Оның айтуынша, ШҚО, Абай, Жетісу облыстарының шекаралық аудандардың фермерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген ауыл шаруашылығына «тауар несиесі» жөнінде өтініш білдірді. Соған қарамастан Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Тауарлы несие» туралы бағдарламасын әлі әзірлемеген. Оған қоса, ауыл шаруашылығын несиелеуге қатысты төмендегідей проблемалар бар. Мәселен, пайыздық үстемесі мен төлем кестесінің қолайлығынан басқа көптеген жасырын талаптардың болуы; кепілге қойылатын талаптардың жоғарылығы (ауылдағы үйлермен қора-қопсылардың кепілге алынбауы немесе төмен бағалануы); мемлекет тарапынан субсидияланатын пайыздық үстемелердің бюджет тапшылығына байланысты шаруалардың өздеріне төлеттірілуі бар екенін жеткізді.
– Айталық, еліміздегі екінші деңгейлі банктер үшін несие беру бұл табыс көзі болып табылса, мемлекеттің беретін жеңілдетілген несиелерінің негізгі мақсаты бұл белгілі бір саланың дамуына, аяғынан тұруына ықпал ету болып саналады.
Үкімет экономиканың нақты секторын ауқымды қаржыландыруға кірісетіні туралы жариялады. 2025 жылы «Даму» қоры 1,7 трлн теңгені құрайтын ШОБ-тың кемінде 30 мың жобасына қолдау көрсететінін айтқанымен, нақты қаржыландыру бағдарламалары айқындалмаған.
«AMANAT» фракциясы бұл бағдарламалар шекаралық аудандар фермерлеріне де қолжетімді болуы қажет деп есептейді. Үкімет даму институттарының қаржыландыру көздерін шекаралық аудандар фермерлеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет! Бұл 3,4 млн адам тұратын 65 ауданның халқының тағдыры! Сондықтан халық арасында жылы қабылданып жатқан «Ауыл аманаты» Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасын жүйелі іске асыру, ауыл экономикасына бағытталатын шағын несиелер көлемі мен санын, қолжетімділігін ұлғайту мақсатында «Тауарлы несие» бағдарламасын қабылдау, іске асыру қажет деп есептейміз.
Аталған бағдарламада шалғай жерде еңбек ететін фермерлерге берілетін тауарлы несиенің қолжетімділігіне назар аудару қажет. Даму институттарының шалғай ауылдағы фермерлерге кредит беру үрдісін қалыптастыру. Аталған бағдарламаны іске асыру процесі ашықтық және жариялық принциптеріне сәйкес болуы тиіс, – дейді ол.