Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразимен қоштасу үшін жақындары мен зиялы қауым өкілдері Астана орталық мешітіне жиналды.
Оқырман Әкім Таразиді «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты
Фото Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды
1,347
оқылды

Астана орталық мешітінде қазақтың көрнекті қайраткері, жазушы Әкім Таразимен қоштасу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Онда Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айту хатын оқып берді.

«Аса көрнекті жазушы, драматург, Еңбек Ері Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты.

Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзіқарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген Президенттің көңіл айтуында.

Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысы Әкім Тарази шығармашылығына әрқашан ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті. Осыдан бірер жыл бұрын елі алдындағы еңбегі  үшін жазушыға «Еңбек Ері» атағы берілген еді.

Ерлан Қошанов Әкім Таразидың артында қалған мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық боларын айтты.

Қоштасу рәсіміне жазушының туған-туыстары мен жақындары, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы мен мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің шығармашыл зиялы қауымы қатысты.