Кездесу соңында Қарағандыдағы Бөкетов университетінің дәстүрлі жобасы «Kitap – Qazyna» жеңімпаздары марапатталды.
Айтыскер Ринат Зайытов студенттермен кездесті
1,056
оқылды

Ұлттық кітап күні аясында Қарағанды қаласына арнайы сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі айтыскер Ринат Зайытов Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Соңғы кезде кітап оқу әдемі бір үрдіске айналды. Жастардың көңілі пайдалы әдебиеттерге ауып, рухани байыды. Себебі, жақсы кітап –  өмірлік азық. Кездесу барысында осы секілді ойлар айтылып, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.

– Ұлттық кітап күні және «Кітап-Amanat» жобасы аясында Қарағанды облысының бірнеше кітапханасына жолымыз түспек.  Алдымен осы университетке бет бұрдық. 

Әлеуметтік желіде барлығы жеңілдеп, минимализммен өмір сүріп жатқанда, кітап оқу дәстүрі үзіліп қалмауы үшін әрбір адам өзі оқыған көркем дүниелерімен бөлісіп, қоғам арасында талқылануы тиіс деп ойлаймын. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында басты мақсат, – деді Ринат Зайытов.

Мәжіліс депутаты студенттерге Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын оқуға ұсынуының себебін түсіндірді.

– Ең алдымен, романдағы оқиға желісі Қарағанды өлкесінде орын алған. Екіншіден, ол жердегі кейіпкерлер де сіздер сияқты бір дәуірден бір дәуірге ауысқан ұрпақ. Көркем шығармада көрсетілген мәселелердің барлығы әлі де өзгермеген, әлі де баршылық, – деді Ринат Зайытов.

 «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков кітап оқудың маңыздылығына тоқталып, елдің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін айтты.

Кездесу соңында Қарағандыдағы Бөкетов университетінің дәстүрлі жобасы «Kitap – Qazyna» жеңімпаздары марапатталды. 

Жүлделерді қадірлі қонақтар салтанатты түрде табыстады. Бас жүлде – «Бес арысқа» (филология факультеті) бұйырса, І орынды «Aqiqat» (шетел тілдер факультеті) иеленді. ІІ орын «Қыр қызғалдақтары» (филология факультеті), ІІІ орын – «Уақыт сақшыларының» (тарих факультеті) еншісінде.

Университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Жетпісбаев кітап сыйлау дәстүрімен қонақтарға Ебіней Бөкетовтің 100 жылдығына орай ғалым жайлы кітап тарту етті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ