Шараға Ұлттық ғылым академиясының академиктері, тіл саласының көрнекті өкілдері қатысты. Іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтай отырып, көптілді білім беру саясатын жетілдіруге, жаһандану үдерісінде әлем тілдерін тиімді меңгертудің жолдарын талқылауға бағытталған. Жиында ұлттық сана мен мәдениетті сақтау арқылы заманауи талаптарға сай көптілді тұлға қалыптастыру, жастардың әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті маман ретінде дамуына жағдай жасау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеруді негізгі басымдық ретінде айқындай отырып, шет тілдерін үйренудің артықшылықтары мен өзара байланысы да назардан тыс қалмады.
Іс-шараның салтанатты ашылуында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау жеделхатын оқыды. Сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры Сәлима Құнанбаева, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай және басқа да оқу-ағарту мен қоғамдық саланың тәжірибелі өкілдері арнайы видеоқұттықтау жолдап, ізгі тілегін жеткізді.
Жиынның кіріспе бөлімінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – Болат Тілеп отырыстың ғылыми мазмұнын айқындап, оның бағыт-бағдары мен көзделген міндеттеріне, күн тәртібіндегі маңызды түйткілдерге тоқталды.
– Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту мәселесімен қатар көптілділікті қатар алып жүру – өзекті мәселе. Себебі жаһанда бәсекеге қабілетті болудың ең басты талабы – тіл білу. Расында, адамның әлемдік тілдерді меңгеруі көптеген мүмкіндікке жол ашады. Біз осыған өз университетіміздің мысалында да көз жеткізіп отырмыз. Дәлірек айтсақ, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнату, университеттер арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру ісі ең алдымен тіл мәселесіне келіп тіреледі. Қазір Абай университетінде білім бағдарламаларының 80 пайызы қазақ тілінде оқытылады. Дегенмен біз осыған қарамастан алдымызға ағылшын, француз, қытай тілі топтарын көбейту міндетін қойдық. Бұл шет тілдерін мемлекеттік тілден биік қою деген сөз емес, керісінше, әлем тілдерін меңгеру арқылы халықаралық жоғары білім кеңістігіне ену. Қазақ халқының біртуар перзенті Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» дейді. Шын мәнінде, ана тілін жетік білген баланың өзге тілдерді де тереңірек меңгере алатыны ғалымдар тарапынан дәлелденген, – деді ректор.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев көптілді тұлға қалыптастыру үдерісінде жастардың ана тілін меңгеруі – оның тілдік құзыреттілігін арттырып қана қоймай, іскерлік қарым-қатынас тілін дамытып, қоғамның лингвистикалық, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосатынын алға тартты. Одан өзге, академик мемлекеттік тілді меңгертуде басты құралға ие – оқулықтардың маңызына назар аударды.
– Жаңартылған білім мазмұнында оқушыларымыз ұлттық сипатта дайындалған отандық төл оқулықтарымыздың негізінде білім алуды жалғастырып жатыр. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындаудың жүйесі де бір қалыпқа түсіп келеді. Талай сарапшылардың талқылауынан өткен тақырыптың мазмұны бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Осының арқасында қазіргі оқулықтар ақпарат берумен ғана шектелмей, оқушылардың өз бетінше ізденуіне жол аша бастады. Білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертудің түпкі мақсаты – оқушы білім алып қана қоймай, өз пайдасына жарата білуі қажет. Демек, жастарымыздың мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қоғамдағы қарым-қатынаста қолдана алу дағдысына машықтануды мықтап қолға алу – мемлекеттік маңызы мол мәселе екенін ұмытпауымыз керек, – деді ол.
Одан бөлек, жиында белгілі полиглот-ғалымдар Зейнеп Базарбаева, Ерден Қажыбек, Фаузия Оразбаева, Танат Аяпова, Ертай Сұлтан, Жаңалық Балтабаева, Қалбике Есенова, Алтыншаш Құрманәлі ғылыми әріптестікті дамытуға негізделген ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара аясында «Қазақша орысша-ағылшынша-түрікше тілдесім» жинағы, «Қазақша-түрікше, түрікше-қазақша лингвистикалық терминдер сөздігі», «Қазақша-орысша-ағылшынша жаңа қолданыстар сөздігі» және «Түрік тілінің грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің неологиясы мен неографиясы» атты оқу құралдары мен «Қазіргі қазақ қоғамының тілдік контенті» атты ғылыми монография оқырман назарына ұсынылды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы