Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі қоғамымыздың дамуындағы басты қағидалар – Бірлік, Келісім және Әділеттілік екенін тағы бір рет айқын дәлелдеді.
Президент 30 жыл бойы атқарылған ауқымды жұмысты жоғары бағалап, Ассамблеяның тек кеңесші орган ғана емес, бүкіл қоғамды біріктіретін қоғамдық келісім инфрақұрылымы екенін ерекше атап өтті. Саяси реформалардың нәтижесінде Ассамблея жаңа серпін алып, ел бірлігін нығайтудың нақты құралдары қалыптасты:
- ҚХА ұсынған Сенат депутаттары;
- «Бір ел – бір мүдде» парламентаралық тобы;
- Ұлттық құрылтай жұмысына белсенді қатысу.
ҚХА – 4 000-нан астам ұйым, жүздеген мың белсенді азамат, ондаған мың іс-шара. Бұл – өңірлердегі жүйелі жұмыс, Достық үйлері, ақсақалдар мен аналар кеңесі, белсенді жастар, этномедиация, ғылыми сараптама және мәдени бастамалар. Бұл – тарихқа, еңбекке және этникалық ерекшелігіне қарамастан, әр адамға деген құрмет. Бұл – Әділетті Қазақстанның символы.
Мемлекет басшысы нақты ұстанымдарды атап өтті:
- ешқандай дискриминацияға жол жоқ;
- этносаралық тақырыпты саясиландыруға болмайды;
- арандатушылар мен манипуляторларға ешқандай мүмкіндік берілмейді.
Оның орнына – патриотизм, конструктив, құрмет пен даму.
Біздің міндетіміз – қазақстандық бейбітшілік пен келісім моделін сақтап, нығайтып, әрі қарай дамыту. Ғаламдық тұрақсыздық жағдайында бұл жай ғана жол емес, бұл – миссия.
Президент дұрыс айтты: біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Бұл – біздің басты құндылығымыз.
Мемлекет басшысының бағытын қолдап, мықты, әділетті және біртұтас Қазақстанның болашағы үшін бірге еңбек етейік!
Дәулет Тұрлыханов, Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі