Мемлекет басшысы Сенаттың бес депутатын ҚХА Кеңесінің ұсынысымен тағайындайды.
Ассамблея бірлік пен берекенің шынайы символына айналды – Мәулен Әшімбаев
588
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы өтті. Бұл жиынның бұрынғылардан мәні мен маңызы зор. 

Себебі биыл Ассамблеяның құрылғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, осы уақыт ішінде Ассамблея бейбітшілік пен келісімнің және бірлік пен берекенің шынайы символына айналды. Сондай-ақ  этносаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің берік негізі ретінде қалыптасты.

Жалпы, Ассамблея консультативтік құрылымнан конституциялық мәртебесі бар негізгі қоғамдық-саяси институттардың біріне дейінгі жолдан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Сенаттың бес депутатын ҚХА Кеңесінің ұсынысымен тағайындайды. Парламентте «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылғанын да атап өткен жөн. Одан бөлек, Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мұның бәрі ҚХА-ның жоғары институционалдық мәртебесін айшықтай түседі және институттың қоғамдық келісім бағытындағы мемлекеттік саясатқа қосқан үлесін айқын көрсетеді.

Сессия барысында Мемлекет басшысы Ассамблея мүшелері атқарып келе жатқан күнделікті жұмыс қажырлы әрі жауапты еңбек болса да көбіне назардан тыс қалатынын, алайда оның стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Өткен жылдың өзінде Ассамблея еліміздің барлық өңірінде миллионға жуық адам қатысқан 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды.

Сондай-ақ Президентіміз ҚХА-ның кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеу бағытындағы миссиясына ерекше тоқталды. Сенат пен мәслихат депутаттарының жұмысшы мамандық өкілдеріне құрмет көрсету аясындағы белсенді рөліне де баса мән берілді. Бұл бастама қоғамда үлкен қолдауға ие болғаны белгілі. 

Мемлекет басшысы айтқандай, осы игі істі алдағы уақытта жасампаз жұмыс пен еңбек адамдарына деген құрметтің жаңа дәстүріне айналдыруға мол мүмкіндік бар.

Президентіміз Ассамблея жай қоғамдық құрылым емес, мемлекеттіліктің маңызды тіректерінің бірі екеніне баса айтты. Осыған байланысты ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді. Жаңа құжатта қазақстандық қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыруға, барлық этникалық топтың үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ, этносаралық салада мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құруға арналған қағидаттар көрсетілуге тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы этносаралық саясатта қолданыстағы ұлттық және өңірлік бағдарламаларды кешенді талдау, өңірлерде ҚХА-ның рөлін күшейту және толеранттылық пен диалог мәдениетін қалыптастыруға арналған «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейту қажет екенін атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық саясат стратегиясын қалыптастыратын және осы аса маңызды саладағы барлық мемлекеттік және қоғамдық қызметке мазмұнды бағыт-бағдар әзірлейтін зияткерлік әрі ұйымдастырушылық штабқа айналуы керек.

Сессия кезінде теңдік пен әділеттіліктің негізгі қағидаттарына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктері тең. Бұл Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені анық.

Сондай-ақ Президентіміз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстау, әрдайым байыпты және жан-жақты зерделенген қадамдарды басшылыққа алып, нақты жағдайға назар аудару керек екенін айтты.

Тіл мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Елімізде азаматтар күнделікті өмірде бір-бірін «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Оған ешкімнің құқығы жоқ. Ал тіл арқылы қоғамда алауыздық туғызғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның мәдениеттер мен діндердің жаһандық диалогын ілгерілетудегі рөліне де тоқталып өтті. Қазіргі шиеленіскен халықаралық қайшылықтар, өзара сенімнің азаюы және экстремистік пиғылдың артуы әлемнің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Осындай жағдайда халықтар арасындағы түсіністікті нығайтуды көздейтін жасампаз бастамалардың маңызы арта түседі.

Осы орайда Президентіміз Қазақстан 20 жылдан астам уақыттан бері түрлі діндер өкілдерінің ашық диалог алаңы ретінде жаһан жұртына озық үлгі көрсетіп келе жатқанын айтты. Биыл күзде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтетіні белгілі. Бұл – дінаралық және мәдениетаралық диалог пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін аса маңызды халықаралық оқиға.

Мемлекет басшысы рухани дипломатияны дамыту мәселесі де айрықша маңызға ие екенін айтты. Мұндай қадам халықаралық қатынастарда сенімсіздікті еңсеруге және адамгершілік идеяларды ілгерілетуге жол ашады. Сондай-ақ адамзаттың игілігін көздейтін маңызды әрі дұрыс шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Бұл ретте тікелей қарым-қатынас пен өзара іс-қимылға негізделген халықтық дипломатияның әлеуетін де белсенді пайдаланудың берері мол.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы этникалық әралуандылық – біздің ортақ игілігіміз және стратегиялық артықшылығымыз екеніне тағы да бір баса мән берді. Бірлік, сенім, құрмет және жауапкершілік – ішкі тұрақтылық пен келісімді нығайтатын, сондай-ақ  Қазақстанды жүйелі дамытуға арналған саясат қалыптастыратын мызғымас қағидаттар. Осы басымдықтарды қоғамда берік орнықтыру жолында бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз қажет.

Президентіміз Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, бірлік пен ынтымақ қана біздің сенімді түрде ілгері жылжуымызға, елдік мүддені қорғауға және қуатты мемлекет құруға жол ашатынын айтты.

Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға белсенді қатысады. Сондай-ақ сенаторлар елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және Әділетті әрі дамыған Қазақстан құруға қажетті заңнамалық база қалыптастыру жолындағы кешенді жұмысты жалғастыра береді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.