Кеңеске төрағалық етуші – Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы бүгінгі кеңестің басты тақырыбын жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалардың іске асуы мен нәтижелері жайында сөз қозғады.
– Өздеріңіз білетіндей, бүгінде жастарға арналған түрлі тұрғын үй бағдарламалары болғанымен, оларды толықтай баспанамен қамтамасыз етіп отырған жоқ. Бұрын жастардың жоғары шегі 29 жас болғанда да, қазір 35 жастағыларда да баспана мәселесі шешілмеген. Әрине, мемлекет тарапынан ештеңе істелмей жатыр, қу тізесін құшақтап отыр деп айтуға келмейді. Десе де, атқарылып жатқан міндеттемелердің кем-кетігі аяқтан орап жатқанын мойындау керек, – деді Нартай Аралбайұлы.
Оның айтуынша, әр өңірде өздерінің жастарына арналған түрлі тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, жастарды баспанамен қамтуға жергілікті бюджеттің әлеуеті жетпей жатыр. Сондықтан сол жақтағы жастар өңірдегі тұрғын үй бағдарламасын орталық бюджеттен қаржыландыруын сұрағанын жеткізді.
– Дегенмен республикалық бағдарламаның өзін ауыз толтырып айтатындай дүние жоқ. «Отбасы банкінің» мәліметі бойынша, «7-20-25» бағдарламасына 2024 жылы ипотека алушылардың тек 12 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екен. Бұл – жастардың тұрғын үйдің алғашқы жарнасы, 20 пайызын жинай алмайтынын көрсетіп отыр. Оның үстіне, тұрғын үй бағасы күннен-күнге қымбаттап отыр. Астанада 15-20 миллион теңге шамасында белгіленсе, Алматыда 30 миллион теңгенің төңірегінде басталып тұр. Ал бұған біздің азаматтарымыздың табысы жетпейді, – деді Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы.
Бүгінгі жиынға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рақымжан Ержанов, «Отбасы банкі» басқарма төрайымының орынбасары Матай Жансұлтан Орынбекұлы және жиырма шақты өңірден кеңестің мүшелері мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларының әкімі орынбасарлары, Мәжіліс депутаттары қатысты.