Биыл Жеңіске– 80 жыл. Осыған байланысты «Қанша соғыс ардагері айтулы датаны қарсы алады?» деген сұрақпен Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесіне хабарластық. От кешіп, жеңісті жақындатқандардың қатары сиреп, бүгінде арамызда аймақ бойынша сегізі ғана қалған.
Сұңғат Сәттіғұлов
544
оқылды

Солардың бірі – 1923 жылғы 1 қаң­тар­да Павлодар облысының Баянауыл ау­­данында туған Сұңғат Сәттіғұлов ақ­са­қал.

Сұңғат Сәттіғұлов қан майданға 1942 жыл­дың маусым айында аттанып, Ста­линград түбіндегі шайқасқа тап болады. Алдында Алматы қаласында жаяу әскер училищесінде оқып, дайындықтан өт­кен. Минометшілер взводын басқарып, жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыс­тарды бастан кешіреді. 

Өткен жылы Мәскеуде орналасқан «Үшін­­ші мыңжылдықтағы білім» аймақ­ара­лық қоғамдық қорының жұмыс тобы (жо­ба жетекшісі Алексей Стороженко) Мәс­кеу үкіметі сыртқы экономикалық жә­не халықаралық байланыстар депар­та­ментімен бірлесе отырып қарағанды­лық ардагерлердің естеліктерін Ұлы Жеңіс­тің алдағы 80 жылдық мерейлі ме­ре­кесі алдында кинолентаға жазып алған еді. 

– Сұраққа жауапты жайлап бас­та­ға­ны­мен кейде ауытқып кетіп отырды. Енді қал­ай, оның жасы 101-ден асқан, соған қа­рамастан оқиға болған күндерді, ұрыс­қа қатысқан әскери бөлімшелердің рет са­нын, командирлерінің аты-жөнін осы күн­ге дейін ұмытпаған екен, – дейді түсі­рі­лімді жүргізуге көмектескен облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин.

Сталинград түбіндегі шайқас 200 күн мен түнге созылып, ақыры неміс-фашист басқыншыларының 330 мың әскерінің қоршауға алынуына ұласты емес пе?! Бұл осы соғыстағы ұлы бетбұрыс болды. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград опе­рациясы аяқталып, жау берілді. 

Бірақ мұны Сұңғат радиодан естіп біл­ді, өйткені кескілескен ұрыстардың бі­рінде, 1942 жылдың 9 желтоқсанында ауыр жараланып, Саратов госпиталінде емделіп жатқан. Емделіп шыққаннан кейін де қайсар қазақ жауынгері алдыңғы шеп­ке сұранған, сөйтіп тағы бір ірі шай­қасқа қатысып, туысқан Беларусь елін, оның астанасы Минск қаласын азат ете­ді. 

Тек 1947 жылы ғана туған жеріне ора­лады. «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Гер­манияны жеңгені үшін» медаль­дары­мен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мере­келік медальдармен марапатталған. 

1947 жылы Алматы облысындағы Ша­малған құрылыс техникумында білім ала­ды. Техникумды бітіргеннен кейін ауыл­дық құрылыста бригадир болып жұ­мыс істеген, ардагер Солтүстік Қазақстан об­лысындағы өнеркәсіп нысандарының құры­лысында жұмыс атқарады. 1956 жы­лы Сұңғат Смағұлұлы Қарағанды қа­ла­сына қоныс аударады. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы