Міне, сол мұз жастанып, қар жамылған шайқастан 1 360 майдангер елге аман оралса, Жеңіс таңының 80 жылдығын Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылынан ардагер Рахымжан Мамыралиев қана қарсы алғалы тұр.
Рахымжан Сатыбалдыұлы 1925 жылдың 25 қаңтарында Әулиеата уезі Жамбыл колхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сатыбалды Мамыралиев іскер, сауатты кісі болған. Ол – «ауылнай» қызметін атқарып, ел үшін еңбек еткен азамат. Анасы Орынтай да хат таныған жан болғандықтан, пошта қызметінде хат-хабар таратушы болып жұмыс істеген. Рахымжанның анасы ат құлағында ойнап, шабандоз жігіттермен көкпар тартысатын қайсарлығы да болған.
Сол кезеңдегі кеңестік ұжымдастыру саясаты қай отбасына болмасын ауыр соққаны анық. 1928 жылы байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, елден жиналған азық-түлік Ресейге жөнелтілді. Осы науқан барысында 1930 жылы Рахымжанның әкесі Сатыбалды қарақшылар қолынан қаза табады. Осылайша, бес жасар Рахымжан жетім, ал анасы Орынтай жесір қалады. Бала Рахымжанның тағдырына жазылған сынақ мұнымен бітпейді. Голощекиннің Кіші қазан төңкерісі қазақ жерін жайлаған ашаршылыққа әкеледі. Ол кезде Рахымжан бар болғаны 7 жаста еді. Анасы әкеден қалған жалғыз тұяқты аман алып қалу мақсатында оны Михаиловка ауылындағы (қазіргі Байзақ ауданының орталығы) балалар интернатына өткізеді. Мемлекеттің қамқорлығымен ол 8 жылдық білім алып, сауат ашады. Ол тұста 8 жылдық білім алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін еді. Балалық шақтың бақыты бұйырмағандықтан, Рахымжан атамыз ерте есейіп, оқуда үздік жетістіктерге жетеді.
1941-1945 жылдары фашистік Германия мен милитаристік Жапония Кеңес Одағына қауіп төндірді. Ал 1943 жылы 18 жасқа толған Рахымжан Қиыр Шығыстағы Приморск өлкесіне қарулы күштер қатарына алынады. Ол зеңбірек бөлімінің командирі ретінде аға сержант шеніне ие болады. 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларына дейін Қиыр Шығыста жапон басқыншыларынан Приморск, Ворошилов қалаларын азат етуге қатысады. Бұдан бөлек, Қытайдың Маньчжурия өлкесі мен Корей түбегін жапон басқыншыларынан азат етудегі ұрыстарда болып, соғысты Кореяның Сеул қаласында аяқтайды.
1945 жылы Жеңіс таңын майдангерлермен бірге атырған ардагер жалғыз анасымен қайта қауышуға асығады. Алайда анасы 63 жасында дүниеден өтіп, оны қайта құшағына қысу бақыты бұйырмайды.
Әскерден 1951 жылы 11 қарашада елге оралған Рахымжан соғыстан кейінгі елді мекендердің еңсесін қайта тіктеуге белсене араласады. Жамбыл ауданында еңбек жолын бастап, 1953-1962 жылдары Ақкөл колхозында есеп бөлімінің бастығы қызметін атқарады. 1952 жылы қарашай қызы Кулимат Салпағаровамен жұбын жарастырып, Семей қаласында «Ет-сүт өнімдерін өңдеу технологі» мамандығын алып шығады. Оқудан кейін майдангер «Бірлестік-Еңбек» колхозында екі жыл, 1966-1971 жылдары Аса ауылында, ал 1971-1985 жылдары Фрунзе колхозында сүт қабылдау бөлімін басқарады. 1985 жылы зейнетке шығып, Жетібай ауылында құтты қоныс табады. Міне, содан бері де 40 жыл өте шығыпты.
Рахымжан қария мен Кулимат анамыз отбасылық өмірінде 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 24 немере, 35 шөбере сүйді. Алайда 2007 жылы Кулимат анамыз мәңгілік сапарға аттанып, Рахымжан атамыз тағы жалғыздықтың кермек дәмін татты.
Рахымжан ақсақал қан майданда болсын, бейбіт таңның күнінде жүрсе де үнемі алдыңғы қатарда болды. Елінің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан жан – «Еңбек Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жеңістің 40, 50 жылдығы медальдары», «Еңбек ардагері», «Қарулы Күштерге 70 жыл» төсбелгілері, «Соғыс ардагері» белгісі, бұлардан басқада әртүрлі деңгейдегі бірнеше марапатқа қол жеткізген майдангер.
– Елімізде ендігәрі соғыс өрті тұтанбай, бала жетім, ана жесір, отбасы ойран болмасын. Жастарға айтарым – қолда барды қадірлеп, бейбіт күнге тәубе етіңдер. Әкем мен анамды жастай жоғалтқан жанмын. Мен көргенді кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін. Аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай, – дейді Рахымжан Мамыралиев.
Рахымжан қария қазір кіші баласы Сапар мен келіні Нұризаттың қолында. Перзенттері әкелерінің бар жағдайын жасап, ғасыр куәсі атандырып отыр. Бүкіл саналы ғұмырын ел тыныштығын сақтау жолына арнап, өркендетуге арнаған майдангер күні ертең 100 жасқа толғалы отыр. Майдангер қарияға бақуатты ғұмыр тілейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы