Былтырдан бері мектептерде алғашқы қоңырау, соңғы қоңырауға 1-сынып пен 11-сынып оқушыларына ғана өткізетін болған. Ірі мегаполистерде, үлкен қалаларда 1-сынып пен 11-сыныптың өзі бірнешеу болатыны белгілі. Сондықтан оларға осылай өткізген тиімді де шығар. Алайда еліміздің шалғай ауылдардың көбінде бір-ақ мектеп, сәйкесінше 1-сынып пен 11-сынып бір-біреуден келетіні бар. Оның өзінде оқитын оқушы саны да аз. Кейбір жерде тіпті бастауыш 1-4-сыныптың басын қосқанда 20-ға толар-толмас оқушы жиналады. Осындай оқушысы аз мектепті ішінен бөліп жармай, соңғы қоңырау мен алғашқы қоңырауды бәріне бірге өткізуге болатыны жөнінде Оқу-ағарту министрлігі жауап берді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Олардың айтуынша, алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау секілді салтанатты шараның өткізу форматын білім беру ұйымдары өздері шешеді.
«Оқу жылының басталуы мен аяқталуына арналған салтанатты шаралардың өткізілу форматын білім беру ұйымдары дербес анықтайды. Сынып жинақтары көп қала мектептерінде салтанатты шараға 1 және 11-сыныптардың оқушыларын қатыстыру қарастырылған. Қалған оқушылар үшін сынып сағаттары немесе басқа форматтағы шаралар ұйымдастырылады. Ал бала саны аз мектептерде, әсіресе ауылдық елді мекендерде бұл шараға барлық мектеп оқушының қатысуына шектеу қойылмайды», – деп жазған Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Өзге сыныптың оқушыларын, яғни 2-сынып пен 10-сынып аралығындағы оқушылар алғашқы қоңырау өтпей тұрып, күні бұрын мектепке жиналып, сабақ оқитын кабинеттерімен танысып, кітаптарын алып қайтуы – әрбір Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп ережесімен реттеледі. «Ереже оқушылар үшін білім беру процесінің тәртібін, мектеп формасы мен сыртқы келбетіне қойылатын талаптарды анықтайды, оқушылардың құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін, мектеп аумағындағы және барлық сабақтан тыс іс-шаралардағы оқушылардың мінез-құлқының негізгі нормалары мен ережелерін айқындайды, оқушыларды мадақтау, даулы мәселелерді шешу, оқушылардың заңды өкілдерімен өзара әрекетті ұйымдастырады», – делінген министрлік хабарламасында.