Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов заңсыз, астыртын әкелінетін контрафактілік тауарлардың көбейіп, онлайн сатушылардың заң аясында жауапқа тартылмайтынын сөз етті.
Заң бойынша онлайн сатушыларға қатысты жауапкершілік айқын көрсетілмеген – Нұрсұлтан Байтілесов
443
оқылды

– Бүгінгі депутаттық сауалдың себеп болып отырған – Қазақстан Республикасының аумағына «сұр» схемалар арқылы, яғни заңсыз, астыртын әкелінетін контрафактілік өнімдер мен тауарлардың көбеюіне байланысты қалыптасқан қауіпті жағдай. Бұл мәселе қарапайым тұтынушылардың, адал кәсіпкерлердің және мемлекеттің мүдделеріне елеулі зиян келтіруде.

Жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, контрафактілік және контрабандалық тауарлардың кеңінен таралуы қолданыстағы заңнамалық базаның, әсіресе сауда саласын реттеуге қатысты бөлігінің, цифрлық дәуір талаптарына сай келмеуімен тығыз байланысты. Қазіргі заңдар интернет-сауданың, маркетплейстер мен әлеуметтік желілердегі сауданың қарқынды дамуын толық қамти алмай отыр.

Қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасы дәстүрлі бөлшек саудаға бағытталған. Ал қазіргі нарықта тауарлардың едәуір бөлігі онлайн-алаңдар арқылы жүзеге асырылады. Заңда маркетплейстердің сатушыларға қатысты жауапкершілігі айқын көрсетілмеген. Контрафактілік өнімдер сатылып жатқан жағдайларда тұтынушы мен құқық иесінің заң жүзінде өз құқығын қорғауы қиынға соғады.

Маркетплейстерде сатушы туралы заңды ақпарат (атауы, мекенжайы, БСН) көрсетілмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, дәстүрлі бөлшек саудада сатушы заңды атауын және заңды мекенжайын көрсетуге міндетті болса, маркетплейстердегі сатушылар тауар карточкаларында көбінесе тек телефон нөмірі  мен фирмалық атауға сәйкес келмейтін атау ғана көрсетіледі. Бұл мәліметтердің болмауы сотқа жүгіну мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты, маркетплейстерді сатушылар туралы толық ақпаратты жариялауға міндеттеу және тұтынушылар мен құқық иелеріне таңдау құқығын – сотқа не сатушыға, не маркетплейске жүгіну құқығын беру қажет деп санаймыз.

Тауар таңбасын пайдалану туралы заңнамалық анықтаманы нақтылап, оны цифрлық орта талаптарына бейімдеу қажет. Қазіргі таңда тауар таңбалары көбінесе заңсыз түрде интернет-дүкендерде, домендік атауларда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ қызмет көрсету барысында кеңінен қолданылады. Құқық иелеріне заңсыз пайдаланылған таңбаларды жоюға, сондай-ақ заңсыз атауларды тіркеуден алып тастауға заңды құқық беру қажет.

Мұндай заң тетіктерін енгізу тұтынушыларды жаңылыстырудың жолын кесуге, интернет-алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тауар таңбаларын қорғау және контрафактілік өнімдермен күресудің тиімді механизмдерінің болуы – инвестициялық  тартымдылықтың маңызды көрсеткіші.  Жоғарыда айтылғандардың негізінде кәсіпкерлік ортаның сапасын арттыру, интернет желісіндегі сауданы реттеу және контрафактілік өнімді өткізуге қарсы күрес мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғауымыз тиіс. Ол үшін электронды  сауда алаңдарында сатушылар туралы толық заңды ақпаратты орналастыру туралы міндеттемені көздеуге, ал бұзылған жағдайда өз сатушыларының әрекеттері үшін маркетплейстердің әкімшілік және мүліктік жауапкершілігін тарту қажет. Екіншіден, тіркелген тауар белгілерінің заңды иелеріне интернет-ресурстардың, маркетплейстердің, электронды  сауда алаңдарының иелерінен заңсыз пайданалатын тауар белгілерін алып тастауды талап етуге құқылы етсе. Үшіншіден, тұтынушылар мен құқық иелерінің құқықтары бұзылған жағдайда жосықсыз сатушыларға да, маркетплейстерге де сот арқылы талап қою құқығын бекіту қажет, – дейді депутат.