Бұл суперкомпьютер – өте жылдам, қуаты жоғары құрылғы. Салыстырмалы түрде бір зерттеуді қарапайым компьютер 1 ай есептесе, суперкомпьютер оны бірнеше минутта не секундта орындайды. Бір ғажабы, секундына мыңдаған, тіпті миллиардтаған есептеулер жасай алады. Жобаны Л. Гумилев атындағы ЕҰУ мен «Қазақтелеком» компаниясы бірлесіп жүзеге асырды.
Қазақстандағы жаңа цифрлық серпіліс
Маңызды іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев, Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері мен университет ғалымдары қатысты.
Жаңартылған суперкомпьютер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет басшысының ұлттық жоғары тиімді есептеуіш инфрақұрылымын дамыту қажеттігі туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында іске қосылды. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ PARAM BILIM-2 суперкомпьютерінің мүмкіндіктері Деректерді өңдеу қоры орталығы орналасқан «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен қолданбалы жобаларда да пайдаланылады деп жоспарлануда.
Іске қосу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова:
«Қазақстан ғарыштық технологиялармен жұмыс істейтін санаулы елдердің қатарына кіреді. Біз мұнымен мақтануымыз керек. Елімізде 3 суперкомпьютер бар. Олар Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі суперкомпьютерді Қытай үкіметімен ынтымақтастықта іске қосқанбыз.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еуразия ұлттық университеті және суперкомпьютерді сыйға тартқан Үндістан үкіметінің бірлескен күш-жігері арқасында қысқа уақыт ішінде суперкомпьютердің есептеу қуаты айтарлықтай кеңейтілді. Енді оған жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар, суперкомпьютерлік есептеулердегі кванттан кейінгі криптография саласындағы шешімдерді әзірлеуге мұқтаж барлық зерттеушілердің қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті.
Өнімділігі күшті кешен
PARAM BILIM 2 суперкомпьютері – 1 петафлопсқа дейінгі ең жоғары өнімділігі бар заманауи есептеу кешені. Яғни, петафлопс дегеніміз – бірнеше дәрежедегі технологияның есептеу күші. Әлемнің озық әрі мықты университеттерінде жүйелер 5-6 петафлопстық дәрежеде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Еліміздегі бұл компьютерінде Үндістанның C-DAC орталығы әзірлеген High Performance Computing (HPC) бағдарламалық платформалары бар.
PARAM BILIM-2 қазірдің өзінде жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптографияны қоса алғанда, 30-дан астам ғылыми бағыттар бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер үшін қолданылады. Сондай-ақ халықаралық әзірлеушілермен суперкомпьютердің функционалдығын кеңейту туралы келіссөздер жүргізілуде.
Бұған дейін университетте Param Bilim 1 моделі 15 жылдан астам уақыт бойы білім беру мақсатында қолданылып келеді.
Суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін іс-шаралар «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-да жалғасты, онда «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысы өтті.
Конференция аясында телекоммуникациялық және АКТ-инфрақұрылымдарды құрудан бастап спутниктік технологияларды, киберқауіпсіздік және экономиканы цифрландыру саласындағы шешімдерді енгізуге дейінгі елдің цифрлық дамуының негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау мәселелері мен цифрлық кластерлерді құрудың келешегі талқыланды.
Ақкөл – ғылыми қалашық
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде Ақмола облысының инновациялық орталыққа айналу үшін бірегей әлеуеті бар екенін және жаңартылған PARAM BILIM-2 аймақтағы ғылыми-техникалық қызметтің ұйытқысы болатынын және зерттеушілер мен кәсіпкерлердің назарын аударатыны сөзсіз екенін атап өтті.
«ЕҰУ Ақкөл қаласындағы Деректерді өңдеу қоры орталығымен байланыс орнатты. Университеттің Физика-техникалық ғылымдар институты кафедрасының филиалы бар, онда ЕҰУ студенттері жыл сайын тәжірибеден өтеді. Кезекті Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанда ғылым қаласын құру туралы айтты. Алдағы уақытта Ақкөл аумағында ғылым қаласының пайда болуының куәсі болуымыз әбден мүмкін. «PARAM BILIM-2 суперкомпьютері ЕҰУ ғалымдары мен студенттеріне ғана арналып отырған жоқ, біз осы суперкомпьютердің қуатын пайдаланғысы келетін барлық зерттеушілерге ашықпыз. Бұл – ұлттық қазына», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Сондай-ақ іс-шара барысында ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Ш. Сейіловтың «Телекоммуникациялық желілерді дамытудың заманауи міндеттері» атты ғылыми монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Ғылыми еңбек Қазақстан мен әлемнің телекоммуникация саласындағы байланыс, цифрландыру және озық шешімдерді енгізу, байланыс саласындағы заманауи сын-қатерлерге арналған.
Суперкомпьютер – ғылым, бизнес және Үкімет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Сарапшылар бұл жобаны Қазақстанның цифрлық даму жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр. Ақкөл инновациялық кластерге айналып, елдің технологиялық серпілісіне жол ашуда. Жоба елімізді ғылым мен білім саласында алдыңғы қатарға шығаруға қауқарлы.
Әсет ҚАЛИ