынша зерттеу жұмысы толық аяқталған соң клиникалыққа дейінгі сынақ жұмы­сын жүргізу қажет болады, – деді С. Қа­нат­бекқызы.

Өнім – биоүйлесімді және биоыдыра­ғыш келеді. Нанопластырьды қолдану медицинадағы басқа да емдік әдістермен, мысалы антибиотиктер, дәстүрлі таңғыштармен салыстырғанда қаншалықты тиімді десеңіз, күнделікті қолданыстағы дәстүрлі таңғыштар құ­рамында көп жағдайда дәрілік бел­сенді зат болмайды. Профессордың айтуынша, дәстүрлі таңғышта жара мен сыртқы ортаның су, ауа және жылу алмасуы, биоыдырағыштық пен био­үйлесімділігі толыққанды қамтамасыз етілмеуі мүмкін.

Наноөнімнің жасалуына то­лы­­ғымен отандық шикізат қолданылатындықтан, импортқа тәуелділік болмайды, одан бөлек бұл зерттеу табылуы қиын химиялық реагенттер мен арнайы мамандарды талап етпейтіндіктен, өнімді отандық өндіріске шығару тиімді көрінеді. Ғалымдар өнімді әрі қарай дамыту үшін коммерцияландыру жобасына өтінім жіберуді жоспарлап отыр. Егер конкурстан өткен жағдайда, наножара таңғышты медициналық өнім ретінде тіркеп, фармацевтикалық компаниялармен бірлесе сату арқылы өндірісте пайдалануды жүзеге асырмақ. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы