Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен және елордалық жастармен кездесті.
Сайлауға да сауат керек
296
оқылды

Толыққанды интерак­тивті форматта өткен кез­десуге 400-ден астам сту­дент, ОСК жанындағы Жас сай­лаушылар клубының, елор­далық жастар ұйымдарының өкіл­дері мен жас сайлаушылар ара­сынан белсенділер жинал­ды. Іс-шараға Орталық сайлау ко­миссиясының, ОСК жанын­да­ғы Сараптамалық кеңестің мү­шелері, облыстардың, Ас­та­на, Алматы және Шымкент қа­лаларының, сондай-ақ ас­та­на­лық аудандардың аумақтық сай­лау комиссияларының тө­ра­ғалары мен мүшелері және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысты. 

Кездесуді ашқан ҚазАТЗУ бас­қарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Ті­реуов жүздесудің жас сайлау­шы­лар үшін маңыздылығына тоқ­та­лып, жастарды әлеуметтік бел­сенді болуға және өздерінің сай­лау құқығын сауатты пай­далануға ынталандыратынына сенім білдірді. 

Жиын барысында Орталық сай­лау комиссиясының Төра­ға­сы Н.Әбдіров комиссияның қыз­меті, еліміздің сайлау жүйе­сі мен сайлау органдарының дамуы туралы айтып, пайым­дау, миссия, құндылықтар, қа­ғи­даттар, мақсаттар, ба­сым­дықтар секілді комиссияның стратегиялық даму элемент­те­рін түсіндірді. Сонымен қатар Орт­сайлауком Төрағасы ел Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың ау­қым­ды конституциялық ре­фор­масы шеңберінде сайлау жүйесінің трансфор­ма­ция­лануы мәселесіне ерекше назар аударды.

– Ел азаматтарының сұра­ны­сы бойынша бүгінде мәс­ли­хат депутаттарының 90%-дан астамын халық тікелей сайлай­ды, сондай-ақ ауылдық округ­тер, кенттер мен аудандық маңы­­зы бар қалалар әкімде­рі­нің 97%-ға жуығы тікелей әрі жа­сырын дауыс беру негізінде сай­­­­­ланды. Бұл –азаматтық қа­тысу мен биліктің есеп беруін кеңейтудің маңызды қадамы, – деп атап өтті Н. Әбдіров.

Интерактивті сұрақ-жауап сессиясы бары­сында кездесуге қатысушылар сайлау жүйесін дамыту және сайлау рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне қызығушылық танытты. Мәселен, №15 мек­теп-лицейі өзін-өзі басқару ұйы­мының президенті Қайрат Құл­хожақымет білім мекеме­ле­рінде өзін-өзі басқару ұйым­дары мен оларды сайлау тура­лы, студент Ерсін Қалдыбек әкім­дікке кандидаттарға қойы­латын талаптар, ҚР Пре­зи­денті жа­нындағы Мем­ле­кеттік бас­қару академиясының магис­т­ран­ты Нариман Абай мәсли­хат депутаттарын кері шақы­рып алудың тәртібі мен рәсім­дері және ауылдық деңгейдегі сай­ланатын әкімдерге де қа­тыс­ты кері шақырып алу инс­ти­тутын енгізудің мүмкіндігі тура­лы сұ­ра­ды. Осы академия­ның та­ғы бір магистранты Ай­сана Ра­химова сайлаушы­лар­ға есеп­тен шығару куәліктерін беру рәсімін цифрландыруды ұсын­ды, студент Аяулым Әбу­бә­кірова сайлаушылардың элек­торалды белсенділігін арттыру жолдарына қатысты сұрақ қой­ды. Кездесудің белсенді қа­тысушыларына ОСК-ның 30 жыл­дығына орай шығарылған сайлау тақыры­бындағы ғылы­ми басылым­дар­дың көшірме­лері табыс етілді.

Кездесу соңында элек­торал­­ды күн тәртібінің негізгі мәсе­ле­лері, оның ішінде сайлау бел­­сен­ділігі, сайланбалы лауа­зымдарға кандидаттарға қойы­латын та­лап­тар, дауыс берудің элек­трон­дық және қашық­тық­тан нысан­дарын енгізу және бас­қа да мә­се­лелер бойынша жас­тар ара­сын­да дәстүрлі он­лайн-сауал­на­ма жүргізілді. Сауал­нама нә­ти­же­лері көр­сет­кен­дей, респон­дент­­тердің 46,2%-ы сотпен әре­кетке қабі­лет­­­сіз деп танылған азаматтар сай­­лауда және ре­фе­рен­думда да­­уыс бермеуі керек, ал 45,7%-ы – сот қылмыс жаса­ғаны үшін кі­нәлі деп таныған және бас бос­тандығынан айыру орын­дарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ еке­нін атап өтті.

Жастардың басым көп­шілігі (86,8%) прези­денттікке үміткер қазақ тілін білу үшін лингвистикалық ем­тихан тапсыруы керек деп санайды. Сауалнамаға қатыс­қандардың 67,1%-ы президент­тікке кандидаттарға елде тұру мерзімі бойынша, ал Парла­мент Мәжілісінің депутат­тығына – сайлау округінде тұру мерзімі бойынша қойылатын талаптарды қолдайды. 47% дәс­түрлі бюллетеньмен дауыс беру­ді жөн көреді. Сауалнамаға қатысқан сұхбаттасушылардың  55,1% толтырылған бюлле­те­нь­мен суретке түсуге (сел­фи­ге) тыйым салуды енгізу қажет деп санайды, ал 39,7% сайлау мен референдумдарда заң­бұзу­шылықтар мен манипу­ляция­лар себебінен интернет арқылы дауыс бермейтінін айтты. Рес­пон­денттердің 28,2%-ы сайлау мен референдумдарда мерзі­мі­нен бұрын (көпкүндік) дауыс беруді енгізуді қолдамайтыны белгілі болды.

Кездесу қорытындысында сту­дент жастар сайлаушылар ара­сында сайлау мәдениетін ар­т­тыру, ауылдар, кенттер, қа­лалар, аудандар әкімдерін, мәс­лихаттар мен Мәжіліс де­путаттарын сайлауға жас­тар­дың қатысуының маңыздылы­ғы және сайлау арқылы қоғам­дық-саяси таңдау жасаудың еркіндігі жөнінде мол мағлұмат алды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ