«Трейдинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда trading – «сауда жасау» деген мағына береді.
Трейдинг тұрақты табыс көзі бола ала ма?
911
оқылды

Бұл ұғымды жалпақ тілмен алыпсатар деп айтуға болады. Бірақ мұндағы негізгі тауар – актив деп аталады. Саудаға арналған активтердің де түрі көп. Оларға мысал ретінде акция, облигация, валюта, фьючерс, алтын, криптовалюталарды айтуға болады. Ал мұндай сауда биржада брокерлер көмегімен жүзеге асады. Салаға деген сұраныстың арту себебін анықтау үшін оның жүзеге асу жолы мен тарихына аз-кем тоқталып өтейік.

Жоғарыда атап өткен активтерді биржа деп аталатын сауда алаңынан ғана сатып аласыз. Бірақ базардан тікелей сауда жасай алмайсыз. Ол үшін сізге брокердің көмегі қажет. Ол сіз үшін өзіңіз қалаған активті нарықтағы бағада сатып алады және сатады. Ал көрсеткен қызметі үшін сауда сомасынан белгілі бір деңгейде пайыз алады. Брокерлік компаниялар – биржадағы сенімді саудагерлер. Мұндай компаниялар биржада сауда жасау үшін қомақты қаржы төлейді. Сондықтан кез келген адам биржадан тікелей сауда жасай алмайды.

Трейдингтің трендке айналуына негізгі себептің бірі – техникалық мүмкіндіктің артуы

Біз қазіргі таңда өзіміз қалаған уақытта сауда жасауымыз мүмкін. Бірақ бастапқыда мұндай мүмкіндік тек ірі компаниялар үшін қолжетімді еді. Биржа сауда алаңы алғаш рет XVI ғасырда пайда болды. Көпке танымал Лондон қор биржасы 1801 жылы ресми түрде ашылды. Бастапқыда биржада шамамен 500-дей компанияның акциясы саудаланды. Кейіннен түрлі байланыс құралдарының пайда болуы биржадағы саудагерлер санының артуына себеп болды. Телеграф пен телефондар брокерлерге нарық бағамын өз тұтынушыларына жылдам жеткізуге көмектесті. Ақпараттың қолжетімділігі артты. Кейіннен интернеттің қолданысқа енуі салаға үлкен серпіліс әкелді. Қазіргі таңда биржа бағамы платформаларға ауысты. Осының арқасында трейдерлер әлемнің кез келген бұрышынан қалаған уақытында трейдингпен айналыса алады.

Салаға деген қызығушылықтың артуына әлемді әбігер еткен пандемия кезеңі зор ықпал етті. Біз жоғарыда айтып өткендей, қазіргі таңда биржадағы сауда онлайн жүзеге асады. Ал үйге еріксіз қамалған көпшілік трейдингті жаңа табыс көзі ретінде қарастырды. Экономист Жанар Рысқұлова виртуалды әлемнің дамуы ғана емес, күтпеген өзгеріс нәтижесінде нарықтың құбылуы да трейдингке деген қызығушылықтың артуына себеп болды дейді. 

«Пандемия, инфляция, мұнай бағасының өсуі, саяси оқиғалар – мұның бәрі бағаның құбылуына әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде табыс табуға мүмкіндік береді. Трейдерлер мен инвесторлар үшін нарықтағы тұрақсыздық – қауіп қана емес, сонымен қатар үлкен мүмкіндік. Себебі баға өзгерісі арқылы қысқа немесе ұзақмерзімді сауда стратегияларын қолдану арқылы пайда табуға болады.

Мысалы, мұнай бағасының күрт өсуі энергетикалық сектордағы акциялардың қымбаттауына себеп болса, инфляция ұлттық валютаның құнсыздануына әсер етіп, валюталық нарықта жаңа сауда мүмкіндіктерін тудырады. Саяси тұрақсыздық пен геосаяси шиеленістер алтын, доллар сияқты активтерге сұранысты арттырып, олардың бағасын өсіреді», – дейді экономист Жанар Рысқұлова.

Экономистің айтуынша, трейдерлердің көбеюіне криптовалютаның да дамуы ықпал еткен.

«Биткоин, мемкойндар және токендер сияқты криптовалюталар трейдингке деген қызығушылықты арттырды. Цифрлық активтердің құны күн сайын өзгеріп отыратындықтан, бұл нарық трейдерлер үшін табыс табудың тартымды алаңына айналды. Биткоин сияқты ірі криптовалюталар тұрақты инвестиция көзі болса, мемкойндар (мысалы, Dogecoin, Shiba Inu) қысқамерзімді пайда табуға мүмкіндік береді», – дейді экономист.

Трейдингке деген қызығушылықтың артуына қоғамдағы қаржылық сауатты болуға ұмтылыс та себеп болып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта білім алудың мол мүмкіндігі бар. Онлайн платформалар мен интернет желісі арқылы да арнайы курстарға қатысуға болады. Кейбір брокерлер мен ірі банктер өз серіктестерінің таным деңгейін арттыру мақсатында арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеген.

Трейдинг тұрақты табыс көзі бола ала ма және ол кімдерге арналған?

Трейдингпен кез келген адам айналысуы мүмкін. Көп жағдайда жас трейдерлердің шамамен 80-90 пайызы қаржысынан айырылып қалады. Сондықтан бұл салада табысқа жету үшін терең білім мен төзім, сабыр қажет. Трейдер – бұл әрдайым нарықты зерттеп, сараптама жасайтын саудагер. Сондықтан салаға қызығушылар әрдайым үйренуге құштар болғаны абзал. Бұл тұста Жанар ханым трейдингпен қосымша қаржысы бар адамдарға айналысуға кеңес береді.

«Трейдингпен жоқ дегенде 6 айға жететін қосымша қаражаты бар адамдар айналысқаны абзал. Себебі нарық тұрақсыз. Бір ай табысты болса, келесі ай мүлде ақша таппауыңыз мүмкін. Сондай-ақ жас трейдерлер бұл саланы негізгі табыс көзі ретінде қарастырмауы керек. Тәжірибе мен біліміңіз артқанға дейін ол тек хобби немесе қосымша табыс көзі болуы керек», – экономист.

Бүгінде инвестор саны артып жатқаны қуантады. Дегенмен асығыс шешім қабылдап, алдамшы үмітпен ақшаңыздан айырылып қалудан абай болыңыз. 

Трейдинг – тез байып кету жолы емес. Бұл – үнемі оқуды, талдауды, сабыр мен тәртіпті қажет ететін күрделі жұмыс. Бірақ осы талаптарға дайын адам  табыс таба алады.

Төлеген АБДРАСИЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті