Біз бұған дейін газет бетінде Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының туристік әлеуеті туралы «Қоқыс «жамылған» Қапшағай жағалауы» деген тақырыппен мәселе көтерген болатынбыз.
Жаңарған жағалау аймақтың туристік әлеуетін арттырады
634
оқылды

Сол кезде жергілікті әкімдік Қапшағай жағалауы қоқыстан тазарып, жағажай туризміне жан бітетін күн жақын деп сендірген еді. Ал күні кеше облыс орталығында сол уәденің орындалуына куә болдық. 

Қапшағай су қоймасының жаға­лауы көп жылдар бойы назардан тыс қалып келген еді. Енді бұл аумақ мүл­де жаңа кейіпке енді: балалар жә­не спорт алаңдары, субұрқақтар, су­ға түсуге арналған ыңғайлы бас­пал­дақтар, орындықтар мен жа­рық­тандыру жүйесімен жабдықталған за­ма­науи қоғамдық кеңістікке ай­нал­ды. Ауқымды жобаны жүзеге асы­­руға КСЖ Freedom Life АҚ қол­дау көрсетті.

Құрылыс жұмыстары 2024 жыл­дың жазында басталып, толық абат­тан­дырумен сәтті аяқталды. Жаңадан тас төсеніштер төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды, жа­рықтандыру жүйесі толық жаңар­тылды. Жаңа алаңда балалар мен спорт­тық алаңдар, ашық аспан ас­тындағы жаттығу құрылғылары мен де­малыс аймақтары пайда болды. Жа­ғалау енді субұрқақтармен, жа­ға­жайға түсуге арналған бас­пал­дақ­тармен толыққан. 2025 жылғы нау­рыз­да соңғы кезең – гүлзарлар отыр­ғызу мен қылқанжапырақты және жа­пырақты ағаштарды егу жұмыс­тары да аяқталды.

– Бұл тек абаттандыру емес, бұл – тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі тартымды қоғамдық кеңістік қа­лып­тастыруға бағытталған маңызды қадам. Қонаев қаласы мен Қапшағай жа­ғалауы – су туризмінің ірі ор­та­лықтарының бірі. Жаңарған жа­ғалау өңірдің инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, оның инвестициялық әлеуетін де арттырады, – деді Алматы об­лысының әкімі Марат Сұлтан­ға­зиев.

Ұзындығы 1 шақырым бола­тын жа­ғалау бүгінде демалыс, серуендеу, спортпен шұғылдану мен отбасылық уақыт өткізу үшін барлық жағ­дай жа­салған кең әрі заманауи кеңіс­тікке айналды. Жобаның жүзеге асуы­на КСЖ Freedom Life компа­ния­сы 4,53 миллиард теңге көлемінде қар­жылық қолдау көрсетті. Бұл – биз­нестің мемлекетпен тиімді әріп­тестігінің жарқын көрінісі.

– Бұл кеңістікті шын мәнінде за­манауи әрі тартымды ету үшін біз ай­тарлықтай ресурстар, уақыт пен күш жұмсадық. Бұл жай ғана инф­ра­құрылымды жақсарту емес, бұл – Қонаев қаласының болашақ дамуына қосқан нақты үлесіміз. Біз қаланың зор әлеуетіне сенеміз. Мұндай жо­ба­лар оның өмір сүруге жайлылығын арттыра түседі, – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы дирек­торы Тимур Турлов.

Жағалаудың ресми ашылуы­нан кейін нысан коммунал­дық меншікке берілді. Қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдас­тыры­лып, отандық өнерпаздар мен би ұжымдарының қатысуымен ме­ре­келік концерт өтті.

– Біз ірі холдинг ретінде ESG қа­ғи­даттарын ұстана отырып, қалалық орта­ны жайлы әрі шабыт сыйлайтын етіп қалыптастыруға бағытталған жо­баларға басымдық береміз. Freedom Life компаниясы соңғы алты жыл­дан бері өмірді сақтандыру са­ласындағы цифрлық қызмет көрсету бойынша көшбасшы болумен қатар, әлеуметтік маңызы бар бастамаларға да ерекше көңіл бөліп келеді. Қо­наев­тағы жа­ға­лауды абаттандыру – биз­нес­тің қа­лалық инфрақұрылымды да­­­­­мытуға қос­қан маңызды үлесі. Бұл – біздің са­налы стратегиямыздың ажырамас бө­лігі, халқымыздың жарқын бола­ша­ғына бағытталған нақты қадам, – деді КСЖ Freedom Life бас­қарма төра­ғасы Азамат Ердесов.

Іс-шара барысында Алматы об­лысының әкімі Қапшағай су қой­ма­сы­ның экожүйесін сақтау және Қонаев қаласын өңірдің басты ту­рис­тік бағыттарының біріне айнал­дыру жөніндегі жоспарларын да орт­аға салды. 

– Алда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін заманауи инфрақұрылым да­мытылады. Сонымен қатар «Ұлы да­ла жорығы» және өрік фестивалі сияқ­ты ірі іс-шаралар өтеді. Алдағы уа­қытта халықаралық деңгейдегі жа­ғажай мен бес жұлдызды екі қона­қүй­дің құрылысы да қолға алынбақ, – дейді Марат Сұлтанғазиев. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Алматы облысы