Мектепте 142 оқушы қазақша дәріс алса, 80 бала орыс тілінде оқиды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ауыл мектебіне кітап сыйлады
1,653
оқылды

Ұлттық кітап күні аясында Қарағанды қаласына арнайы сапармен барған Парламент Мәжілісінің депутаты, "АМАNAT" партиясының мүшесі Ринат Зайытов Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында студенттермен кездескеннен кейін Абай ауданына қарасты Құрма ауылындағы мектепке барды.

Делегацияны Абай ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марина Стрельникова, Құрма ауылында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің директоры Құралай Амралина қарсы алып, мектеп өмірімен таныстырды.

Айта кету керек, бұл мектепте 142 оқушы қазақша дәріс алса, 80 бала орыс тілінде оқиды. Заманауи мектепте  28 жалпы білім беру кабинеті, 1 STEAM кабинеті, 5 зертхана, 2 шеберхана, 1 робототехника кабинеті, 1 Intellectum кабинеті бар.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков оқушыларды кітап оқуға шақырды және Ұлттық кітап күнімен құттықтады.

– Мен электронды кітапқа үйренбегенмін. Ол көзге ыңғайсыз, яғни жанарды құртады. Ал қағазға басылған кітап – бір әлем. Рақаттанып оқисыз. Балалармен кездесудегі негізгі мақсат – осы жастан бастап қандай кітап оқу керек, соны нұсқап, бағыт-бағдар беріп жіберу болатын. Әр кітаптың өз философиясы бар. Оқырманға айтар ойы бар. Біз тек Оралхан Бөкейдің «Атау кересін», яғни бұл шығармада оқырманға не айтқысы келгенін талқыладық. Балалар өте жақсы түсінген. Ол – құптарлық жағдай. Сонымен қатар балалардың дүниетанымын қалыптастыру  мақсатында бірнеше кітапты сыйға алып келдік, – деді. 

Арнайы келген қонақтар  Астрид Линдгреннің «Біз бәріміз бір ауылданбыз», Ілияс Жансүгіровтің «Сығанақ», Бейімбет Майлиннің «Қанды тұман», Мұхтар Шахановтың «Танакөз», Несіпбек Айтұлының «Дариға-дәурен» және де  басқа кітаптарды «жас оқырман қолында тозсын» деген ниетпен мектеп кітапханашысы Алтын Жұмабекке табыстады. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.