Премьер-Министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен тау шаңғысы туризмін дамытудағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, – деп хабарлайды aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Қазақстан индустрия көшбасшысымен бірге тау шаңғысы туризмін әлемдік стандарттарға сай дамытуға ниетті
Фото: Үкімет
460
оқылды

Тараптар Алматы тау кластерін бірлесіп дамыту келешегін қарастырды. Бүгінгі таңда туристік ағын жылына 2 млн адамды құрайды, жалпы маусымдық 2 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы ұзындығы 41 шақырым трассадан және 16 көтергіштен тұратын қолданыстағы инфрақұрылым күніне 6 мың адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте отандық және шетелдік туристер тарапынан сұраныстың артуы маусымдық туристік дестинация ретінде тау шаңғысы туризмін дамытудың мемлекеттік стратегиясын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Талдау нәтижесіне сәйкес, трассалар ұзындығын 227 шақырымға, көтергіштер санын 58-ге дейін арттыру арқылы кластер инфрақұрылымын дамыту ағымдағы өткізу қабілетін 5,6 есеге, күніне 34 мың адамға дейін жеткізуге, 10 мың тікелей жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жылына 7,5 млн-ға дейін турист қабылдай алады. Сонымен қатар еншілес және сервистік экономиканың дамуына тұрақты әсер күтілуде.
 
Инклюзия да маңызды сала ретінде аталды. Инфрақұрылымды жаңғырту балалардың қысқы спорт түрлерін меңгеруі және отбасымен бос уақытты ұйымдастыру үшін білім беру бағдарламаларын кеңінен дамытуға мүмкіндік береді.
Премьер-Министр қазіргі жаһандық экономикалық жағдайда әртараптандыруға басымдық берілгенін атап өтті. Туризм саласы өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, көлік және логистика сияқты салалармен қатар экономикалық өсудің жаңа бағытына айналуы тиіс.

Кездесу соңында қатысушылар халықаралық стандарттарға бейімделген инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.