Өндіріс орындары Индустрия 4.0 технологияларын – өндірістік интернет жүйесін, жасанды интеллектіні және автоматтандыруды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл жаңашылдықтар өнімділікті арттыруға, шығындарды азайтуға және инновацияны жеделдетуге бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай мұнай-химия өнімдері мұнайға деген жаһандық сұраныс өсімінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етпек.
Осы үрдісті басшылыққа ала отырып, әлемдік көшбасшылар – Saudi Aramco, BASF, Sinopec және СИБУР компаниялары – автоматтандыру мен интеллектуалды басқару жүйелеріне қомақты инвестиция салып келеді. Олар ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі жолы ретінде цифрлық шешімдерді көреді.
Saudi Aramco жасанды интеллект пен IoT-сенсорларды біріктіру арқылы жабдықтардың жұмыс сенімділігін арттырып, энергия тұтынуды 18%-ға төмендетті және техникалық тексеріс уақытын 40%-ға қысқартты. Сонымен қатар, Aramco Digital бөлімшесінің құрылуы компанияның цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, өндірістің жаңа буын шешімдерін дамыту үдерісін жеделдетті.
BASF өндірістік процестерді бұлтты платформаларға біріктіру және нақты уақыттағы деректерді талдау арқылы цифрлық экожүйе қалыптастырып отыр. Бұл тәсіл зерттеу мерзімдерін қысқартуға, жаңа өнімдерді нарыққа шығару уақытын едәуір жеделдетуге және жеткізу тізбектерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, өндірістік шығындар да төмендетілді.
Sinopec Қытай мұнай-химия өнеркәсібіндегі цифрландыру стандарттарын қалыптастыруға бағытталған. Ақылды зауыттар құру, автоматтандырылған қоймалар мен 5G желілерін пайдалану нәтижесінде компания өндірістік тиімділікті арттырып, жеткізу тізбегінің тұрақтылығын күшейтті.
СИБУР компаниясы Ресейде цифрлық өзгерістерді белсенді түрде жүргізуде. 2024 жылдың соңына қарай бизнес-процестерді автоматтандыру мен озық IT шешімдерді енгізудің арқасында 50 миллиард рубльден астам экономикалық нәтиже алды. Сауда платформаларын цифрландыру жаңа нарықтарда клиенттерді тартуға және табысты ұлғайтуға септігін тигізді.
Қазақстан да цифрлық дәуірге ілесуде. Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI Inc.) компаниясы іске қосылғаннан бері өндірістік процестерді заманауи цифрлық шешімдермен қолдап келеді. Соның нәтижесінде логистика мен өнім өңдеу жылдамдығы артты. Ал полипропилен өндірісіндегі жетістіктердің арқасында ішкі нарықтағы импорт үлесі 2022 жылғы 63%-дан 2024 жылы 17%-ға дейін қысқарды. Сонымен бірге, компания өнім ассортиментін 11 маркаға дейін кеңейтіп, 2025 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 500 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бүгінде мұнай-химия саласындағы цифрландыру – дамудың ажырамас бөлігіне айналды. Saudi Aramco, BASF, Sinopec және СИБУР тәжірибесі көрсеткендей, интеллектуалды шешімдерге салынған инвестициялар тиімділікті арттырып, шығындарды азайтуға және инновацияларды жылдамдатуға ықпал етеді. Қазақстанның KPI Inc. сияқты компаниялары да осы бағытта табысты қадамдар жасап, әлемдік технологиялық көштен қалмай келеді.