Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ассамблея отырысына қатыстық. Президент ҚХА-ның жұмысы жыл сайынғы сессиялармен шектелмейтінін атап өтті. Ассамблея Кеңесінің отырыстары тұрақты өтіп тұрады, Президент Әкімшілігі жанындағы ҚХА Хатшылығы белсенді жұмыс атқаруда. Барлық өңірлерде Достық үйлері мен «Қоғамдық келісім» мекемелері халықпен тығыз байланыс орнатуда.
Ассамблея құрамындағы 4 мыңнан астам қоғамдық ұйым жалпыұлттық маңызды мәселелерге ел азаматтарын кеңінен тартып отыр.
Президент ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталып, бұл құрылымдар Ассамблеяның әлеуетін жаңа сапада пайдалануға жол ашатынын айтты.
Сондай-ақ «Ассамблея жастары» қозғалысы, Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы мен «Жаңа толқын» жобасы – жастар арасында патриотизм, адалдық пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеп келеді.
Бүгінде ҚХА мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде 15 мыңнан астам іс-шара өткізіп, 1 миллионға жуық азаматты қамтыды.
«Тағы бір мәселе. Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.
Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады» деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы», – деді Президент.
Бірлігіміз бекем, болашағымыз баянды болсын!
Ұлықбек Тұмашынов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі