Астана IT университетінде «Әйел аманаты» жобасы аясында өткен семинарда сапалы білім беру жүйесі талқыланды.
«Әйел аманаты»: Астанадағы мектеп директорлары арасында халықаралық аккредиттеу семинары өтті
Жақсыбек Жанғазиев
723
оқылды

Қазір еліміздің орта білім беру жүйесінде халықаралық сапа стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, НААР/IAAR әйел-мектеп басшыларын халықаралық аккредиттеу сарапшысы ретінде даярлау мақсатында арнайы оқыту семинарын ұйымдастырып отыр. Бұл қатысушы әйелдер үшін мансаптық өсуге, тәжірибе алмасуға және ел ішіндегі және халықаралық деңгейде білім сапасын бағалауға қатысуға жол ашады. Семинарда сөз алған Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен Ақтөбе облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары халықаралық аккредиттеудің маңызына тоқталып, оның жүзеге асуында басымдық беру керегін атап өтті. Мектептегі білім беруден бөлек, жоғары оқу орындарының аккредиттеу тәжірибесі бүгінде қалыпты жағдайға айналған. Бұл туралы Astana IT University ректоры Асқар Хикметов кеңінен тоқталды.

«Бұрын шетелдік агенттіктерге тәуелді едік, қазір өзіміздің ұлттық жүйеміз бар. Бұл тәжірибені орта білімге де енгізу дұрыс қадам деп санаймын. Болашақ университет студенттері дегеніміз бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан бұл жүйенің бірізділігі мен сапалылығы болашақ адами капиталдың негізі болмақ», – деді.

Бүгінде еліміздің экономикасында жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел – білім беру саласының өкілі. Мектеп директорларының, партияның бастауыш ұйымдарының басшылары мен мүшелерінің басым бөлігі – әйелдер. Демек, мектептегі білім сапасы мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі көбіне-көп осы әйел басшыларға байланысты. Жиында айтылған тағы бір маңызды мәселе – халықаралық аккредиттеу тек мұғалімдер мен директорларға қатысты емес, жалпы мектептің оқу ортасын, материалдық-техникалық базасын, басқару сапасын, оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын, ата-аналармен өзара әрекеттесуіне оң ықпалын тигізеді.

«Бүгінгі семинар – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды шараның бірі. «AMANAT» партиясы әйелдердің кәсіби дамуына, олардың білім беру жүйесіндегі рөлін күшейтуге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Халықаралық аккредиттеуді енгізу арқылы әр мектеп бір жүйеде жұмыс істеп, барлық стандартқа сай сапалы білім береді», – деді «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мария Өтебаева.

Бүгінгі таңда еліміздің экономикасында жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел – білім беру саласының өкілі. Мектеп директорлары мен бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерінің көпшілігі де – нәзік жандылар. Сондықтан мектептегі білім сапасы мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі көбіне осы әйел басшылардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты болып келеді. Қазіргі таңда елімізде халықаралық мектеп мәртебесіне 14 мектеп ие. Осы тұста сөз алған Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің кеңесшісі Ольга Алексеевна орта білімді аккредитациялау тәжірибесі шетелде де жүйеге енгенін атап өтті.

«Бүгінде білім беру сапасы – жоғары білім деңгейі үшін де, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейі үшін де басты әрі басым мәселе екені бәрімізге белгілі. Бүгінгі семинарымыз дәл осы тақырыпқа – мектептерді аккредиттеу мәселесіне арналған. Бұл тек халықаралық мектептерге ғана қатысты емес, сонымен қатар мемлекеттік мектептерге де қатысты. Біздің агенттік 2011 жылы құрылған және білім беру бағдарламаларын да, білім беру ұйымдарының қызметін де халықаралық деңгейде аккредиттеумен айналысады, яғни институционалдық аккредиттеу жүргізеді. Бұл елімізде ғана емес, Еуропа, Азия және Америка елдерінде де жүзеге асырып отырмыз. 2018 жылдан бастап 200-ден астам ұйым мен шамамен 6000-ға жуық білім беру бағдарламасы аккредиттелді. Бұл – біздің тәжірибеміздегі оң өрсеткіші», – деді ол.

Айта кетейік, іс-шараны «AMANAT» партиясының қолдауымен Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (НААР/IAAR) ұйымдастырды. Жиын офлайн және онлайн форматта өтіп, орта білім саласына жаңа серпін әкелетін тәжірибе талқыланды. Семинарға «Мектептерді халықаралық аккредиттеу: НААР/IAAR тәжірибесі және білім сапасын қамтамасыз ету» тақырыбында өткен оқыту семинарына елордалық және өңір мектептерінің директорлары, орынбасарлары, партия мүшелері қатысты.