«Қара айнаның» арғы беті

Болашақты зерттейтін ғылым – футурология туралы газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз.

Футурологтер алдағы уақытта технологияның қарыштап дамуы адамзат өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелетініне сенімді. Клаус Швабтың «төртінші индустриялық революциясы» басталған шақта технологиядан бас тарту мүмкін емес. Жалпы, жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде екі негізгі бағыт қалыптасты. Оның бірі – технооптимизм, яғни жарқын болашақ бастауы және технопессимизм – қасіретті болашақ болжамы. Түрлі шығармашылық иелері де болашаққа осы екі түрлі көзқараспен қарап, утопиялық және антиутпоиялық шы­ғармалар тудырды. Ғылыми-фантастикалық шығармалар болашақтағы болжамды мәселелер төңірегінде ой қозғады. Әсіресе, кино жанры бұл ретте көш ілгері десек болады. Біз осы мақаламызда идея авторы, сценарист Чар­ли Брукер туындысы – «Қара айна» антиутопиялық сериалының болашақты қалай елестетініне тоқталмақпыз.

Қазір технологиялық рево­люция адамзаттың өміріне оң және кері әсерін тигізіп жатыр дейді сарапшылар. Британиялық анти­утопиялық Black mirror (Қара айна) сериалы осы проблеманы көтереді. Сериал алғаш рет 2011 жылы көрсетіліп, бүгінде әлем бойынша үлкен танымалдылыққа ие болды. Ғылыми-фантастикалық анто­логияның алғашқы екі маусымы британдық Channel 4 телеарнасынан көрсетілген. 2015 жылы туындыны көрсету құқығы америкалық Netflix компаниясына өткен. Сериал­дың бір ерекшелігі – мұнда әрбір эпизод бір-бірінен бөлек әр-түрлі оқиға­ларға негізделген, кейіпкер­лері де сан алуан. Бірақ барлығының та­қырыбы ортақ. Ол – қазіргі қоғам­дағы технологиялардың адам өмі­ріне және моральдық құн­ды­лық­тарға әсері. Туынды атауы – «Қара айна» деп аталуы тегін емес. Символикалық тұрғыда ол экран­дағы немесе құрылғылардағы қосулы күйдегі қара экранды (телефон, теледидар, компьютер) білдіреді. Бұл «Қара айна» барлық мәселенің бастауы ретінде қарас­тырылады, яғни қазіргі заманғы технологиялар мен олардың адамзат өміріне тигізетін ықпалын көр­сетеді. Әр сериалды көріп отырып, алдағы болашақты бейнелеген эпизодтардан бүгінгі заман шындығын танисыз. Адамдардың әлеуметтік желіге тәуелділігі, технологияның қоғамға дендеп енуі, моральдық құн­дылық­тардың құлдырауы барлығы дерлік біздің қоғамда да көрініс тауып отырғаны шындық емес пе?! Демек, туындыны фантастикалық тұрғыда ғана емес, реалистік шығарма тұрғысында қабылдауыңызға болады. Ендеше сол шындықтарды бірге талқылап көрелік.

Әлеуметтік рейтинг, сыртқы имиджге тәуелділік

The National Anthem атты 1-маусымының бірінші сериалы алғашқы болып көрсетілген сәттен көрермендер арасында үлкен резонанс тудырған деседі. Онда Ұлыбритания премьер-министрінің қызын қаскөйлер ұрлап әкетіп, ханшайымның аман-сау қайтуы үшін премьер-министрге ақылға қонымсыз талап қояды. Бұл талабын әлеуметтік желілер арқылы қойғандықтан ақпарат күллі елге тарап кетеді. Сондағы қойған талабы – мемлекет басшысының камера алдында шошқамен бейәдеп қатынасқа түсуі қажет. Ақыры, сын сағаты соққанда премьер қас­көйлердің бұл талабын орындауға мәжбүр болады. Бұл эпизод әлеуметтік желілер мен интернеттің қоғамның моральдық бағдарына қалай ықпал ететінін тереңінен көрсетеді. Яғни, адамдар жеке мүддесі үшін айналасына жырт­қыштық көзбен қарап, қандай іске болса да бел шешіп кетуге бар. Өзгенің абырой-беделіне нұқсан келтіру, намысын жаншу, мақтамен бауыздау, буллингтік әрекеттерге бару таныс құбылыс емес пе?

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде еліміздегі белгілі бір мекеме басшысы өз қызметкеріне желіге жазған жазбаға ұнату белгісін баспағаны үшін сөгіс бергені қызу талқыға ұласып жатыр. Бұл да бір әлеуметтік рейтингке деген тәуелділіктің бір ұшқыны шығар. Осындай көріністі суреттейтін сериалдағы Nosedive деп аталатын эпизодта Лэйси есімді қыз өмірде алға шығу үшін өз әлеуметтік рейтингін көтеруге тырысады. Қоғамдағы әрбір әрекет – күлу, кофе ұсыну, пост жазу – бәрі рейтинг арқылы бағаланады. Жақсы қарым-қатынас жасасаңыз, мінезіңіз жайлы болса, рейтингіңізге балл (лайк) қосылады. Бұл сіздің қоғамда жайлы өмір сүруіңіз үшін қажет. Себебі рейтингі төмендер ұшақта бизнес класпен ұша алмайды, қонақүйлерде қымбат нөмірлерді ала алмайды. Қысқаша айтқанда, оқшауланасыз, көштен қаласыз. Мәселен, Қытайда әлеу­меттік несие жүйесі іске қосылған. Оның бір ерекшелігі – адамның несие тарихы, жүріс-тұрысы, он­лайн әрекеттері арқылы бағаланады. Нәтижесінде, сол рейтинг жинау үшін қоғамда жалған мінез, жалған қарым-қатынас қалыптасады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл көрініске таңғала қоймаймыз. Себебі әлеуметтік желідегі кімнің жазылымы, оқырманы көп соған таңданамыз, соны қызықтаймыз. Instagram, TikTok-тағы лайк пен фолловерге тәуелді болу – адам­дардың нақты тұлғасын емес, онлайн образын ғана көрсетуі екіжүзділікке әкелмей ме? Таны­малдылық арқылы саясатқа келіп жатқандар да жоқ емес. Шынайы талант емес, шоу мен хайп арқылы танылу – TikTok, YouTube заманының бет-бейнесі болып отырғанын мойындауға мәжбүрміз. Мәселен, «Қара айнадағы» The Waldo Moment (2-маусым, 3-бөлім) атты эпи­зодында телеарнадағы Уолдо есімді сайқымазақ анимация­лық кейіпкер бағдарлама жүргізу­шісі болады. Онда бейәдеп сөз­дермен әртүрлі тұлғаларға тиісіп, ма­зақтайды. Ешқандай мәнсіз, ма­ғынасыз болса да қоғам соны тыңдайды, қызық­тайды. Тағы бірде ол үлкен бір қаланың болашақ әкіміне тиісе сөйлейді. Бағдар­ламаның сол тұсы халықтың ерекше ықыласына ие болып, бір сәтте анимациялық кейіпкер танымал болып шыға келеді. Халықтың нөпір ықыласын байқаған бағдар­лама продюссерлері Уолдоны сай­лауға қатыстырмақ болады. Енді мына қызықты қа­раңыз, сайлауға қатысушы канди­даттар рейтингінде реалды өмірде жоқ, ауызынан боғауыз сөз арыл­майтын, пәтуалы ойы жоқ, санасы жоқ, жай ғана анимациялық кейіпкер көш бастайды. Себебі хайп арқылы танылған оны халықтың көбі қолдап дауыс береді. Иә, дәстүрлі саясаттан тыс, медиа арқылы танымал болған, саясатта жүрген жандарды бүгінде көру көзге таңсық емес. Әлеуметтік қысымның артуы, депрессия, шынайы қарым-қатынастың азаюы – осы эпи­зодтағыдай дәл көріністер бүгінгі жастар арасында жиі кездеседі. Бұл эпизод әлеуметтік желі өмірімізді қалай билеп алғанын, ал лайк пен рейтинг адамның құндылығын анықтайтын құралға айналғанын көрсетеді.

Кибербақылау мен мәліметтердің қауіпсіздігі

Жеке мәліметтердің таралу қаупі – қазіргі цифрлық дәуірдің басты мәселесі. «Үндеме де биле» (Shut Up and Dance) атты бөлімінде Кенни есімді жасөспірім бала ноутбугынан анайы видеолар көріп отырғанда камера арқылы хакерлер оны түсіріп алады. Кейін оның ар-намысын қорлап, түрлі тапсырмалар орын­датуға мәжбүрлейді. «Орындамасаң, бейне жазбаны жақындарыңа таратамын» деп қорқытады. Әрі қарай, сюжетте басты кейіпкерге Гектор есімді басқа адам қосылады, оған да Кенни сияқты тапсырмалар да түседі. Осылайша, оларға банкті тонау, көлік ұрлау, тіпті адам өлтіруге дейінгі тапсырмалар жүктеледі. Мұндай онлайн бопсалар біздің қоғамда көрініс тауып отырғаны шындық. Мәселен, ТМД-ның бірнеше елдерінде «Көк кит» деп аталатын ойын туралы жаңалықтар пайда болып, онда әртүрлі жастағы адамдар, олардың көпшілігі – 18 жасқа дейінгі балалар, әлеуметтік желілерде «кураторлар» деп ата­латын белгісіз адамдардан тапсыр­малар алғаны туралы жазбаған БАҚ қалмады. Көптеген ойыншылар кураторлардың бұйрығымен өз-өзіне қол жұмсап, ойыннан оралмады. Бұл қорқынышты жағдай «Үндеме де биле» эпизодымен егіз тамшыдай ұқсас емес пе? Кибер­бопсалау, webcam-hacking, deepfake арқылы қоқан-лоққы жасау – бүгінде жиі тіркеліп жатқан оқиғалар. Себебі балалар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздік жайлы сауатсыздығы – оларды осындай қауіптерге оңай итермелейді. Сериалдың осы сериясында біз желідегі абайсыз әрекеттер мен зиянкестерді рұқ­сатсыз бақылау өкінішті салдарға қалай әкелгенін көреміз, өйткені виртуалды кеңістікте әрқашан қырағылық таныту керек.

 

Түйін: 

Бірнеше маусымы, ондаған бөлімдері шыққан сериал тұрғысында көп нәрсе айтып, оның бүгінгі қоғам көрінісімен салыстыруға уақыт та, мақала көлемі де жетпес. Десек те, сериалда көрсетілген жағдайлар көп жағдайда болашақ туралы ескерту ретінде берілсе де, көптеген идеялар қазірдің өзінде өміріміздің бір бөлігіне айналып үлгерді. Black Mirror бізге: «Егер технологияны басқармасақ, ол бізді басқарады» деген ой қалдырады.

Туындыны тамашалап отырып, Жан-Поль Сартр мен Камюдің экзистенциалистік сұрағы: «Өмір мәні – оның шектеулігінде ме?» немесе Жан Бодрийярдың «симулякрлар» теориясы: «қазіргі қоғам – шындықтың көшірмесінде өмір сүреді» деген сұрақтар ойлар арасында қаласыз. Әрине, «Қара айнадағы» технологиялар нақты әлемге қарағанда әлдеқайда күшті дамыған, ал сюжеттер бізге параллель, балама шындықтағы оқиғаларды көрсете отырып, өте жетілдірілген, бірақ дәл осы идея көрерменге заманауи технологияларға деген әмбебап сенімін тағы бір рет түсінуге көмектеседі. Антологияның әр сериясы – біздің қазіргі әлемге сілтеме.

Сценарий және идея авторы Чарли Брукер өзінің технология мен технологиялық прогресті қолдайтынын ашық айтқан, ал сериал эпизодтарының идеялары технология мен өнертабыс әкелуі мүмкін тарихтың дамуының ең нашар сценарийлерін жазғанда туындаған екен. Демек, жаңа технологияның жақсы жақтары мен теріс дүниелерін бағамдай алу – бізге артылатын міндет болмақ. 

Наурызбек САРША