Жұмыс тобының отырысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, жұмыс тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ өкілдері, әртүрлі өңірлерден келген сарапшылар қатысты.
Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, ОСК жанында 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы 2022 жылдан бастап жаңа ереже негізінде жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ жұмыс тобының құрамы мерзімді түрде үнемі жаңартылып отырады.
– Бүгінгі таңда қатысушылардың 70%-дан астамы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, бұл жұмыс тобының қолданбалы бағытын күшейтеді және мүгедектігі бар адамдардың сайлау процесіне нақты қажеттіліктерін есепке алуға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы шеңберінде заңнамада бекітілген квотаның Мәжілістің партиялық тізімдерінде кемінде 30%-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар құрауға тиіс. Бұл норма тізімдерді тіркеу кезінде де, мандаттарды бөлу кезінде де міндетті болып табылады, – деді ОСК Төрағасы.
Ол сондай-ақ бүкіл ел бойынша сайлау комиссияларының мүгедектігі бар мүшелерінің саны 2019 жылғы 455-тен бүгінгі күнге 735-ке дейін ұлғайғанын атап өтті.
– Бұл – инклюзивтіліктің жүйелі саясатын бірізді іске асырудың нәтижесі. Дегенмен әрі қарай даму маңызды. Біз партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына – мазмұны жағынан ғана емес, техникалық жағынан да қолжетімді болуға тиіс деп санаймыз. Ол үшін біз жұмыс тобының мүшелерін сайлауда қолжетімді ортаны кеңейтуге ықпал ететін нақты ұсыныстарды енгізуге шақырамыз, – деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (құзыреті саласында жүргізіліп жатқан қызмет туралы Асқарбек Ертаев баяндама жасады. Ол сайлау процесінде қолжетімді ортаны құру мәселелеріне назар аударды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталының пайдасы туралы хабардар етті.
Жиын барысында ОСК мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келісім негізінде Жол картасын әзірлеу туралы уағдаласты. ОСК Төрағасы бастамашылық еткен Жол картасы мүгедек адамдардың сайлау құқықтарын іске асырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге және сайлау органдары мен министрліктің өңірлік бөлімшелері арасында сайлау инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейтуде тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
«Шырақ» ҚБ және Парламент Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева қатысушыларды «Шырақ» ҚБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі және ОСК бірлескен жобасы шеңберіндегі сайлауды ұйымдастырушылар үшін мүгедек адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі бейнекурсты әзірлеу барысы туралы хабардар етті. Бейнекурс сайлауды ұйымдастырушыларға арналған теориялық аспектілерді де, интерактивті тапсырмаларды да қамтиды.
Отырыстың күн тәртібінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдаланушының дыбыстық ескертуі бар NVDA бағдарламалық жасақтамасын пайдалану туралы да айтылды. «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Павлодар» ҚҚ президенті Снежана Мрыль көру қабілеті бұзылған адамдардың өз бетінше дауыс беруі үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Ол зағип сайлаушыларға басқа бір тұлғаның көмегінсіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін осы бағдарламаның практикалық қолданылуы туралы айтты. Оның пікірінше, сайлау учаскелерінде осындай технологияларды енгізу сайлау процесінің қолжетімділігін және мүгедек азаматтардың сайлау белсенділігінің деңгейін арттырады. Нұрлан Әбдіров Павлодарда пилоттық режимде қолданылып жүрген осы бағдарламаны сынақтан өткізуді ұсынды. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша аумақтық сайлау комиссиялары оны сайлау процесіне одан әрі енгізу мүмкіндігі туралы ұсынымдар берді.
Отырыс соңында ОСК Төрағасы азаматтардың барлық санаттарының сайлау процесіне тең қатысуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі және бірізді жұмыс жалғасатынына сенім білдірді. Жұмыс тобының мүшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуді және сайлауда қолжетімді ортаны жақсартуға қатысуды жалғастырамақ.
Тілек ҚАБЫЛ