Қазақ даласының өркениеттер тоғысына айналуы күні кеше ғана басталған жоқ.
Будда ілімінің Жетісудағы ізі
581
оқылды

Яғни, Ұлы далаға бағытталған мәдени экспанция көшінің ізі өте ерте кезеңге жетелейді. Әсіресе, жер әлемді соғыссыз жаулауға ұмтылған діни миссияның ықпалы еш тоқтамаған екен. Оның дәлелі ретінде еліміздің барлық аумағынан табылған тарихи қазба жәдігерлердің жеткілікті екенін айтуға болар. Мысалы, әлемдік наным-сенім санатындағы буддизм, христиандық және ислам дінінің қазақ даласында кеңінен тамыр жаюына ғасырлар тезінен өткен факторлар әсер еткенін байқаймыз. 

Сәлеметсіз бе, Сиддһартһа әулие!..

Сөз ретіне қарай, будда ілімінің Жетісу топырағында қалдырған ізі туралы айтпақпыз. Жалпы, заманның бір заманында Солтүстік Үндістандағы шак әулеті патшасының ұлы Гаутама Сиддһартһа атты ғұламаның қалдырған ілімі уақыт өте келе ғаламды жаулаған діни ағымға айналатынын ешкім білмеген де болар. Бірақ біздің дәуірімізге дейінгі  І ғасырда будда ілімі дін миссиясы ретінде Орталық Азия аумағына енгені анық. Жазба тарих мұны нақты дәлелмен келтіреді. Ал сол тұста Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көшпелілердің мәдениетіне де дін миссионерлерінің ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дерекке қарасақ, буддизмнің наным ретінде  тұтас түркі әлеміне дендеп ене бастаған кезеңін VI ғасырдан іздеуге болады екен. Демек, қазір ел аумағынан жиі ұшырасатын қазба жәдігерлер айғақтағандай, будда ілімінің өлкедегі негізі діннің бірі ретінде қалыптасқаны анық. Тарих бұл ағымның ықпалы тек Х ғасырда, Қараханидтер әулетінің мұсылмандыққа толық өтіп, елдегі ресми дін ретінде исламды қабылдаған кезеңде ғана әлсіреп барып тоқтағанын жазады. Әрине, оның ішінде Ұлы дала төсінде Иса пайғамбар ізбасарлары әкелген несториандық бағыттағы сенімнің де ықпалы зор болғанын ұмытпауымыз керек. 

Жетісуға оралайық. Иә, бұл өлке будда ілімінің негізгі ошағына айналғаны анық. Зерттеушілер алғаш рет Тамғалы-Тас шатқалындағы бітік тастардағы жазуларды зерттей бастағанда аумақтан жақсы сақталған будда мүсіндері мен буддалық  ілімді дәріптейтін мәтіндер тапқан. Кейін ғалымдар бұл археологиялық ескерткіштердің жасалу уақыты XII ғасырда басталып, ХVII-ХVIII ғасырлар аралығына дейін созылғанын айтқан екен. Бұдан бөлек, қазіргі Жетісу облысының Сарқан ауданы аумағындағы көне Қойлық қаласының буддизмнің ошағы болғаны жайлы да дәйекті дәлелдер айтылады. Жалпы, Қойлық қалашығы әлі күнге дейін құпиясын толық ашпаған тарихи жәдігер ретінде қалып отыр. Қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан 7 ғасыр бұрынғы өркениет өлшемін қолмен ұстатқандай дәйектер табылған. Мәселен, сол тұста Жетісу алабында будда, христиан және ислам діндері өркениетінің қатар дамығанына дәлел жеткілікті. Аршылған топырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да табылған. Қала ішінде коммуникация желісі де болғанына айғақ бар.

Жоғарыда, Қараханидтер әулетінің исламды мемлекеттік дін ретінде тануымен Ұлы даладағы будда ілімінің ықпалы кемігенін айттық. Бірақ Гаутама Сиддһартһа салған жолдың табаны жүздеген жыл бойы көмескі тартпағанына уақыт тағы нақты дәлел ұсынатын сияқты. Мәселен, XVI-XVIII ғасырлар шамасында қазақ даласының көп бөлігін уысында ұстаған Жоңғар хандығы тұсында буддизм миссиясы қайта жаңғырғаны анық. Тіпті, қазір Жетісудан табылып отырған будда монастырлерінің қалдықтары мен бітіктастары сол жоңғар шапқыншылығынан қалған белгі екені анық.

Балбалдағы Будда бейнесі

Салмағы 3 тоннадан асатын, биіктігі 3 метр болатын алып мүсін Жетісу облысындағы Текелі қаласының маңында орын тепкен. Ғасырлар көшіне куә болып, ғажайып сыр бүккен қалпында біздің заманымызға жеткен бұл таста Будда құдайының бейнесі қашалған. Бұл Будда бейнесінің қай замандарда пайда болғаны және сәулет өнерінің озық үлгісін меңгерген шеберлердің қолтаңбасын ажырату қазіргі заманғы ғылым үшін әлі жұмбақ болып отыр. Бұл турасындағы өлкетанушылар, географтар, этнографтар мен теологтардың пікірталасы бір арнаға тоғысқан емес. Өйткені тас бетіндегі суреттің салынуы мен Будда құдайы жайлы аңыздардың таралу уақыты сәйкеспей, қала берді оның қазақ даласына қатысты жағы да үнемі дау туғызып келеді.

Осы Текелі даласындағы Будда бейнесі туралы алғашқы ресми дерек ХІХ ғасырда Жетісу жерін аралаған орыс саяхатшысы, Том университетінің тұңғыш профессорларының бірі болған ботаник, этнограф Василий Сапожниковтың жазбаларында тіркелген екен. Орыс ғалымы ескерткішті «Әулиетас – қырғыздардың киелі тасы» деп атап, осы өңірде әлі күнге дейін айтылатын аңызды мысалға келтіреді. 

Ал ғалым Зейнолла Самашевтің айтуынша бұл мүсін ғалымдардың түрлі болжамдарына арқау болғанымен, ешкімнің нақты ғылыми түсінік беруге дәті жетпейтін көрінеді. «Текелі тасында будда суреті ғана емес, құпия жазу бейнеленген. Мистикалық күштің қоршауындағы арыстан-арулар бейнесі тұр. Олардың алақанында будда отыр. Лотос храмындағыдай қасиетті 7 баспалдақ өрілген. Әр баспалдақтың тұсында арнайы рәсімдер жасау керектігі туралы ишара белгісі бар. Будда бейнесінің жоғарғы тұсында геометриялық кескін салынған. Айналасында белгісіз әріп-таңбалар арқылы құпия сөздер жазылған. Бұл будда іліміндегі жоғарғы санаға қол жеткізген адамға арналған жолдау сияқты көрінеді»  деп жазады Зейнолла Самашев бұл туралы өз еңбектерінде. 

Тасбелгінің қашан пайда болғаны және оның неге Текелі маңында орналасқаны жайлы да нақты дәлел жоқ. Мысалы, орыс тарихшысы Владислав Волков бұл ескерткіштің пайда болуын ұйғыр қағанаты билік құрған дәуірге теліп, дәл осы жерде қағанатқа қарсы күрескен хақас жауынгері немесе тайпа көсемі жерленген болуы мүмкін деп топшылайды. Ал сәулетші, өлкетанушы Нұраш Жақанов бұл ескерткішті XVIII ғасырдың екінші жартысында жоңғарға қарсы соғысқан Жәңгір ханның әскерлері тасқа қашап қалдыруы кәдік деп тұжырымдайды. Қалай болғанда да Текеліден Бұрханбұлаққа апаратын жолдың бойындағы будданың бейнесі жұмбақ сырын жасырған қалпы қасқайып тұр. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Жетісу облысы