«Кітапхана ісі» мамандығы бойынша әзірленетін білім беру бағдарламалары көбінесе жалпы сипатта болып, кітапхана саласының нақты секторларына бейімделмеген.
«Кітапхана ісі» мамандығы нақты секторларға бейімделмеген –  Жұлдыз Сүлейменова
436
оқылды

Бүгінгі Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова  еліміздегі университеттерде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша әзірленетін білім беру бағдарламалары көбінесе жалпы сипатта болып, кітапхана саласының нақты секторларына бейімделмегенін айтты. Сондықтан уақыт талабына сай, педагог-кітапханашыларды, қоғамдық кітапханалардың қызметкерлерін және ғылыми-зерттеу мекемелерінің кітапханашыларын арнайы даярлауға бағытталған салалық, мамандандырылған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін сұрап, депутаттық сауалын жолдады. 

– Бүгін елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтіп жатыр. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай аясында берген тапсырмасына сәйкес және депутаттық корпустың қолдауымен жүзеге асырылды. Ұлттық кітап күні – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды бастама.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кітап оқудың тұлға қалыптастырудағы маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған орай, елімізде жазушылар мен авторларға қолдау көрсету мақсатында арнайы гранттар бөлу мәселесі заңнамада қарастырылуда. Бұл бастамалар рухани дамудың негізгі тірегі.

Алайда  бұл салада әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Соның бірі – кітапханашылардың кәсіби біліктілігі мен кадрлық қамтылуы. «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлауды «Журналистика және ақпарат» бағыты аясында 51 жоғары оқу орны жүзеге асырады. Осыдан 2 жыл бұрынғы мәліметтермен салыстырсақ, әрине салада ілгерілеу бар. Мысалы, 36 бағдарлама кәсіби стандарттары жетілдірілген. Бакалавриатта – 5 881 студент, магистратурада – 287 магистрант, докторантурада – 73 докторант, барлығы 6 241 адам оқиды. Дегенмен  бүгінде  ҚР Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлек қарастыру қажет деп санаймын, – деді Мәжіліс депутаты. 

 Оның айтуынша, «Кітапхана ісі» – бұл ақпаратты сақтау, жүйелеу, оқырманға ұсыну және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қоғамға ақпараттық қызмет көрсетуге бағытталған дербес сала. Ол оқытатын пәндер мен кәсіби дағдылар жиынтығы жағынан журналистикадан түбегейлі ерекшеленеді. 

 – Бүгінгі күні елімізде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ашық білім ресурстары кеңінен дамып келеді. Осындай кезеңде кәсіби кітапханашыға деген сұраныс артуда, алайда мамандықтың мәртебесі мен танымалдылығы төмендеп барады. Оның бір себебі – тиісті білім беру бағытының бұрмалануы мен нақты ерекшелігінің ескерілмеуі.

 Сонымен бірге  еліміздегі университеттерде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша әзірленетін білім беру бағдарламалары көбінесе жалпы сипатта болып, кітапхана саласының нақты секторларына бейімделмеген. Сондықтан уақыт талабына сай, педагог-кітапханашыларды, қоғамдық кітапханалардың қызметкерлерін және ғылыми-зерттеу мекемелерінің кітапханашыларын арнайы даярлауға бағытталған салалық, мамандандырылған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет.

Кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы болғандықтан, кітапханашы мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі шарт. Қоғамның түрлі қажеттіліктерін қамту үшін салалық мамандандырылған кітапханашыларды даярлау маңызды:

Педагог-кітапханашылар – оқу сауаттылығын арттыру үшін мектептер мен оқу орындарында жұмыс істейтін кітапханашылар. Қоғамдық кітапхана мамандары – халықтың мәдени сұранысын қанағаттандырып, оқырмандық белсенділікті дамытуға атсалысатын мәдениет саласындағы кітапханашылар. Ғылыми кітапханашылар – университеттер мен ғылыми орталықтардағы дерекқорлармен жұмыс істейтін ғылыми қызметкер ретіндегі кітапханашылар. 

Осыған орай, келесі ұсыныстарды енгіземіз:

1. ҚР Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлуді қарастыру.

2. Бүгінде «Кітапхана ісі» мамандығымен оқып жатқан бакалавр, магистр және PhD докторанттарының еңбек нарығындағы сұранысына сараптама жасау, жұмыспен қамту бағдарламасын қабылдау.

3. «Кітапхана ісі» мамандығында «Педагог-кітапханашы», «Мәдениет саласының кітапханашысы», «Ғылыми кітапханашылар» білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет,  деді Жұлдыз Сүлейменова.