Таяуда еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ЖОО студенттері арасында «6В012 – Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиада мәресіне жетті. Жыл сайын дәстүрге айналған білім додасы студенттердің практикалық тұрғыда білімін жетілдіруге, олардың академиялық білімін әрі қарай дамытуға, химия саласында білімі мен білігі мол маман даярлауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы зияткерлік бәсекеге еліміздің 18 жоғары оқу орнынан 36 білім алушы қатысты.
Олимпиада ережесі бойынша, жарыста қай университеттің командасы жеңімпаз атанса, келесі жылы олимпиаданы өткізу эстафетасы жеңімпаз атанған оқу орнына тапсырылады. Былтыр химия пәні бойынша республикалық пәндік олимпиада Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өткен еді. Бұл сайыста Абай университетінің студенттері жекелей және командалық есепте жүлделі 1-орынды қоржынына салып қайтыпты. Химия кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Жазира Мұқатаева биылғы олимпиаданы ұйымдастыру барысында қатысушыларға арналған есептер білім беру бағдарламасына сәйкес құрастырылғанын, сондай-ақ халықаралық стандарттар ескерілгенін алға тартты.
– Олимпиада жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Аталған жарысты өткізудегі басты мақсатымыз – «Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша білікті мамандарды әзірлеу, олардың кәсіби құзіреттілігін жетілдіру, білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сонымен қатар студенттердің оқу үдерісі мен болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыру. Жарыс екі тілде өтеді. Олимпиада тапсырмалары Ғылым және жоғары білім министрлігімен мақұлданған. Иә, олимпиада тапсырмаларының талабы мен деңгейі жоғары. Біз барынша құпиялықты сақтауға мән береміз, – деді Жазира Сағатбекқызы.
Сонымен екі күнге созылған олимпиадада командалық нәтиже бойынша жүлделі 1-орын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің еншісіне бұйырса (жалпы балл 140,2), 2-орынға Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (жалпы балл 91,65) мен Астана Халықаралық университеті (жалпы балл 84,55), 3-орынға Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті (жалпы балл 82,3), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті (жалпы балл 72) және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен келген студенттер (жалпы балл 71,5) иеленді.
Қайсар Бекбулат – Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 4-курс студенті. Ол биылғы олимпиадада студенттердің жекелей нәтижесі бойынша 1-орынды қанжығасына байлады. Бұл бәйге Қайсардың алғашқы олимпиадасы емес. Осыған дейін ақтаулық студент білім бәйгесінде қатарынан екі мәрте бағын сынап көрген.
– Мен биылғы олимпиадада үшінші мәрте бағымды сынап жатырмын. Химия ғылымдарына деген қызығушылық 7-сыныпта оқып жүрген уақытта басталды. Мектеп оқушысы кезімде түрлі олимпиадаларға қатыстым. Осы жылғы олимпиаданың басты артықшылығы, есептердің ішінде арнайы пунктер көрсетілген. Бұл дегеніміз, тапсырманы орындап отырған қатысушы есепте нақты не сұрап тұрғанын біле алады. Осыған қарай студент есеп шығару барысында өзінің қанша ұпай жинағанын біліп отырады. Сондықтан студенттің жұмысы қазылар алқасының қалауымен емес, есептердің пунктеріне қарай бағаланады деп ойлаймын, – деді Қ.Бекбулат.
Ал олимпиадаға Астана қаласынан арнайы келген Нұрлан Каиров студенттердің жекелей нәтижесі бойынша 2-орынға табан тіреді. Астана Халықаралық университетінің 4-курс студенті бүгінде оқудан бөлек, балаларға сабақ берумен айналысады. Бір қызығы, студент екеніне қарамастан Нұрланның педагогикалық тәжірибесі де аз емес көрінеді.
– Биыл олимпиадаға үшінші рет қатысып жатырмын. Осыған дейінгі екі жарыста да қатарынан 2-орын алдым. Былтырғы жылдармен салыстырсақ, осы жылы олимпиада есептерінің деңгейі орташа әрі қызығырақ болды. Егер студент жарысқа жақсы дайындықпен келсе, есепті қиналмай шығара алады. Болашақта өзімді химия және педагогика саласынан көргім келеді. Себебі мектеп оқушысы кезінен бастап-ақ осы салаға қызығушылығым ерекше. Биыл химия саласымен айналысып келе жатқаныма он жыл болады екен, – дейді талапты студент.
Сондай-ақ студенттердің жекелей нәтижесі бойынша Жиенбаева Гүлнұр (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) 2-орынмен марапатталса, Пердебай Берік (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Полищук Артем (Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті), Галиева Зарина (Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті) жүлделі 3-орынға тұрақтады. Марапаттау салтанатының соңында қатысушылар мен олардың ұстаздары мұндай зияткерлік жарыстар жастардың таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанда болашақ жас ғалымдардың қалыптасуына жол ашатынын жеткізді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.