«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылдан бері Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 387 041 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бүгінде аталған жер шаруаларға үлестіріліп, кәсіпкерлер өз ісін дамытып жатыр.
Мәселен, Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында мемлекет меншігіне қайтарылған 351 гектар жер аудандық «Жер аманаты» комиссиясының ұсынысы бойынша «Дәулен» шаруа қожалығына пайдалануға берілді. Шаруа Дәулен Елеуов қолда бар жайылымдық жердің аздық етуіне байланысты конкурсқа қатысқан.
«Ата кәсіппен айналыса бастағаныма 15 жылдан астам уақыт өтті. Етті ірі қара, жылқы, қой шаруашылығымен айналысамыз. Өнімдерімізді ауыл, аудан және қала тұрғындарына жеткіземіз. Қазір кәсіп аясын кеңейтіп, мал басын көбейтіп жатырмыз. Жайылымдық жеріміз аздық еткендіктен конкурсқа қатысып, 351 гектар көлемінде жер алдық. Бұл – кәсіп иелеріне беріліп жатқан жақсы мүмкіндік. Осындай қолдау көрсетіліп жатқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Дәулен Елеуов.
«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылы «Жер аманаты» жобасы аясында комиссия құрылды. Бұл комиссиялар тек облыс орталығында емес, аудандық жерлерде де қарқынды жұмыс атқарып келеді. Бұл жұмыстар аясында басымдықты кәсіп бастап жатқан жастарға бергіміз келеді. Себебі мемлекеттік конкурстарға қатысқан кезде көп жағдайда бірнеше жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген шаруашылық иелері жеңіп жатады. Ал жас кәсіп иелеріне бұл үлкен мүмкіндік. 2022 жылдан бері 387 041 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биылдың өзінде 30152 га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды», – деді «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.